16 Қараша 2015, 09:49
Азаматтық қоғамның пайда болуы жөнінде ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас бар. Біреуі оны буржуазиялық қоғамның желісі дей келіп, нарықтық қатынастармен байланыстарады. Екіншілері ондай қоғам белгілі бір шамада қашан болмасын болған дейді.
Азаматтық қоғам идеясы өте ертеде пайда болды. Аристотель еңбектерінің өзінде азаматтық қоғамдағы меншіктің рөлі туралы пікірлері кездеседі. Ол кім меншікке ие болса, сол ізгіліктің, адамгершіліктің де иесі болады деп жазды.
Азаматтық қоғам деп мемлекеттік құрылымнан қалыптасатын әлеуметтік-экономикалық және мәдени – рухани қоғамдық қатынастардың жиынтығын айтады. Ол жеке тұлғаның емін-еркін дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды. Бұл қоғамда мемлекеттің жеке адам өміріне араласуына өте-мөте шек қойылады. Ал олардың атқаратын міндеттерін азаматтар өз еркімен оларға берген және орындалуын өздері тексереді.
Азаматтық қоғамның құрамына адамдардың өздері тудырған қауымдастықтар, азаматтардың өндірістік немесе жеке өмірі, олардың әдет ғұрып, салттары кіреді.
Азаматтық қоғамда адамдардың экономикалық, саяси және рухани өмірінің түрін еркін таңдауына және жүзеге асыруына заң жүзінде кепілдік беріледі. Олар мемлекет тарапынан қатаң тәртіпке алынудан сенімді түрде қорғалады.
Біздің жас еліміздің кешегісі мен келешегінің арасындағы байланысты мынадай қарапайым тұжырым бейнелей алады: тиімді экономика, либералдық қоғам, ұлттық қауіпсіздік.
Жиырмасыншы ғасырдың соңындағы басты саяси тағылым демократияландыру қағидасының ортақтығында жатыр. Біздің демократияға беттеген қозғалысымыз әмбебап заңдылықтарға бағына отырып, бірнеше мәселелерді шешуі керек. Бірінші, барлығы заңдарға сүйеніп өмір сүретін нақты құқықтық мемлекет құру. Екінші, демократия дегеніміз, қанша маңызды әрі бағалы екеніне қарамастан, саяси бостандық қана емес. Үшінші, саяси жүйені ырықтандырған кезде біз аймақтағы халықаралық экстремизм қысымының ұлғайып келе жатқанын, халықтын аса күрделі ұлттық және мәдени-діни құрамын ұдайы есте ұстауымыз керек.
Бұл тақырыптың зерттелу деңгейі ТМД елдерінде өте жоғары деп айтсақ болады, атап айтар болсақ Ресей, Қазақстан елдері. Соңғы кездері Ресейде «Азаматтық қоғам» мәселесіне қатты көңіл бөлінуде: оның пайда болуы, дамуы, орнауы.
Қазақстанда бұл мәселе өте терең зерттелуде. 2006 жылы Қазақстанда «Азаматтық қоғам концепциясы» қабылданды. Бұл бағдарлама 2006-2011 жылдарға арналған. Мұндағы басымдылық Үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) берілген. Бұл тақырыптың зерттелуіне елеулі үлес қосқан Абай атындағы педагогикалық университеттің оқытушысы С.Мұсатаев. Ол мәселеге байланысты диссертациялық жұмыс қозғады. Оның пікірінше, Қазақстанды демократияландыруды одан әрі тереңдету ісі азаматтық қоғам институттарын дамытумен де тікелей байланысты. Ал азаматтық қоғам институтттарын дамыту мен ынталандырудың бірден бір жолы – билік тарапынан оларға деген сенімнің нығаюы, әлеуметтік әріптестіктің дұрыс жолға қойылуы.
Дәурен Омаров