3 Маусым 2016, 09:34
Бүгiн Астанадағы «Шабыт» өнер академиясында шетелдегi қазақ ақындарының өлеңдерi енген «Азаттығым – ғажап күнiм» атты жыр антологиясының тұсауы кесiлдi. Бiлiм ордасында сондай-ақ ақындардың жыр мүшәйрасы өттi. Игi шаралар Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдамдастырылып отыр.
«Бұл iс-шараның бiз үшiн құны жоғары. Бiрнеше мемлекеттен қазақ ақындарының өкiлi келiп отыр», – дейдi Қытайдың Құлжа қаласынан келген ақын Нұрболат Әбдiхалық.
Қандасымыздың айтуынша, осындай шаралар Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының рухани мәдениет алмасуына үлкен үлес қосады.
«Жинақта менiң «Үш бесiгiм» деген өлеңiм жарияланған. Қазақтың жастары «жан бесiк» дегендi бiлмейдi, ол – ананың жатыры. Көбiнiң ойына «тал бесiк», «жер бесiк» деген екi бесiк оралады. Оған ендi мен «жан бесiктi» қосып, «Үш бесiгiм» деген өлеңiмдi шығардым. Бұл өлең Қытайдың жыр-жинақтарына да енген. Демек, осындай мәдениет алмасулар әрi қарай жалғасын тапса, адамзаттың рухани мәдениетiне қосылатын үлес мол болады», - дейдi ақын.
«Ауыл» партиясы өткiзген алқалы жиынға 300-ден астам делегат қатысты. Олардың арасында алыс және шетелден келген 100-ге жуық қазақ қандасымыз бар. Антологияға Моңғолияда тұрып жатқан 15, Қытайдағы 40, ресейлiк 5 қазақ ақынының ән-жырлары мен қазақстандық 45 ақын-жазушының еңбектерi жинақталып отыр. Жинаққа әлемнiң әр түкпiрiнде жүрген қазақ ақын-жазушыларының Қазақстан тәуелсiздiгiне, туған елге, патриотизмге бағытталған өлең-жырлары енген.
Жыр антологиясының таныстырылымынан кейiн ақын-жыршылар Тәуелсiздiкке арнаған өлең-жырларын оқып, жиналғандардың қошеметiне бөлендi. Жыр мүшәйрада ерекше суырылып көзге түскен қалам иелерiне арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.