Ғази Мұстафа Кемал Ататүрк

4 Тамыз 2014, 12:47

Ғази Мұстафа Кемал Ататүрк – Түркия Республикасының тұңғыш Президенті. Ол 1881 жылы Османлы империясының Селаник қаласында дүниеге келген.

Ғази Мұстафа Кемал Ататүрк – Түркия Республикасының тұңғыш Президенті. Ол 1881 жылы Османлы империясының Селаник қаласында дүниеге келген. Әкесі — Әли Рыза Ефенді, анасы — Зүбейде ханым. Ғази Мұстафа Кемелдің бүкіл саналы ғұмыры өз Отанының тәуелсіздігі мен тұтастығы, ана тілі мен ұлттық мәдениетінің дамуы жолындағы күреске арналды.

1920 жылғы наурыз айында Түрк Республикасының өмірінде үлкен тарихи оқиға орын алды, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісі құрылды. Оның төрағасы болып Ғази Мұстафа Кемел сайланды. Мәжіліс Түркия өз алдына жеке тәуелсіз республика болуға тиіс деген шешім қабылдады. Ғази Мұстафа Кемел Ұлы Ұлттық Мәжілістің қарауына «саяси, экономикалық, әкімшілік және әскери мәселелерді қамтитын басқаруды жүзеге асыру бағдарламасын» ұсынып, алғаш рет «Түрк мемлекеті» деген ұғым енгізілді. Осылайша Османлы мемлекетінен мүлдем бөлек, жаңа геосаяси субъекті дүниеге келіп, ол заңды тұрғыда бекітілді. Бүкіл Түркия халқы Ғази Мұстафа Кемелдің саясатын толық мақұлдап, оған жан-жақты қолдау көрсетті. Бұл Ғази Мұстафа Кемелдің Түркия елінің басшысы, ірі мемлекет қайраткері ретінде тарих сахнасына шығуы болатын.

1923 жылғы 2 қазанда Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісі тәуелсіз Түркия республикасының құрылғанын жариялап, оның астанасы Анқара қаласы болып бекітілді. Сол жылдың 10-шы қазанында Ғази Мұстафа Кемел Түрік Республикасының джумһурбашқаны, яғни президенті болып сайланды. Осылайша өмірге жаңа Түркия Республикасы келіп, оның құрылғандығы 1923 жылғы 29 қазанда ресми түрде жарияланды. Бір жыл өткен соң Түрк Республикасының Ата заңы қабылданды. Ғази Мұстафа Кемел Түркия республикасының президенті қызметіне 1927, 1931 және 1935 жылдары сайланған болатын.

2009 жылдың 8 қазанында Қазақ елінің бас қаласы Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ғази Мұстафа Кемел Ататүрктің ескерткішін ашқан болатын. Ескерткіш орналасқан саябақ «Ататүрк саябағы» деп атала бастады. Бір сөзінде, Елбасы Ататүрк туралы былай деген еді: «Мұстафа Кемел Ататүрк Түрк Республикасының негізін қалаушы, түрк ұлтының қайта өрлеуін жүзеге асырушы, мемлекет басқарудың ерекше үлгісін көрсете білген дарынды тұлға ретінде әлемге танымал. Ататүрктің мемлекет,

қоғам жөніндегі өміршең идеялары бүгінге дейін өзіне тән ерекшеліктерімен әспеттеліп, әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Мұстафа Кемел Ататүрк ұлтын шексіз сүйген ұлы қайраткер ретінде мемлекет тарихында, ұрпақтар жадында мәңгі қалды».

Бөлісу: