Азамат Арынов: «Шетелде оқыған мен Назарбаев Университетінде оқығанның айырмашылығы жоқ»

20 Қараша 2014, 08:32

«Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Ньюкасл Университетінде электр-энергетика мамандығы бойынша магистратура тәмамдаған Азамат Арынов Назарбаев Университетінде жұмыс жасаудың не екендігі туралы El.kz редакциясымен бөлісті.

«Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Ньюкасл Университетінде электр-энергетика мамандығы бойынша магистратура тәмамдаған Азамат Арынов қазіргі кезде Назарбаев Университетінің Инженерлік мектебінде оқытушы ассистенті боп еңбек етеді . Ол жерде жұмыс істегеніне бір жылдай болып қалған Азамат, өз мамандығы бойынша  біраз тәжірибе жинады. Жинаған тәжірибесі мен жалпы Назарбаев Университетінде жұмыс жасаудың не екендігі туралы El.kz редакциясымен бөлісті.     

– Сіз атқаратын қызметтің өзге жұмыстан ерекшелігі неде?

– Негізі Назарбаев Университетінде жұмыс 5.30-ға дейін, бірақ кейде 7-ге дейін жүреміз. Мен қазір 2-3 курс студенттеріне аналогтык электроника және сенсорлар мен актуаторлар деген пәндер бойынша сабақ беремін. Осында жұмыс істеген бір жыл ішінде 4 түрлі мұғаліммен жұмыс істеппін. Менің негізгі жұмысым – лабораториядағы әдістемелік сабақтарды жүргізу, 244 студенттің үй жұмыстарын тексеру (басқа 4 ассистентпен бірге), лабораториялық есептеме өткізу, курстық жұмыс жасаймыз, қысқа емтихандар бар (quiz). Мұғалімдеріміз әртүрлі мемлекеттен келген, мен қазір ассистент болып жүрген мұғалімім Израильден, одан бөлек АҚШ-тан, Польшадан, Грекия, Венесуэла, тіпті Аустралиядан келгендер де бар. Біздің инженерлер мектебімізде шамамен 60 шақты профессорлар мен ассистенттер жұмыс істейді.

– Жұмыс істеуді бастағанға дейін қай оқу орнында оқыдыңыз?

– Қазақстанда АУЭС университетінде телекоммуникация мамандығы бойынша оқыдым, одан кейін «Болашақ» бағдарламасымен Англияның Ньюкасл қаласының университетіне электроэнергетика мамандығы бойынша оқуға түстім. Ол жерде магистратураны 2012 жылы тәмамдап келдік. Жұмыс жақсы, жайлы, өзіме ұнайды. Қазір энергетика және инженерлік мамандығы бойынша докторантураға түстім, оқу 3-4 жылға созылады. Бірінші жылы сабақ болады, одан кейінгі жылы шетелдік оқу орнына барып, өз бағдарламамыз бойынша зерттеу жұмыстарын жүргіземіз.

– Болашаққа жоспарларыңыз? Және неге шетелдік университетті жұмыс орны ретінде таңдамадыңыз?

– Негізі болашақта сол докторонтураны осында тәмамдап, Назарбаев Университетінде жұмыс істеу. Шетелдік университетті неге таңдамадым? Себебі, мына жерде жұмыс істеп жүріп оқыған маған ыңғайлы және бұл жерде де шетелдік мұғалімдер сабақ бергендіктен, аса қатты айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Одан бөлек, «Болашақ» бағдарламасының талабы бойынша мен Қазақстанда өтеу жұмыстарын (отработка) жасауым керек.

 – Ньюкасл мен Назарбаев Университетінің оқу құралдары, материалдар жағынан қандай айырмашылықтары бар?

– Ньюкасл университетінің ашылғанына 200-дей жыл болды. Ал біздің университеттің ашылғанына небәрі 4-5 жыл ғана. Сондықтан Ньюкасл Университетінде өз қолдарымен жасаған материалдар көп, өздерінің мұғалімдері, зертханалары бар. Ал біз оқу құралдар мен көбіне сырттан алып жатырмыз. Бірақ қазіргі кезде  біздің университетімізде (НУ) әр түрлі салаларда ғылыми зерттеу жұмыстары қарқынды жасалынып жатыр. Сол себепті НУ-дың да жақын болашақта өз оқу құралдары мен басылымдары көбейе түседі деп ойлаймын.   

– Қазақстан ғылымын қалай дамытқан жөн деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, қазіргі біздің университеттің жұмыс жасап жатқан бағыты дұрыс. Осы қалыппен жалғастырсақ жақын арада жақсы жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Ешқандай ғылыми жаңалықтар бір күнде ашылмаған. Мысалы, қазір технология саласынан ең дамыған мемлекет – Қытай елі де бұндай жетістіктерге оңай келмеді. Ол үшін қолданған ең тиімді әдістерінің бірі ол қазір бар шетелдік техниканы алып, барлығын шашып, қайта құрастыру. Болмаса, дәл сол техниканың көшірмесін жасап үйрену. Сондай ғылымның тәжірибелік жағымен айналысуды көбейтсек қозғалыс тезірек болады деп ойлаймын.

Назарбаев Университеті туралы қызық фактілер:

  • Алғашқыда университетке бакалавр электр-энергетика кафедрасына тапсырған бірінші түлектері биыл бітірейін деп жатыр.
  • Назарбаев Университетіне түсу Англияның атақты Кембриджіне түсумен пара-пар. 
  • НУ-дың басқа университеттерден айрықша заңдарының бірі – студенттер мен мұғалімдер тек қана ағылшын тілінде сөйлесулері керек екен.

– Сіз «Болашақ» бағдарламасынан не күттіңіз? Күткен дүниелеріңіз орындалды ма?
Әрине, орындалды. Өзім де Ұлыбританияда оқып жүргенімде-ақ НУ-да жұмыс істеуді жоспарлағанмын.    

– Назарбаев Университетінің жүйесінде өзгерткіңіз келетін немесе дамытуды қажет ететін тұстары бар ма?

НУ – әлі жас университет болғандықтан әлі біраз өзгерістерден өтеді деп ойлаймын. Егер өзім  оқыған Ньюкасл Университетімен салыстыра кетсем НУ-да департаменттер арасында тәуелділіктер әлде де бар. Кейбір процестерді тездетіп өткізуге болар еді. Әрине, Ньюкасл Университетінде студенттер саны өте көп, сондықтан біздің де университетімізде студенттер саны өсе келе бұл мәселе өзі-ақ шешіледі деп сенемін. 

– Шетелдік студенттер мен қазақстандық студенттер арасында айырмашылық көп пе?

Біраз айырмашылық бар. НУ-ға түсу жеңіл емес, өте күрделі. НУ-ға өте дарынды, бірнеше олимпиада байқауларының жеңімпаздары, алтын белгі иегерлері ғана түседі. Сондықтан олар жоғарғы білім алуға ынталы әлі құштарлы.

– Өзіңізді басқа кісілерге үлгі бола алатын адаммын деп ойлайсыз ба?

Ия десем өзімді мақтаған болам, жоқ десем өзімді кемсіткем болам. Төрешілігін ел айтсын.  Бірақ өзім менен әлде қайда білімді, парасатты және тәжірибелі адамдар бар. Мысалы: мені оқытқан лицейдегі мұғалімдерім. Мен оларды үлгі тұтамын, және де олар сияқты жанын салып жұмыс жасайтын,  әр шәкіртіне жеке көңіл бөлетін ағартушы ұстаз болғым келеді.   

– Егер өмір сүруіңізге 3 күн қалса, сол күндеріңізді қалай өткізер едіңіз?

Алдымен, егер ренжіткен болсам жақындарым мен таныстарымнан кешірім сұрар едім. Қарыздар болсам, қарыздарымды өтеуге тырысар едім.      

– Студенттеріңізбен ара-қатынасыңыз қалай? Аға сияқты қатысасыздар ма әлде мұғалім сияқты ма (субординация)?

Бұл жоғарғы оқу орны болған соң, студенттер мен мұғалім арасында айырма болу керек деп ойлаймын.   

– Өзіңіздің табысқа жету формулаңыз бар ма?

Әрине бар. Өте қарапайым: “Ұлық болсаң – кішік бол”.

– Осыдан 20 жылдан кейінгі сәтті суреттеп бере аласыз ба? Өз салаңыз бойынша қандай жетістіктерге жеткіңіз келеді?

20 жылдағы жетістіктерімді келешек көрсетер. Бірақ өз басым халыққа қалаулы, елге елеулі азамат болғым келеді.

Сұхбаттасқан: Нұрғазы Абжанов

Бөлісу: