«Әжетханада қинаған». 4-қабаттан секірген оқушы туралы тың дерек шықты

19 Сәуір, 13:07 1613

Астанада мектептің төртінші қабатынан секірген оқушы есін жиып, мән-жайды туыстарына айтқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

8-сынып оқушысы Бекболат Сайлаудың қолы, екі аяғы сынған, беліне зақым келген. КТК арнасына берген сұхбатында Анасы Ләззат Рахмаш баласын жоғары сынып оқушылары бопсалағанын айтып отыр.

Дәретханада ұрып, «қоңырау болғанша сені өлтіреміз, полицияға береміз, әзір көресің, сабақтан шыққанда өлтіреміз» деп айтты дейді. Ашуланған ұлым сабақ біткенін күтіп, терезеге қарап отырып, секіріп кеткен, - дейді анасы.

Сонымен қатар, ұлының бұған дейін үйге бірнеше рет беті көгеріп келгенін айтады.  Бекболаттың туыстары оның буллингтің құрбаны болғанына күмән келтірмейді.

Іс ішкі істер министрлігінің бақылауында. ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев оқиғаны сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркелгенін мәлімдеді

Бір өлімнен аман қалған оқушы енді ұзақ емделуі керек. Ақ халаттылар таяу арада оның екінші аяғына ота жасауды жоспарлап отыр.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: