28 Қаңтар 2016, 10:24
Әлихан Бөкейхан 1870 жылдың 5 –ші наурызында бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының жетінші ауылында дүниеге келген. Әлихан Бөкейхан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымынан. Арғы атасы – атақты Көкжал Барақ. Әлихан Нұрмұхаммедұлы XIX ғасырда билік еткен Орта жүздің ханы Бөкейдің ұрпағы. Бөкейден Батыр, Батырдан Мырзатай, Мырзатайдан Нұрмұхаммед, Нұрмұхаммедтен Әлихан .
Әлихан Қарқаралыда жергілікті молдадан сауат ашқан. Кейін қаладағы үш сыныпты мектепке ауысты. Осы үш жылдық мектепті бітіргеннен кейін , 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыды. 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны "техник" мамандығы бойынша бітіріп шықты. Әлихан Бөкейхан 1890-1894 жылдар аралығында Санкт-Петербордағы Орман технологиялық институтының экономика факультетінің студенті болды.
ХХ ғасырдың басында қазақ даласында екі саяси ағым пайда болды. Біріншісі – Біртұтас Түркістанды жариялауды мақсат тұтқан дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі – негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүрікшіл ағым. Батысшыл екінші ағымның басында Әлихан Бөкейхан бастаған еуропалық білім алған қазақ зиялылары тұрды. Олар ең алдымен, «Оян, қазақ!» деген ұранмен халықтың сана-сезімін оятатындай жағдай жасау керек деп білді. Бар күш-қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырды.
ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының саяси және рухани өмірінде айрықша орын алған «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне Әлихан Бөкейхан зор еңбек сіңірді. Ол 1914 жылдың маусымында Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен шақырылған Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты, мұсылман фракциясы бюросының тұрақты мүшесі болды.
Ұлттық мемлекет құру Әлихан Бөкейханның негізгі мақсаты еді. Оның жетекшілігімен 1917 жылдың шілдесінде бірінші жалпықазақ съезі өткізіліп, құрылтайда «Алаш» партиясы құрылды. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында қазақ мемлекеттлігі туралы мәселе қараған жалпықазақ съезі болып өтті.
Құрылтай уақытша Ұлт кеңесін құрып, оның аты «Алаш Орда» болсын деген шешім қабылдады. 25 орыннан тұрған бұл үкіметтің төрағасы, қазақтың тарихында ТҰҢҒЫШ ПРЕМЬЕР-МИНИСТР болып көпшілік дауыспен Әлихан Нұрмұхаммедұлы БӨКЕЙХАН сайланды.
Өкінішке орай Алаш аутономиясының ғұмыры қысқа болды. Билік басына «қызыл» коммунисттер келді. 1919 жылы большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Әлихан Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады. Бірақ, ол 1926 жылы екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Кейін Әлихан Нұрмұхаммедұлы Мәскеуге жер аударылды. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлихан атамызды 1937 жылдың тамызында қайтадан тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен Мәскеуде ату жазасына кесті.
Қазақтың тұңғыш Премьер – министрі Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейханның есімі жас ұрпақтың жадында және ел тарихында алтын әріптермен мәңгілікке сақталады!