Азаптау және қатыгездік туралы істердің көпшілігі сотқа жетпейді – Мәулен Әшімбаев

9 Наурыз 2023, 16:16 812

Сенат Төрағасы азаптау туралы заң жобасын қарау барысында ІІМ басшысына қылмыстық-атқару мекемелері мен полицияның қызметтік ғимараттарына міндетті түрде бейнебақылау орнату туралы ережені заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Мәулен Әшімбаев құқық қорғау органдарының ғимараттары бейнебақылауда болатыны және барлық іс-әрекеттер тіркелетіні туралы жақында қабылданған ереже маңызды және уақтылы болғанын атап өтті. Бұл тәсіл белгілі бір адамдарға заңсыз әрекеттердің қолданылғанын дәлелдеуге көмектесетін болады.

Мәулен Әшімбаев осыған байланысты құқық қорғау органдарының барлық ғимараттарында бейнежазба болуы туралы нақты талапты заңнамаға жазудың қажеттігі бар-жоғын нақтылады. Өйткені, ол ережелер қазіргі кезде заңнан кейінгі актілер деңгейінде болып отыр.

«Біз Қылмыстық кодекске азаптағаны үшін жазаны күшейтетін ережелерді енгіздік, бұл өте дұрыс. Құқық қорғау органдарының әрекеттеріне, кейбір қызметкерлердің зорлық-зомбылығына қатысты көптеген шағым түсетінін айта кету керек. Сенатқа да ондай шағымдар келіп жатыр. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай істердің басым көпшілігі сотқа дейін жетпейді, өйткені зорлық-зомбылық, азаптау және т.б. болған фактілерді дәлелдеу, анықтау өте қиын. Осыған байланысты, біз жақында ғана прокуратурамен бірлесіп құқық қорғау органдарының барлық қызметтік ғимараттарына бейнебақылау орнатуды талап ететін ереже қабылдағаныңызды білеміз», - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Осыған дейін Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарында бейнебақылауда көрінбейтін жерлер болмауы тиіс екенін айтқан болатын.

EL.KZ
Бөлісу: