Қажым Жұмалиев туралы бірер сөз

1 Шілде 2015, 06:23

Ақжайық өңірі қашанда даналар мен таланттарға, билер мен батырларға кенде болып көрген емес.

Ақжайық өңірі қашанда даналар мен таланттарға, билер мен батырларға кенде болып көрген емес. Тек осы өлкеге ғана емес барша қазақ жұртының мақтанышына айналып, құрметіне бөленген тарихи тұлғаларымыз қаншама. Солардың бірі академик, филология ғылымының докторы, профессор – Қажым Жұмалиев.

Қажым Абайдың өмірі мен шығармашылығына кең талдау жасады. Абайдың қазақ әдебиетіндегі орнын, тарихи еңбегін, қазақтың әдеби тілін қалыптастырудағы қызметін жан-жақты қарастырды. Оның тілінің бейнелік сипаттарын зерттеді.

Қажым – шын ұстаз, ғалым ұстаз еді. Ұстаздар да әр түрлі ғой. Қажым – бүкіл өзінің тумысымен, табиғатымен ақын жанды, бары болса шәкірттеріне аямай беретін, одан іркері болмайтын, әдебиетті жанындай сүйетін жан болатын.

С.Қирабаев

Еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, әрі ақын, әрі драматург Қажым Жұмалыұлы Жұмалиев 1907 жылы Орал облысы, Қаратөбе ауданы, Аққозы ауылына қарасты «Жалғыз ағаш» деген жерде дүниеге келген болатын.

Алғашқы сауатын ауылдық мектептен ашқан. Ол 1923 жылы Орынборға келеді. 1925 жылы Орынбордағы «Ересектер мектебін» бітіргеннен кейін Шымкенттің ауылшаруашылық техникумына түсіп, онда 1929 жылға дейін оқиды. Бірақ ол техникумды бітірмей-ақ 1929 жылы Алматыға келіп, Абай атындағы педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетіне оқуға түседі. Оны 1932 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.

Қажым Жұмалиев – қазақтың әдебиеттану ғылымындағы тұңғыш кандидат, тұңғыш доктор. Қазақ ССР Ғылым академиясы ашылғанда тұңғыш сайланған корреспондент мүшесі. 1966 жылдан оның академигі. Ол үлкен ғалым ретінде республикада әдебиет кадрларын даярлауда өлшеусіз еңбек сіңірді.

Қажым Жұмалиев көп қырлы кісі: ғалым, жазушы, ұстаз. Ол өзінің өзге қырларымен қатар, ұстаздық қызметке қырық жылға жуық ғұмырын жұмсаған екен. Бұл, мүмкін, оның өзге қызметіне (мәселен жазушылығына) қажет уақытына біраз қиянат жасаған-ды.

Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Бірақ бұған өкінбеу керек. Жер үстінде Адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Ұстаздық ұлы нәрсе.

З.Қабдолов

1932 жылы Қазақтың Халық ағарту министрлігі Қажым Жұмалиевті Орал қаласында жаңадан ашылған педагогикалық институтқа оқытушы етіп жіберді. Қажым Жұмалиев бұл институтта 1932 жылдан 1937 жылға дейін ауыз әдебиетінен, қазақ әбедиетінің тарихы мен әдебиет теориясынан лекциялар оқиды.

1937 жылы Наркомпростың шақыруымен қайтадан Алматыға келіп, Абай атындағы педагогикалық институттың қазақ әдебиеті кафедрасына оқытушы болып орналасады. Сол жыл өзі жұмыс істеп жүрген қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады. Содан өмірінің соңына дейін үзбестен отыз жыл бойы сол кафедраның меңгерушісі болып істейді.

Қажым Жұмалиев 40 жылдардан бастап көбінесе әдебиет ғылымымен айналысады. Оның күрделі әдеби зерттеу еңбегі – «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» монографиясы. Қажым Жұмалиев екі томдық қазақ эпосы мен әдебиеті тарихының мәселелерін көтерген «Стиль – өнер ерекшелігі» кітабын жазды.

Қажым Жұмалиев республика орта мектептерінің оқушыларына және оқу орындарының филология факультеттерінің студенттеріне арнап бірнеше оқулықтар шығарды.

Негізінде, Қажым Жұмалиев әдебиетке өлеңмен келген қаламгер. Ал, оның әдебиет сүйер қауым арасында атын шығарған туындысы «Ерғожа мен Егізбай поэмасы» болатын.

Қорыта айтқанда, Қажым Жұмалиев идялық-көркемдік және эстетикалық-әлеуметтік мәні мен мазмұнын жарқырата көрсетуге күш салды. Ол туған әдебиетімізде өзіндік мектебі, мәнері, шәкірттері бар қаламгер.


Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы

Бөлісу: