Қазақы қала қайда бар?

30 Маусым 2014, 13:00

Бiз де әңгiменi көргенiмiзден бастайық.

Замандасының:

– Естiгенiмдi айтайын ба, көргенiмдi айтайын ба? – деген сауалына, бiздiң бiр данышпан атамыз:

– Естiгенiң өтiрiк болуы мүмкiн, көргенiңдi айт, – дептi ғой.

Осы сөздiң жаны бар.

Бiз де әңгiменi көргенiмiзден бастайық.

Бала кезiмiзде қалтасына аз-маз тиын-тебен түскен апаларымыз бен әпшелерiмiз сенбi-жексендi күндерi Ташкент асып бара жатып, алдымен «Таһир-Зухраға» кiрейiкшi деп жатушы едi. Таһир мен Зухраның махаббат хикаясын «Ғашықнаме»-ден бiлетiн бiз ол кездерi Ташкентте ғашықтар аттас нән дүкеннiң бар екенiн бiлмесек те, бiр елең ете қалушы едiк. Танауымызды райхан гүлiнiң хош иiсi қытықтап, маңдайымызды Шығыстың майда қоңыр самалы сипағандай таңғажайып көңiл-күй кешетiнбiз. Ол да бiр заман екен-ау.Кейiн, ес жия келе, ол «Таһир-Зухраны» да көрдiк. Дүкенiмiз шынында да ұятқа қалдырған жоқ, атына заты сай дүкен болып шықты.

Қазiргi көшесiндегi бұралқы итiне дейiн таныс Алматының ол кездерi қандай болғанын қайдам, сол кездегi Ташкент ақиқатында да Азияның арда қаласы, Шығыстың шырайлы шаһары болатын-ды. Солай екенiне метросына түсiп жүйткiгенiңде көзiң әбден жететiн. Бұрылыс сайын палауының буы бұрқырап, көк шай, қара шай боп жататын шайханасына кiре қалсаң үстiне шапан жамылып, басына ала топпы киген, қарасақал өзбек ағайындар иланбасыңа қоймайтын.

Әлi есiмде, сол кездегi өзбек ағайындар арасында «қазақы бала бала емес» деген сөз жиi айтылушы едi-ау. Бәлкiм әлi де айтылатын болар. Өйткенi айтылуға тиiс сөз болып тұр емес пе! Өзбек айтпаса да өзiмiзге қарата өзiмiз айтуға тиiс сөз. Айтпақшы, осы сөздi ең алғаш қай ала топпылы ағайын айтты екен өзi? Кейде ойлаймын, осы сөздiң түпнұсқасы «қазақы қала қала емес» пе екен деп. Кiм бiледi, сол кездерi ала қоржынын асынып, артынып-тартынып Алматыға кеп қалған өзбек ағайынның бiрi осылай деп жiберуi де мүмкiн ғой. Алаштың баласы жайлы емес, Алматы туралы. Егер түпнұсқа осылай болып жатса, өз басым осы сөзге бүгiнде екi қолымды көтерiп қосылар едiм.

Мiне, Жазушылар одағының вахтасында тұрмын. Әңгiмелесушiм мүйiзi қарағайдай ақын-жазушы ағаларымның бiрi емес, жалақысы жетi-ақ мың теңге осындағы кезекшi орыс апай. Тақырып та әдебиеттiң төңiрегiнен аулақ, кәдуiлгi тұрмыс-тiршiлiк туралы.

– Қаланы не қылып жiбердiк, шығыстың шырайы деп айтатындай бiр ғимаратты айта аласыз ба? – дейдi өзге жайттардың да басын бiр-бiр шалып шыққан ренжулi орыс апайым. «Япыр-ау, деймiн iшiмнен, жасы алпысты алқымдаған орыс апам да Алматыдан азиялық өрнек iздейдi екен-ау. Егер орыс екеш орыс осылай деп жатса, бiзге, қазаққа, осы жердiң қаракөздерiне Алматымыз туралы не айтуымызға болады? Алматы Азия емес, Американың қаласы ғой деуiмiз керек пе?».

Есiме Тұмағаң, ақын Тұманбай Молдағалиев түседi. Ол кiсi де ару Алматысының леди Алматыға айналғанын қаламайтынын анық сезiнемiн. Сосын, Сiздiң де. Мейлi ақын емес, атышулы сәулетшi болсаңыз да.

Иә, бiзде қала көп. Бәрi Астана мен Алматыға қарап бой түзейдi.

Қай-қай тұрғын да өз қаласының әсем болғанын қалайды. Мақтанғанда мынандай жай Алматы түгiлi Астанаңызда да жоқ-ау деп отырады.

Ал, сол Алматыңыз бен Астанаңызда, басқасын былай қойғанда, азиялық бет-бейне жоқ болса не дей аласыз?

Тұрғынының дүниетанымы, талғамы мен таңдауы алдымен қаласының көшесiнен, үйлерi мен ғимараттарының бет-әлпетiнен көрiнiс таппақ. Бұл өзi бiр өзара сымсыз байланысып жатқан ғажайып тылсым дүние. «Еуропа ымыртында» Шпенглер шешуге талпынған құпиялардың бiрi.

Әйтсе де пәлсафаны қоя тұрайық.

Егер өзiмiздi былай қойып, орыс апайымыздың өзi қаламыз туралы осылай деп жатса, бiзге өзiмiздiң талғамымыз, дүниетанымымыз туралы не деуге болады?

Бiз өзi қазақпыз ба?

Қазақ болсақ, «қазақы қала қайда бар?».

Сәулетшi ағайындар, Виктор Гюгоның «Париж Тәңiрiанасының соборын» бiр сәт қолға алыңызшы. Архитектура туралы алғашқы тарауларын оқысаңыздар да жеткiлiктi.

Мiне, дәл осы мазмұндас беттер бiздiң Алматымыз туралы жуық арада жазылмайтын секiлдi. Өйткенi, Алматыда, осы бағытында дами берсе, Виктор Гюго сияқты жазушыға Құдайдың кереметiмен жан бiтiп, жер бетiне қазақ болып қайта туылып келсе де орын жоқ. Себебi, Алматы қазақы түсiнiкке жат, қазақы болмыс Алматыға өгей iспеттi.

Ал бiз болашақ туралы сөз қыламыз...

Бөлісу: