Қазақты құраған түркі тайпаларының этно-саяси мәселелері

22 Қыркүйек 2015, 09:36

Қазақты құраған түркі тайпаларының этно-саяси мәселелері

Қазақты құраған түркі тайпалары негізінен екі бөліктен тұрады деген пікірді ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстанның этно- саяси мәселелерін жан-жақты зерттеген көптеген зерттеушілер айтып жүр. Бұл пікірдің жаны бар, Қазақ автохтонды жергілікті Хундар, Аландар, Үйсіндер, Қаңлылар тәрізді тайпалар бірлестігінен және шығыстан, Алтай-Саян, Моңғолия аймағынан батысқа көшіп келген ежелгі түркі тайпаларының бірлестіктері бастан өткізген тарихи процестерде біртіндеп қалыптасқан этнос. Бұл сондықтан да тарихшыларды аса қызықтыратын күрделі ғылыми мәселе. Әсіресе, қазіргі зерттеушілерді Алтай-Саян және Моңғолия аймағындағы қазақтың арғы тегі болып табылатын түркі тайпаларының этно-саяси тағдырлары айтарлықтай қызықтыруда. Мұның басты себебі - қазақты бүгінде құраған қырық үш тайпаның басым көпшілігінің ата-тегінің, тарихи тамырының ежелгі және орта ғасырлардағы аталмыш аймақтардан бастау алатындығында болса керек.

Алайда осынау тарихи концепцияны зерттеушілердің барлығы дерлік мойындағанына қарамастан әлі күнге дейін қазақтың ежелгі және орта ғасырлардағы тарихын оқытуда қазақты құраған ру-тайпалардың тарихи тамырларына, алғашқы этно-саяси бастауларына жете көңіл бөлінбей келе жатыр. Бұл қазақ жеріндегі автохтонды тайпалардан гөрі әсіресе, осында шығыстан көшіп келген түркі тайпаларына көп қатысты. Алтай- Саян және моңғол жерлеріндегі рулық-тайпалық бірлестіктер негізінен саяси тұрғыда мемлекеттер аясында төл тарихымызда жалпылама оқытылып келеді. Осы тұрғыдан қарағанда ғылыми еңбектерде картаға түсіріліп бейнеленген бірнеше ежелгі және орта ғасырлық мемлекеттер тарихтарына нақты тоқтала кеткеніміз жөн болар. Ең бірінші әрине, Хундар мемлекетіне тоқталамыз. Бүгінгі тарихта бұл мемлекет біздің заманымызға дейінгі III-I ғасырларда өмір сүрген деп айтып жүрміз. Хундар мемлекеті екіге бөлінген. Олар солтүстік Хундар және оңтүстік Хундар деген атаулармен белгілі. Солтүстік Хундардың құрамында солтүстік шығыста Тоба, одан төменде шығыста Дунху, одан төменде оңтүстік шығыста Ухуан, оңтүстік батыста Тохар (Юэчжи) тайпалық бірлестіктері өмір сүргенін байқаймыз. Солтүстік  Хундарының Байкал көлінен батысқа қарайғы солтүстіктегі көршілері Енисей бойындағы қырғыздар, олардан   батысқа қарай Енисей мен Ертістің аралығында Динлиндер, одан төменде оңтүстік батыста Усундер (Үйсіндер) болғанын сол кездегі деректерден айқын байқаймыз.

Хуну мемлекеті  (б.з.д.ІІІ-І ғғ.)

Бұл тарихи картадан көрінетіні, біздің заманымызға дейінгі кезеңде қазақты құраған түркі ру-тайпаларының этникалық негіздері Хунну, Үйсін, Динлин, Тохар (Юэчжи) тәрізді Алтай- Саян және батыс моңғол жеріндегі мемлекеттік бірлестіктерден бастау алатыны.

Осы аймақтағы келесі мемлекеттік бірлестік - Сяньби мемлекеті деп  аталады.  Бұл  тарихи  зерттеулерде  біздің  заманымыздың I-V ғасырларында аталмыш өңірде өмір сүрген мемлекет. Негізінен бұл шын мәнінде бұрынғы солтүстік Хундар аймағы. Бұл мемлекеттегі Тоба тайпасы Керулен бойынан оңтүстікке біртіндеп қоныс аударғанын байқасақ, шығыстағы Дунхулардың орнына Қидандардың (Қарақытайлардың) пайда болғандарын көреміз. Ал оңтүстікте бұрынғы хан империясының орнына Вэй мемлекеті  құрылғанын  аңғарамыз.  Бұл  мемлекетте  Тохарлар, яғни Юэчжилар бұрынғы мекендерінде тұрып жатты.

Сянби мемлекеті (І-ІҮ ғғ.)

Аталмыш аймақтағы келесі мемлекет Жужань қағандығы деп аталады19. Бұл біздің заманымызға дейінгі IV және VI ғасырларда өмір сүрген мемлекет. Батыстан шығысқа қарай Жужаньдардың этникалық-саяси құрамын атап шығар болсақ, алдымен ауызға түсетіні Харсайрылар. Олардан шығыста Алтай түріктері (Дулгалар), ал олардан шығыста Тэлэлер орналасты. Олардың солтүстігінде Енисей бойында Дубалар деп аталатын тайпалық бірлестік өмір сүрді. Байкал көлінен оңтүстікте Шивэйлер, олардан төменде шығыста бұрынғысынша Қидандар (Қарақытайлар), олардан оңтүстікте Кумосилар орналасты.

Жужан қағанаты (ІҮ-ҮІ ғғ.)

Жужань қағанатының шығыстағы көршісі татарлар болды. Бүгінгі тарихта осы тайпалық бірлестіктердің қайсылары қазақтың ру-тайпаларының этно бастаулары болды дегенге жауап іздегенде, біз әсіресе Алтай түріктеріне (Дулгаларға) Тэлэ тайпалық бірлестігіне, Дубо одағына, кейде тіптен Татарлар мен Қидандарға назар  аударуға  мәжбүр  боламыз.  Алайда  олардың  ішінде Тибет-Манчжур бірлестіктерінен гөрі аталған түркі тайпалық одақтарының қазақты құраған түркі тайпаларын қалыптастыруда үлкен рөл атқарғаны күмән туғызбаса керек деген ойдамыз.

VI-VIII ғасырлардағы Түрік қағанатының этникалық- тайпалық құрылымына көңіл аударған кезде біз көтеріп отырған мәселе   айқындала   түседі.   Түрік   қағанатының   этникалық картасына қарасақ, шығыста татарлардың Гучин татарлары және Есун татарлары деген аттармен екіге бөлінгенін байқар едік. Бұл Түрік қағанатының ең шығысындағы тайпалық одақтар. Олардан батыста Онон өзені мен Орхон өзенінің арасында Оғыз-наймандар, олардан солтүстікте Байырғулар, Байырғулардан солтүстік батыста Хуригандар, олардан батыста Дуболар мекендегенін көреміз. Селенга мен Орхон өзендерінің бастауларында Алтай жоталарынан шығысқа қарай Тэлэлер (Дилилер) жайлап жатты. Ұлы Гоби шөлінің шығысын Қидандар, олардың солтүстігін Татарлар мекендеді. Бұл соңғы екі тайпа бірлестігі Түрік қағанатына қосылған жоқ. Олар шығыстағы көршілер болатын. Батыста Алтай тауларынан батысқа қарай Батыс Түрік мемлекеті жайлап жатты.

Түрік қағанаты (ҮІ-ҮІІІ ғғ.)

Түркілер отанында біраз уақыт VIІІ-IX ғасырларда Ұйғыр хандығы үстемдік жасады  . Бұлар билік жасаған кезінде тарихқа Монғол деп аталатын тайпалық бірлестік шықты. Олар Онон өзенінің орта ағысы мен Керулен өзенінің аралығын мекендеді. Бұл тұста моңғолдардан шығыста Гучин Татарларының орнына Шивэй деген атпен түркі тайпалары орналасты. Моңғолдардан батысқа қарай Селенга өзенінің орта ағысында Байырғулар, олардан төменде Орхон мен Тола өзенінің аралығында Оғыз- наймандар, ал олардан батысқа қарай Енисейдің жоғарғы ағысында Дубалар мекендеді. Ұйғыр хандығының батыстағы көршісі Ертіс бойындағы Қимақтар және Алтай жотасының батысындағы Қарлұқтар болды. Осы кезеңнің ірі тұлғасы әйгілі Мойун-чурдың ескерткіші Орхон өзенінің батысында орналасқан. Бірақ Ұйғыр мемлекетінің өмірі де ұзақ болған жоқ.

Ұйғыр хандығы  (ҮІІІ-ІХ ғғ.)

Оның орнын Қидан империясы ауыстырды. Бұл мемлекетте Татарлар және Қоңыраттар (Хонгираттар) шығыста орналасса, мемлекеттің оңтүстік шығысында Қидандар, олардан батыста Оңғұттар және олардан батыста Керейттер, ал олардың солтүстік шығысында Наймандар жайлап жатты. Қидан мемлекетінің батысындағы көршілері IX-XII ғасырларда Тянь-Шань Ұйғырлары және оңтүстік Ұйғырлар болды. Оңтүстіктегі көршілері Таңғұттар, Қидан мемлекетіне кірмеген түрік-моңғол тайпалары империяның солтүстігінде орналасты. Олар Онон өзенінің төменгі ағысындағы Жалайырлар және олардан батыстағы Тайчиуттар мен Аборигендер, Онон өзенінің бастауындағы Моңғолдар, олардың солтүстігіндегі Селенга өзенінің бойындағы Меркіттер және Орхон өзенінің орта ағысын жайлаған Керейттер, олардың солтүстіктегі көршілері Ойраттар, батыстағы көршілері Дубалар және Қырғыздар болатын.

Қидандар империясы (Х-ХІІ ғғ.)

Ақырында аталған мемлекеттік құрылымдардың бәрін ығыстырған және солардың тікелей мұрагері болып табылатын Моңғол феодалдық мемлекеті өмірге келді. Бұл мемлекеттің негіздеушісі Шыңғыс хан екенін бүгінгі тарих жақсы біледі. Жоғарыда аталған түрік-моңғол тайпаларын бір орталыққа, іргелі империяға бағындырған ол, XIII-XIV ғасырларда қазіргі Моңғолия жерінде тұрақты мемлекет орнатты. Бұл мемлекеттің этно-саяси құрылымы да аса күрделі. Моңғол империясының солтүстік шығысындағы  үлкен тайпа бұрынғысынша Жалайырлар болды. Олардан батысқа қарай Онон өзенінің бойында Тайчиуттар, олардан төменде Онон және Керулен аралығында Моңғолдар, олардан оңтүстікте Татарлар (1202 ж. дейін өмір сүрген тайпалық бірлестік) және оңтүстік шығыста Қоңыраттар (Хонгираттар), олардан оңтүстік батыста Оңғұттар, ал Қарақорым атты империя астанасының айналасында Керейттер (1203-1204 ж. дейін өмір сүрген мемлекеттік бірлестік), олардан солтүстікте Байырғулар және шығыста Гурвандар мен Меркіттер (1185 ж. дейін өмір сүрген тайпалық бірлестік), ал Моңғолдардың батысында Хамагтар жайлап жатты. Сондай-ақ, Моңғол мемлекетінің Байкал көлінен батысқа қарайғы солтүстігін Ойраттар, олардан батыста Алтай жотасының бойын Наймандар мекендеді.

Моңғол феодалдық мемлекеті  (ХІІ-ХІҮ ғғ.)

Міне, біз білетін XIII- XIV ғасырлардағы Моңғол мемлекетінің этникалық құрылымы осындай. Ал оның көршілеріне келетін болсақ, Байкал көлінің шығысында Булгачиндар, батысында Енисей қырғыздары және Дубалар, Ертістен оңтүстік батысқа қарай Қарақидандар, олардан төменде Шығыс Түркістанда Ұйғырлар (847-1218 жж. өмір сүрген) орналасқан еді. Моңғол мемлекетінің оңтүстігін Таңғұт хандығы иемденіп жатты. Бұл 1031-1227 жж. аралығындағы мемлекеттік бірлестік  болатын.  Осылайша,  Алтай-Саян  және  қазіргі Моңғолия территориясын көптеген Түркі және Моңғол тайпалық бірлестіктері мекендеген еді. Алайда, Шыңғыс ханның батысқа қарай жылжуы Түркі тайпаларының орналасу аймақтарын сапалы түрде мүлде өзгертіп жіберді. Жалпылама атап айтар болсақ, Моңғолдарға көрші Түркі тайпалары Меркіттер тайпалық бірлестік ретінде көп кешікпей-ақ жойылып кетті. Олардың қалдығы 1216 ж. қазіргі Қазақстандағы Торғай өзенінің бойында Шыңғыс ханның баласы Жошы әскерлерінің қанды қырғынына ұшырап, бытыраңқы түрде осы маңда қалып қойды. Ал Моңғол мемлекетінің солтүстік шығысында Керулен мен Онон өзенінің орта ағыстарын мекендеген Жалайырлар болса көптеген тарихи шырғалаңдардан кейін ақырында Жетісу жеріндегі кейініректе қазақты құраған Түркі тайпаларының құрамына келіп орнықты.

Кезінде  тарихи  деректерде  Отыз  татарлар  деген  атпен  әйгілі болған Керуленнің оңтүстігіндегі ұлы даланы мекендеген Татарлар 1202 ж. Шыңғыс хан ұйымдастырған қырғыннан кейін тоз-тоз болып ыдырап, Моңғолдарға қосылып кетті. Тарихи деректерде Хонгират (Қоңырат) деген атпен мәлім болған Моңғол мемлекетінің оңтүстік шығысын жайлаған, Үлкен Хинган тау жоталары бойындағы тайпалық бірлестік батысқа қоныс аударып, кейініректе қазақтың Орта жүзін құраған іргелі тайпаға ұласты. Тарихи деректерде Оңғұттар деген атпен мәлім болған Моңғол мемлекетінің оңтүстік шығысын мекендеген Хонгираттарға көрші тайпалар да дүрбелең барысында батысқа жылжып, қазақ жеріндегі Уақ деп аталатын іргелі тайпаның негізін қалады. Моңғол мемлекетінің бел ортасында орналасқан кезінде, 1203-1204 жж. дейін Орхон өзенінің бастауларын жайлаған Керейттердің тағдыры аса күрделі. Моңғол жаулауының барысында олар да батысқа қоныс аударып, екіге бөлініп кетуге мәжбүр болды. Қазіргі қазақтың Жетіру тайпалық құрылымындағы Керейттер және Орта жүздегі Керейлер осы тайпалық бірлестіктен бастау алғанын ғалымдар дәлелдеп жүр. Үлкен қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекеттік бірлестік Найман хандығы болды. Олардың қалдығы Күчліктің бастауымен Шыңғыс ханның қуғын-сүргінінен Орта Азия жеріне дейін қашып барды. Моңғол жаулауы Енисей қырғыздарының да Тянь-Шань бойына біржолата қоныстануына себепкер болды. Осындай жорықтар Жетісудағы Қарақидандар мемлекетінің тайпалық бірлестіктерін ыдыратып жіберді. Бұлар Қарақытайлар деген атпен қазақтардың ғана емес, башқұрттардың және Орта Азия түркілерінің құрамына шашырап кетті. Қуғын- сүргін Ұйғырларды да батысқа жылжытты.

Бір сөзбен айтар болсақ, Моңғол үстіртін және Алтай-Саян өлкелерін мекендеген көптеген ру-тайпалар, әсіресе түркілер Еуразияның үлкен кеңістігінде ауқымды қозғалыстарға барып, ұлы көшке ілесті. Нәтижесінде әсіресе, бүгінде біз тарихын зерттеп отырған қазақ халқын құраған түркі тайпаларының құрамы күрделене түсті. Кейбір түркі тайпалары, мысалы, Кіші жүздегі Жетіру бірлестігін құраған Тама, Табын, Жағалбайлы, Телеу, Керейт, Кердері, Рамадан, Батыс Моңғолия және Алтай- Саян өңірлерінен Жетісу жері арқылы батысқа жылжып, әртүрлі тайпалық бірлестіктерге қоңсы болып, олармен бірге көшіп- қонып, нәтижесінде бұрыннан Жетісуда орныққан Қарлұқ, Түргеш,  Қарақидан,  Қарахан  билігі  тұсында  қалыптасқан, ежелгі Үйсіндерден бастау алатын әртүрлі Түркі тайпаларының рулық таңбаларын және ұрандарын қабылдап, осы өлкедегі түркілермен бұрынғыдан да бетер бауырлас, туыстас болып кетті. Осы жолда бұлар шамандықтан арылып, ислам дінін қабылдап, мұсылман атанды. Күшейе келе қазақ халқын құраған беделді түркі тайпаларына айналды. Осындай пікірді Алшын тайпалар бірлестігіне кіретін кейбір ірі тайпалардың атына да айтуға болады. Оғыз-Қыпшақ одағында шығыстан көшіп келген көптеген түркі тайпалары кірме атанған жоқ, керісінше, жергілікті тайпалармен қоян-қолтық араласып, біртұтас қазақ этносын құруға және қалыптастыруға үлкен үлес қосты.

Осындай күрделі этно-саяси процестерді зерттегенде және оларды сипаттағанда бүгінде қазақ халқын құраған көптеген тайпалардың атауларын, яғни этнонимдерін анықтап алу басты міндетке айналып отырғаны тарихымыз үшін құпия емес. Өйткені, біз жоғарыда атап кеткен Моңғол қыратындағы және Алтай-Саян өңірлеріндегі көптеген тайпалық бірлестіктер және тайпалар өздерінің кейбір атауларын сақтап қалғанын байқаймыз. Біздің заманымызға дейінгі Үйсіндер мен Қаңлыларды айтпағанның өзінде, біздің заманның алғашқы ғасырларындағы Дулга, Дулу, Тэлэ, Оғыз-Наймандар және тағы басқа этнонимдер кейіннен қазақты құраған көптеген түркі тайпаларының тарихи тамырларына алып баратынын байқар едік. Бұл әсіресе, Моңғол жаулауы қарсаңындағы Моңғол қыратындағы этникалық құрылымдарды   зерттегенде   айқын   көріне   бастайды.   Енді тарих   сахнасына қазақты құраған түркі тайпаларының орта ғасырлардағы бабалары Жалайырлар, Меркіттер, Қоңыраттар, Керейлер және тағы басқалар шығып, олар тайпалық бірлестіктер, тіптен шағын мемлекеттер ретінде бой көрсетті. Алайда бір өкініштісі, тарихымызда осылардан бастау алған қазақты құраған түркі руларының қалыптасу тарихы әлі де толық анықталмай отыр. Бұл әрине тарихшыларымыздан түркі этностары тарихын тереңдете зерттеуді, осы мәселелерге аса қатты мән беруді талап етеді.

Осы бағыттағы жұмыстардың негізін біздің ойымызша, бәрінен бұрын бүгінгі қазақты құраған рулар мен тайпалардың ежелгі және орта ғасырлардағы тарихи тамырларын түгелдей зерттеулер құрауы керек. Бұл аса ауқымды және мемлекеттік тұрғыдан қамқорлықты, тұрақты қолдауды қажет ететін үлкен ғылыми-зерттеу жобасы болып табылады. Бұл дегеніңіз шын мәнінде бүкіл қазақ халқының біртұтас этно-саяси тарихын қалпына  келтіру  болып  шығады.  Бірнеше  ондаған  томдардан тұратын мұндай тарих болашақта қазақ тарихының бет-бейнесін және ғылыми мазмұнын түбірінен және сапалы өзгерістерге ұшыратады деп ойлаймыз.

Қазақты құраған әрбір ру-тайпаның көне дәуірден кеңестік тоталитарлық   жүйеге   дейінгі   тарихы   түгел, кең құлашпен, кеңінен қамти жазылатын болса, бүгінгі мектептерде және университеттерде    оқытылып жүрген оқу бағдарламалары және оқулықтар мен оқу құралдары ғылыми және әдістемелік тұрғыдан күрделі толықтыруларға ұшырар еді. Нәтижесінде біз басқа  халықтардың  ешбіріне  ұқсамайтын  қазақ  халқына  ғана тән, өзіндік ерекше тарихты оқып үйрене бастар едік. Бұл әрине, қазақ халқының бәрінен бұрын этникалық құрылымын және ерекшеліктерін қамтыған ауқымды да шынайы және тиянақты тарих   болып   шығар   еді.   Бұл   дегеніміз   тарихи   шындықты қалпына келтіру де болып табылады. Сондықтан да алда біздің зерттеушілеріміз осыған үздіксіз ұмтылулары қажет.


“Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде”, 2008 ж.

Бөлісу: