Азаматтық бастамаларды қолдауға әрқашан әзір

26 Желтоқсан 2017, 10:32 3907

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ы жылды қорытындылады

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ы 49 үкіметтік емес ұйым жүзеге асырған 57 жоба бойынша 2017 жылды қорытындылады. Кездесуге мемлекеттік орган, қоғамдық кеңес, үкіметтік емес және басқа мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.

2017 жылы жобаларды жүзеге асыру үшін 618, 595 млн. теңге бөлінген болатын. Қаржыландыру көзі әзірге тек ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінен. Биыл 2016 жылмен салыстырғанда, азаматтық сектор белсенділік танытты. Былтыр 88 өтініш түссе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 512-ге жетті. Соның ішінде Астана мен Алматы қалаларын санамағанда  аймақтардағы 173 ұйымнан 245 өтініш жіберілген. Бұл отандық үкіметтік емес ұйымдардың мемлекетпен тізе қосып әлеуметтік мәселелерді шешуге дайын екендігін көрсетеді.  

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»-ның Басқарма Төрағасы Нұрлан Өтешевтің айтуынша, ҮЕҰ-ды қолдау және дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр және мемлекет осы бағытты қолдаудың жаңа механизмдерін үздіксіз қарастырады. Биылғы 57 гранттық жоба шеңберінде айтулы нәтижеге қол жеткізілді. Атап айтсақ, 

- 39 әлеуметтік қызмет құрылды: мұнда тұрғындардың әр санатына арналған ақпараттандыру, білім беру, кеңес беру және әлеуметтік қызмет топтастырылды. Бұл орталықтарға еліміздің әрбір азаматы хабарласа алады. 
- 6 сенім телефоны: мысалы, Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы «Менің үйім» қоғамдық ұйымының сенім телефонына қиын жағдайға тап болған 615 адам хабарласқан. 
-    8 веб-ресурс:  Орталық гранты аясында жасалған KazIslam сайтына кірушілер саны 10 мыңға жетті. 
Сонымен қатар, биыл 35 зерттеу жұмысы, 400 оқыту шарасы өткізіліп, 39 ұлттық және 7 халықаралық сарапшы тартылған.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы тапсырыс беруші – мемлекет пен оны орындаушы – ҮЕҰ арасындағы қызметтің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін түрлі механизмдерді пайдаланады. Айта кетсек, грант алушыларды іріктеу тек оператормен ғана емес, 70% -ы ҮЕҰ өкілдерінен құралады.  

Сарапшы Ерболат Мұхамеджанның айтуына қарағанда, бұл жылы қызықты әрі өміршең жобалар көп болғандықтан, таңдау жасау қиынға соққан.  2017 жылы гранттың ең көп бөлігі «Бала және жастар» санатына берілген. 207 970 996 теңгеге жүзеге асқан 19 жобаға 49 413 адам қамтылған. Осы қаражаттың арқасында Теміртау қаласындағы қарқынды жұмыс атқарған әлеуметтік қызмет орталығы қиын жағдайға тап болған 6097 балалы анаға пана бола білген. 1000-ға жуық балалар мен жастар кәсіпкерлікке тартылып, Қазақстанда алғашқы «Ұлы даланың скауттары» атты жастар мен балаларға арналған YouTube-каналы ашылды. 

Кез-келген азаматтың келіп тыңдауына мүмкіндік берген Орталықтың есебі мемлекет қаржысының әрбір тиыны қайда кетіп, қарапайым халық оның шарапатын көре алды ма, гранттық қаржыландыру жүйесінің артықшылықтары қандай екенін сараптауға мүмкіндік берді. Анықталғандай, гранттық қаржыландырудың бізге берер пайдасы аз емес екен, ең бастысы бұл жүйе еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың дамуына тың серпін беріп, демпингті азайтады. Айта кететін жайт, Орталық гранты бойынша бөлінген қаржының  10  пайызын үкіметтік емес ұйым өз дамуына жұмсай алады. 

«Орталықты құру мәселесі көтерілгенде, қарсы болғандардың қарасы көп болғаны есімде. Алайда, Орталық өз өміршендігін дәлелдеді», - дейді Еуразиялық құқық қорғау орталығының Директоры Еңлік Нұрғалиева. Оның айтуынша, мамандардың жастығына қарамастан, Орталық қызметкерлері өте білікті әрі қай уақытта болсын көмеккке келеді. Жүзеге асырылған осындай жобалардың маңыздылығын бенефициарлар да атап өтті. «Ерекше балалардың» аналары жүректерінен шыққан ықыластары мен алғыстарын білдіру үшін есеп беру шарасына арнайы келгенін, балаларының жоба арқасында жеткен жетістіктерін айтып, әрі қарай да осындай маңызды бастамаларды қолдауды сұрап, тілектерін жеткізді. 

Жас «жасұланшы», ерікті болып жүрген Данияр Бекетаев болса «Құқығым бар» атты семинар-тренингтің балалардың құқықтық сауатын арттыруда берген орасан пайдасы туралы айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, оқыту семинары басталмай тұрып балалардың 15 пайызы ғана өз құқығын білетінін көрсетсе, оқыту аяқталған соң, бұл көрсеткіш 85-90 пайызға дейін өскен. Аталмыш шара жас жеткіншектердің өз құқықтары мен міндеттерін жете біліп, заң саласында сауатты болып өсуі үшін «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ-мен ұйымдастырылған болатын. 

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекет пен қоғамдық сектор арасында ашық қарым-қатынас орнату – екі жаққа да тиімді. Басқарма Төрағасы Нұрлан Өтешевтің айтуынша, қазірде ҮЕҰ үшін көптеген жағдайлар жасалуда. Тек оларға бәсекеге қабілетті болып, белсенді әрі тұрақты бола білсе болғаны. Ал, Орталық оларға әрдайым қолдау көрсетуге әзір.  
 

Бөлісу: