29 Тамыз 2014, 12:33
ҚАЖЫМҰҚАН, Мұқан Мұңайтпасұлы [1883 ж. (бұрынғы деректерде 1871 ж. деп жазылып келді) Ақмола обл. Қараөткел а. – 12.8. 1948, Оңт. Қазақстан обл. Темірлан а.] – французша және еркін күрестерден көптеген халықаралық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы; әлемдік спорт аренасына шығып, шет елдердегі жарыстарда атақ-даңққа бөленген тұңғыш қазақ. Оның палуандық жолы 1901 ж. басталады. Омбы қ-нда жаңадан ашылған циркте орыстың тұңғыш кәсіби палуандарының бірі И.Злобинмен белдеседі. Қазақ баласының ерен күшін көрген ол Мұқанға Петербургтегі күрес мектебіне түсуге кеңес береді. Сөйтіп, Мұқан палуандар арасында “Ваня ағай” деген атпен әйгілі болған Иван Владимирович Лебедевтің күрес мектебіне 1903 ж. оқуға түсіп, екі жыл оқиды. Мұқан алғашқы ірі табысқа 1908 ж. жетті. Германияның Кельн қ-нда өткен жарыста шешуші белдесуде немістің атақты палуаны Генрих Веберді жеңіп, бірінші рет әлем чемпионы болды. 1909 ж. Рига қ-нда дүние жүзінің атақты палуандары қатысқан үлкен жарыста бас бәйгені жеңіп алды. Ал 1910 ж. Варшавада өткен халықар. жарыста кіші алтын медальға ие болды. Осы жылы Америкаға сапар шекті. Дүние жүзінің чемпионы ресейлік Иван Шемякин екеуі барды. Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қ-нда еркін күрестен өткен жарыста үлкен медаль алып қайтты. Бұл бәсекелерде Мұқан жарысты ұйымдастырушылардың ұйғаруымен бірде “жапон Ямагата Муханура”, енді бірде “Муканов-Муханура” болып күресіп жүрді. 1911 ж. Түркияға барып, Стамбұлда түріктің атақты палуаны Нұрлыны жыққаны үшін “қажы” атағы беріліп, Қажымұқан атанды. Палуандарға арналған “Геркулес” журналында сол кезде “Палуандық асқан қасиеті үшін оған “қажы” есімі берілді. Бүкіл дүние жүзіне атағы жайылған палуан Муханура-Муканов бұдан былай “Қажымұқан” деген атпен күресетін болды” деп жазылды. Мұқан бұл есіммен күреске Ресейде бірінші рет (1912 ж. 3 мамыр) Саратов қ-нда ағайынды Никитиндер циркінде шықты. Қ-ның жеңісті жолдары жалғасып, Тегеран мен Кабулда, Мекке мен Мединеде өткен жарыстарда бірқатар жеңістерге жетті. 1913 ж. Троицк қ-нда, 1914 ж. Парижде әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Сол жылы Уфа қ-ндағы ірі жарыста жеңімпаз болды. Ол Харбин, Токио қ-ларында жапон халқының ұлттық күресі джиу-джицуден сол елдің атақты палуандары Саракики Жиндофумен және Оно Окитаромен белдесіп көрермендердің көңілінен шықты. Ол Санкт-Петербург, Мәскеу, Киев, Варшава, Будапешт, Берлин, Прага, Лондон қ-ларында өнер көрсетті. Қазақ палуаны барлық жарыстарда күреске Ресейдің атынан түсіп жүрді. “Қажымұқанмын қазақта күшім асқан, Достарым алып палуан орыстардан. “Черный Иван” атанып он екі жыл, Жиырма төрт патшаның жерін басқам” деп өзі айтқандай орыстың атақты палуандары, дүние жүзінің чемпионы атағын бірнеше рет жеңіп алған Иван Поддубныймен, Иван Шемякинмен, Иван Заикинмен және атақты палуан Вейланд Шульцпен өмір бойы дос болып өтті.
1927 ж. ҚазАКСР Орт. Атқару к-тінің Президиумы Қ.Мұңайтпасовқа “Қазақ даласының батыры” атағын берді. Ұлы палуан 2-дүниежүз. соғыс жылдарында тағы бір ерлік жасады. Жасының егде тартқанына қарамай ел аралап, күш өнерін көрсетіп, жиналған 100 мың сом қаржыға ұшақ жасатып, оған Аманкелді Имановтың есімін бергізіп, майданға жіберді. Қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаев осы ұшақпен 120-дан аса жауынгерлік тапсырма орындады. Қ. өзінің спорттық жолында 48 алтын, күміс, қола медаль алған. Ол алып күш иесі еді; бойы 186 см, салм. 130 кг болған. Қазақ даласының аты аңызға айналған палуаны өмірінің соңғы жылдарын Темірлан елді мекенінде өткізді. Астана және Шымкент қалаларындағы орт. стадионға ұлы палуанның есімі берілген. Алматы, Астана, Семей, Шымкент қалаларында Қажымұқан атынд. көшелер бар.
Әдеб.: Бүркітбаев Ә., Қажымұқан, А., 1983; Күш атасы. Естеліктер, А., 1990; Тәнекеев М., Қажымұқан, А., 2001.
Ғ. Тәшімбай
"Қазақ энциклопедиясы"