Қазақтың мақтанышына айналған сайыпқыран спортшылар

27 Тамыз 2021, 12:22 5678

Спорт саңлақтары

 

Қазыналы Қарағанды өңірінен спорт деген сиқырлы әлемнің көгіне ел мақтанышына айналған талай сайыпқыран ұландар самғап ұшты. Олардың спорттағы қол жеткізген биігі мен алған асуы ел спорты тарихының жылнамасына алтын әріптермен жазылып қалды. El.kz порталы Қайрат Әбілдиновтың «Ел намысы бір кеудеге сыйған ба?» атты кітабына сүйене отырып, даңқын төрткүл дүниеге танытып жүрген қарағандылық майталман мамандар мен спортшылар туралы баяндайды.

Қазақтың қанаты

Қанат Байшолақов 1961 жылдың 20 маусымында Ақмола облысы, Целиноград ауданының «Еңбекші» деген ауылында дүниеге келген. Негізі, түп-төркіні Жаңаарқаның «Сейфуллин» ауылынан, тыңды игеру кезінде атасы Ашубай Байшолақов Ақмолада партия жұмысында болған. Кейіннен атамекен Жаңаарқаға көшіп келіп, аудан орталығы Атасудағы Надежда Крупская атындағы мектептің бірінші сыныбына оқуға барды.

 

1971 жылы Жаңаарқада атақты «Жас сұңқар» спорт мектебі ашылған. Талай қыранды түлеткен бұл мектептің ірге көтеруіне Төлеутай Асқаров деген ағамыз көп еңбек сіңірген. Оның алғашқы директоры да өзі болды. Әрине, ол кісі бұл істе жалғыз болған жоқ. Сол кездегі аудан басшысы Мұқан Медеубаев, спорт жанашырлары Ғазым Жарылғапов, Диқанбай Биткөзов – міне, осы ағалар Жаңаарқада спортты дамытуға ерекше еңбек сіңірді. Спорт мектебі ашылғанда, жастайынан спортқа құмар Қанат үшінші сыныпта оқып жүрді. Уақыт өте келе, мектептің спорт залына әбден бауыр басып алды. Ал күреспен сегізінші сыныпқа көшкен жылы шындап айналыса бастады.

 

Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде, республикалық «Динамо» спорт қоғамының чемпионатын жеңді. Содан «Динамоның» бапкері Григорий Бадлердің көзіне түсіп, Жаңаарқада өткізілетін жарыстарға шақырылды. Оныншы сыныпта оқып жүргенде, Ташкентте өткен Бүкілодақтық «Динамо» ОК чемпионатына қатысып, үшінші орынды алды да, КСРО спорт шеберінің нормативін орындады.

 

Кеңес өкіметі кезінде Қарағандыда жыл сайын самбодан ғарышкерлерді еске алуға арналған дәстүрлі турнир өтетін. Бұл жарыстың деңгейі өте жоғары болушы еді. Бүкіл Одақтан келіп күресетін балуандар арасында әлем чемпиондары да болатын. Бірінші-екінші орындарға ие болғандарға «КСРО спорт шебері» атағы берілуші еді. Осы жарыста Қанат суретін газеттерден ғана көріп жүрген Алмас Мұсабеков сынды атақты балуанның өнеріне тәнті болып, балуанның бапкері Марат Жақитовпен жақын танысты. Қанаттың күресінен иненің жасуындай икемділік байқаған ол кісі Қанатты Жамбылға оқуға шақырды. Содан екі-үш ай өтпей жатып Қанат Жамбылға барып, гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсті. Диқанбай Биткөзовтың ақ батасын алып, Марат Жақитовтай бапкердің қарамағында жаттыға бастады.

 

Сол кезде қазақ күресінен Қазақстанның, ал самбодан КСРО-ның спорт шебері атанды. Сөйтіп, бірте-бірте қазақша күресті қойып, біржолата самбоға көшті. Қанаттың студент кезіндегі алғашқы турнирі – Қазақстан Кубогы жолындағы жарыс болды. Мұнда ол жүлдегерлер қатарына енді. Юрий Куропаткин сынды білікті бапкердің көзіне түсіп, Қазақстан құрама командасының сапына қабылданды.

 

1980 жылы Ашхабадта жастар арасында өткен КСРО чемпионатында топ жарып, Испанияда болатын әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алды. Ал Мадридте өткен дүниежүзілік додада Алла Тағаланың беріп тұрған несібесін уыстан шығармады. Өз саламағында жастар арасында қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды.

 

Спорттық өмірде қызығы мен шыжығы аралас неше түрлі оқиғалар болып жатады. 1981 жылы Қарағандыда самбо күресінен КСРО чемпионаты өтті. Қанат финалға дейін еш қиналмай жетіп, жеңетініне еш күмәні болған жоқ. Сөйтіп жүргенде, ақтық сында қара басып, өзінен екі жас кіші Айтжан Шоңғараевқа есе жіберіп алып, таза тактикалық тұрғыдан ұтылды. Осы жеңіліс Қанатқа моральдық тұрғыда өте ауыр тиді, қатты күйзелді. Алды-артына қарамай Жаңаарқаға кетті де қалды. Ауылда біраз жатып, өзіне-өзі келген соң, інілері Талғат пен Жанатты ертіп алып, жаттығуды қайта бастады. Осындай салым суға кеткен сын сағаттарда Марат Жақитовтың қамқорлығы өте мықты сүйеу болған еді.

 

1983 жылы институтты тәмамдап, Жаңаарқадағы спорт мектебіне бапкер болып орналасты. Екі мезгіл дайындық жасап, жаттыға бастады. Сөйтіп жүргенде Алматыдан КСРО чемпионатына шақырған жеделхат келді. Чемпионат Ресейдің Рыбинск деген қаласында өтті. Бұл жарыста жақсы күресіп, Испанияда жазда болмақшы әлем чемпионатына жолдама алды. Сөйтіп жүргенде, 1984 жылдың 18 наурызында Қанаттың әкесі қайтыс болды. Үйдегі ұлдың үлкені Қанат болғандықтан, барлық ауыртпашылық оның мойнына түсті. Әуел баста әлем чемпионатына барудан бас тартқысы да келген. Бірақ, ақырғы сәтте намысы қамшылап, жолға шықты.

 

Сол жылы Мадридтегі әлем чемпионатында 48 келі салмақ дәрежесінде чемпион болды. Мәскеуде ұшақтан түскен кезде Қанатты сән-салтанатпен, қошеметпен өте жақсы қарсы алды: құшағы гүлге толып, Қанат өзін шын мәнінде әлем чемпионы ретінде сезінді. Ал Жезқазғанға ұшақпен ұшып келсе, тым-тырыс, тірі пенде жоқ. Жаңаарқаға келгенінде ғана үй-іші шат-шадыман қарсы алды.

 

Әлем чемпионы болғаннан кейін бір жылдан соң үйленді. Келіншегі Бақыт Қанаттан екі жас кіші, Жаңаарқада жоғары сыныптарда оқыған кезінен таныс болатын. Бір жылдан соң өмірге Айдос есімді тұңғышы келді.

 

1985 жылы КСРО чемпионаты өтті. Қанаттың дайындығы ойдағыдай болмағандықтан, қола жүлдеге ғана ілікті. Сол жылы інісі Талғат та үшінші орын алды. Қанат «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын алған соң күресті біржолата қойғысы келді, бірақ, ол оңай шаруа болмай шықты. 1985 жылы әлем және Еуропа чемпионаттарына баруға мүмкіндік болды, бірақ та, отбасылық жағдайға байланысты ойға алған істің бәрі жүзеге аспады.

 

1986 жылы Қанат 52 келі салмақ дәрежесіне өтті де, КСРО Кубогы жолындағы жарыста жеңіске жетті. Бұл жарыста Талғат та жеңімпаз болды.

 

Қанат Байшолақов ең соңғы рет Киев қаласында өткен КСРО Кубогы жолындағы жарысқа қатысты да, күресті біржолата тастады. Жасы ол кезде отызға келген болатын. Жаттықтырушылардың ішінде Диқанбай Биткөзов пен Марат Жақитов ағаларды ерекше құрмет тұтты. Спорттың тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған бұл екі тұлғаны ешқашан бөліп-жарып қарауға болмайды, екеуі құрған одақ кезінде КСРО түгілі, күллі әлемді дүрілдетті.

 

Сонымен қатар, Қанат Байшолақов Қазақстанның дзюдодан құрама командасында аға бапкер болып қызмет атқарды. «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» деген атағы бар. Жалпы, Қанатты жаттықтырушылық жұмысқа 2001 жылы Дәулет Тұрлықанов шақырды. Дәулет Болатұлы оған қыздар арасындағы құрама команданы жаттықтыруды ұсынды. Қыздар арасындағы құраманы жаттықтырған жылдар жеміссіз болмады. Бір жылдан кейін Шолпан Қалиева Азия чемпионатында жүлдегер болды. Одан кейін 2004 жылғы Афины олимпиадасына екі жолдама алды. Бейжің-2008 Олимпиадасына жеті салмақта алты бірдей жолдамаға ие болды. Бұл, әрине, ауыз толтырып айтар табыс болатын.

 

Міне, «Қазақтың Қанаты» атанған Қанат Байшолақовтың спорттың қиясына салып кеткен ізі осылайша сайрап жатыр. Ол өзінің Жаңаарқасы дегенде кеудедегі жұдырақтай жүрегін жұлып беруге дайын тұратын отаншыл еді. Жеңілістің ащы дәмін татып, жаны күйзелген шақтарында да құлындай шұрқырап келіп туған жердің құшағына еніп, мауқын басатын. Өмірінің ақырғы сәті де Жаңаарқаға бара жатқан жол үстінде өтті.

 

Қанат Байшолақов 2011 жылы 5-ші ақпанда өмірден озды. Бар саналы ғұмырында Жаңаарқасының атын жер жүзіне жайып еді, енді Жаңаарқасы оны жер бесікке салып, тербеп жатыр.

 

 

Қазақ боксының құдіретін төрткүл дүниеге танытқан боксшы

Василий Жиров 1974 жылдың 4-ші сәуірінде Көкше теңіздің (жергілікті жұрт Балқаш көлін кейде осылай да атайды) жағасындағы керім қала Балқашта дүниеге келді. Ол отбасындағы үшінші ұл болатын. Тағдырдың тәлкегі дерің бар ма, болашақ чемпион үш жасқа толар-толмаста әкесі отбасын тастап, бақытын басқа жақтан іздеп кеткен. Бұл кезде Василийдің анасы Нина қызы Анастасияға жүкті болған. Төрт баламен жападан-жалғыз қалған Нина Григорьевнаның тағдырдың басқа салғанына көнбеске амалы жоқ еді. Осы бір қиын шақта өз әкесі Григорий Григорьевич Репченконың көмегі көп болды... Ұлты украин, Сібірде туып-өскен Репченко аса ірі, күш-қуаты мол, айналасына сыйлы адам болған екен. Василийдің өр, қайтпас-қайсар мінезі нағашысынан дарыса керек. Әлбетте, болашақ чемпионның нағыз еркек, намысты азамат болып қалыптасуына нағашысы Григорий Григорьевичтің ықпалы зор болған.

 

Василий боксқа он жастан асқанда барды. Бұған дейін ол би үйірмесіне қатысып жүрді. Кейіннен суда жүзумен, каноэ есумен, күреспен айналысты. Әрқайсысының басын бір шалып жүріп, әйтеуір боксқа тұрақтады.

 

Жалпы, Василий елгезек, тыңғылықты бала болып өсті. Сабағын жақсы оқыды, үй шаруашылығына да қолғабысын аямады. Анасы комбинатқа түнгі ауысымға кеткенде, тамақты өзі пісіре беретін. Балқаштағы №10 мектептің сегізінші сыныбынан кейін, арнаулы кәсіби-техникалық училищеге түсіп, дәнекерлеуші мамандығы бойынша дәріс алды. Училищені үздік бітіріп, 4-ші дәрежелі дәнекерлеуші мамандығын игерген дипломға ие болды.

 

Василийдің бапкері Александр Иванович Апачинский былайғы өмірде қайырымды адам болғанымен, жаттығуда адам баласын аямайтын қатыгез екен. Василиймен бірге барған балалардың түгелге дерлігі оның өте қатал жаттығу тәсіліне шыдай алмай, безіп кеткен. Ал Василий бәріне де төзе білді. Бір күні оның білегі мен балтыры қан-қан болып келді. Кейін жаттығу барысында Апачинский Василийді ұзын дәлізге қалдырып, қабаған овчарка итін қосады. Сонда Василий итке жеткізбей, дәліздің соңындағы есікке жетіп үлгеруі керек көрінеді. Сөйтіп, осындай тәсілмен бапкер оның жылдамдығын ұштаған.

 

Бапкер Апачинский мен боксшы Жировтың кездесуі кездейсоқтық емес, тағдырдың жазуы деуге болатын дүние. Әу баста бапкерге бойы серейген бозбаланың рингтегі ебедейсіз жүрісі, солақай тұрысы ұнамапты. Тіпті, бокстан басқа спортқа баруына ақыл қосқан кезі де болыпты. Бірақ, Василий алған бетінен қайтпаған. Жаттығудың бір де бірін құр жібермейді екен. Содан, бір күні өзінен үлкен және әлдеқайда мықты қарсыласын спаррингте жеңіп кеткенде ғана Апачинскийдің көңіліндегі мұз жібіп, бұған назар аудара бастапты.

 

Әрине, әкесіз өскен Василий үшін өзінің бойына нағыз еркекке тән қасиеттерді сіңіруге тырысқан Апачинскийдіңи орны ерекше бөлек болды. Кейіндері, әуесқой және кәсіпқой бокстың шырқау шыңына шыққан кезінде ол азаматтық танытып, Апачинский болмаса, өзінің мұндай табысқа өмірі қол жеткізе алмасын талай мәрте мойындап, мәлімдеген де болатын.

 

Бапкер Апачинскийдің қарамағында жүріп Василий Жиров әуесқой бокста ұзын-саны жиырма үш турнирді ұтып алды. Атап айтқанда, ол КСРО-ның, Қазақстанның, Еуропаның және Азияның чемпионы атанды, әлем чемпионатының қола жүлдесін қанжығасына байлады. Ал он сегіз жасқа толғанында әскер қатарына шақырылып, әскери-әуе күштері қатарында азаматтық борышын өтеп қайтты.

 

1996 жылғы Атланта олимпиадасының алдында Василий Жиров қазақ боксының болашағынан мол үміт күттірген жарық жұлдыздарының бірінен саналды. Мына бір жайтты айтпай кетуге тағы болмайды: Олимпиада додасының алдында біздің елдің былғары қолғап шеберлері Германия жерінде Украинаның құрама командасымен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізді. Сонда әккі бапкер Апачинский Василийді украиндық Владимир Кличкомен бірнеше рет спаррингке қойған екен. Қазіргі таңда кәсіби бокста аса ауыр салмақта әлем чемпионының атағын ешкімге бермей жүрген Кличкодан бойы қысқа, салмағы айтарлықтай жеңіл болса да, біздің Василий осы жекпе-жектерде намысты қолдан бермеген. Кейін, Александр Апачинский айтқандай, осы спарринг жекпе-жектерінің Василий үшін пайдасы молынан болған екен.

 

Атланта рингіндегі алғашқы жекпе-жек Василий үшін қырсықпен басталды: басты қаруы – сол қолының шыбық сүйегі жарылып, ойламаған жерден жарақат алды. Дегенмен, Апачинскийдің адам төзгісіз шыңдау мектебінен өткен Василий бұған қыңқ демеген. Қарсыластарын бірінен соң бірін шаршы алаңнан ығыстырып отырды. Жартылай финалда ол өте тәжірибелі Антонио Тарвермен жекпе-жекке шығып, 15:9 есебімен жеңді. Ал ақтық айқаста Корей боксшысы Ли Сонг-Бейді 17:4 есебімен тас-талқан қылып ұтты. Олимпиаданың алтын медаліне қоса Жиров барлық салмақ дәрежесі бойынша ең үздік боксшыға берілетін «Вэл Баркер» Кубогына ие болды. Атланта рингінде Василий Жиров өзін бет қаратпай шабуылдайтын, техникалық дайындығы таңдай қақтыратын және де соққылары естен тандыратын боксшы ретінде көрсете білді. Осы қасиеттері үшін журналист ағайын Василийді бір ауыздан «Жолбарыс» деп атаған болатын.

 

Василий Жиров Атланта олимпиадасында айды аспанға шығарғаннан кейін, оның атына америкалық және еуропалық промоутерлерден бірінен-бірі өткен тиімді ұсыныстар түсе бастаған. Ақыры, 1996 жылдың соңына таман Василий Америкаға кетіп, атышулы Боб Аруммен келісім-шартқа отырды. Жиров кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін 1997 жылдың 18 қаңтарында америкалық Винни Браунмен өткізіп, оны екінші раундта нокаутқа түсірген. Бұдан кейін ол екі жыл ішінде 19 жекпе-жек өткізіп, соның бәрінде жеңісті жолды жалғастыра білді. Ақыры, 1997 жылдың 5 шілдесінде IBF (халықаралық бокс федерациясы) тұжырымы бойынша әлем чемпионы Артур Уильямспен жекпе-жекке шығу мәртебесіне қол жеткізіп, атақты қарсыласын жетінші раундта техникалық нокаутпен ұтты. Бұдан кейін ол өзінің чемпиондық атағын алты рет қорғап, Сол Монтана, Дейл Браун, Джулиан Леттерло және Хорхе Кастро сынды қарсыластарының сағын шаршы алаңның төрінде сындырған болатын. Тіпті, 2001 жылы аса ауыр салмақта алғаш рет өнер көрсетіп, Адольф Вашингтонды жеңген еді. Алайда, 2001-2002 жылдары Василий Жировтың басына қара бұлт үйіріле бастаған. Бұл кездегі болгар промоутері Ивайло Готцев екеуі арасындағы түсініспеушілік оның кәсіпқой бокстағы тамаша карьерасына кесірін тигізіп-ақ бақты. Миллиондаған долларға келіп тірелген осы бір ырың-жырыңның кесірінен Джеймс Тонимен болған жекпе-жекке дейін шаршы алаңға 15 ай бойы шықпаған Василий шын мәнінде «Қарайып» қалған болатын. Бұл кезде оның жанында бапкері Апачинский де болмаған. Он екі раундтқа созылған сол жекпе-жектің соңына таман Василий Жиров ауыр нокдаун алған. Төрешілер жеңісті бір ауыздан Тониге берді. Өкінішке қарай, Василийдің қолы қарымта жекпе-жекке жетпей, арман да кетті. Жировтан чемпиондық атақты тартып алғаннан кейін Джеймс Тони ауыр салмаққа ауысып кеткен болатын.

 

2004 жылы Василий Жиров та ауыр салмаққа ауысып, 13 наурыз күні жас пері Джо Мезимен жекпе-жекке шықты. Қарсыласын үш рет нокдаунға жіберсе де, қапталдағы бір төрешінің 94:93 деп берген есебі жеңісті Мезиге алып берген. Бірақ, 2009 жылдың қазан айында Василий Жиров рингке қайта оралып, Джонатан Уильямспен болған жекпе-жекте нокаутпен жеңіске жетті. Бір қарағанда, басынан бағы тая бастаған «Балқаш жолбарысының» шаршы алаңға қайта оралуы аса сәтті және салтанатты болғанға ұқсаған. Алайда, қолдағы бар кейінгі ақпарларға қарағанда, Василий Жиров өз өмірінің ширек ғасырын арнаған үлкен бокспен біржолата қош айтысуды ойлап жүргенге ұқсайды.

 

Жалпы, Василий Жиров кәсіпқой рингте қырық жекпе-жек өткізіп, оның отыз алтысында жеңіске жеткен екен. Үш жекпе-жекте ғана жеңіліп, біреуін тең аяқтаған.

Абайдан шыққан абадан

Серік Сәпиев 1983 жылдың 16 қарашасында Қарағанды облысындағы шағын ғана кеншілер шаһары Абай қаласында туған. Абай демекші, осы бір қаланың аты бокспен шықты десек, жаңылмаймыз. Бұл топырақтан Еуропаның екі дүркін чемпионы Серік Нұрқазов, Азия чемпионы Данияр Мұңайтпасов, кәсіпқой бокстан әлемнің экс-чемпионы Олег Маскаев сынды сайыпқырандар шыққан.

 

Серіктің әкесі Жұмағали мен анасы Ирина төрт баланы тәрбиелеп өсіріп жатқан қарапайым отбасы, Қарағандының іргесіндегі Абай қаласының байырғы тұрғындары. Серік екі ұлдан кейінгі үшінші бала. Боксқа он жасында барған бала бағына қарай Александр Стрельниковтей сұңғыла бапкерге жолықты. Басқаға көңілі бұрылмай, боксқа баруының да себебі бар. Әкесі Жұмағали, оның інісі Бақытай да кезінде былғары қолғап киіп, шаршы алаңда талай бақ сынаған боксшылар болған. Мысалы, немесе ағасы Бақытай бокстан жастар арасындағы КСРО және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері атанған халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

 

Бұғанасы қатып, буыны бекімеген бала Серік бір жылдай Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.Стрельниковтен бокстың әліпбиін ұққаннан кейін, әкесінің ақылымен Қарағандыдағы Ә.Молдағұлова атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатында оқып, Сайын Аратаев сынды әйгілі бапкердің қарамағында жаттықты. Шыны керек, боксшылардың тілімен айтқанда «Қолы жүмей» қойды. Кір жуып, кіндік кескен Абайына, өзінің алғашқы жаттықтырушысына қайтып келді. Қайта қауышқан ұстаз бен шәкірттің «Ә» дегеннен-ақ тасы өрге домалап берді. Алғашқы жеңіс те көп ұзамай келді: 2001 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатын ұтып алып, спорт шеберінің нормативін орындады. Осы сәттен бастап шыбығынан түзу өскен спортшының шаршы алаңдағы жеңісті жолы ашылды. Барған жерінің барлығында бағы жанып, бәйгенің алдын бермей жүрді. Тынымсыз тер төгіп, шаршамай ізденудің арқасында техникалық шеберлігі толысып, кәсіби тұрғыда пісіп-жетілді. 2004 жылы Америкада өткен әскерилер арасындағы әлем чемпионатына илеуі әбден қанған былғары қолғап шебері ретінде барды. «Барды.Көрді.Жеңді» дегендей, үш жекпе-жек өткізіп, бәрінде де таза жеңіске жетті. Арада екі-үш ай өтпей жатып, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатын «Ойнап» жүріп ұтты. Жарыстан жарыс қоймай жеңіп келе жатқан жігіт ел құрамасы жаттықтырушыларының назарына ілікпей қалмады. Құрамадағы кіл мықтылар мүйіз қағыстырған 60 келі салмақта (64 келіге ол 2006 жылы ауысты) сенім артар, үміт күттірер оғыланға айналды. Ал 2005 жылдың көктемінде Алманияның Галле қаласында өткен әлемнің «Кіші чемпионатында» күшіне сеніп келген мықтылардың мысын басып, алтын жүлдені алып қайтты.

 

2005 жылы Мәскеуде өткен Әлем кубогы жолындағы жарыста Серік Сәпиев кеудесін бастырмайтын мықты екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әттең, жарыс командалық есеппен өтіп, біздің елдің ұлттық құрамасы үшінші орынды қанағат тұтты. Әйтпесе, Серік бауырымыз өзінің үш қарсыласын бет қаратпай ұтқан болатын.

 

Өмірдің өзінде томаға тұйық жүретін Серік наркескен намысты ту қылған, кеудесін ешкімге бастырмайтын өр мінезді жігіттердің санатынан. 2007 жылы Тайландта өткен «Король Кубогы» деп аталатын ірі халықаралық турнирдегі төрешілердің әділетсіздігінен ақтық айқаста жеңілгенінде намыстан жылап жіберіпті. Ендіше, сол финалдық жекпе-жекте ол қарсыласын қатарынан екі рет нокдаунға жіберген екен. Адамды адам қылатын мінез дейді ғой. Осы қайсар мінез, қанында бар осындай қайтуды білмейтін қасиет болар оны жеңістің қиясына самғатып жүрген.

 

2007 жылдың соңына қарай АҚШ-тың Чикаго қаласындағы әлем чемпионатын, Серіктің шаршы алаңдағы бірінен бірі өткен әйбәт жекпе-жектерін жанкүйер қауым ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймыз. Осы сында қара қыпшақ Қобыландының ұрпағы Серік бауырымыз бес бірдей қарсыласын тізе бүктіріп, алтын медальға қоса Бейжің олимпиадасының лицензиясын жамбасқа басты. Сөйтіп, Абайдан шыққан абадан (Абадан дегеніміз – көк бөрінің көшбасшысы деген ұғымды білдіретін көне сөз екен) жігіт еліміз бойынша әлем чемпиондығының тәжін қатарынан екі мәрте киген тұңғыш былғары қолғап шебері атанды. Негізі, ол алғашқы чемпиондық атағын 2006 жылы Қытайдың Миньяң қаласында өткен әлем біріншілігінде алған болатын.

 

Серік Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетінде екінші жоғары білімін алды. Мұның алдында ол осы аталған оқу орнының дене тәрбиесі және спорт факультетін тәмамдаған болатын. 2006 жылы Мөлдір есімді жаңаарқалық арумен көңіл жарастырып, отау тікті.

 

Серіктің бокс десе, шығарда жаны бөлек. Боксты «Төбелес, ұру, соғу» деп түсінетіндерге күле қарайды. «Ең алдымен бокста ақылмен ойлап іс қылып, әрекет ету керек» дегенді ту қылған. Біреулер: «Анау менің кумирім, мынау менің пірім», – деп жатушы еді, мұның ешкімге ұқсағысы келмейді. Өзіндік «Мені» атойлап тұрған жігіт. Әлем мен Азияда, ел құрамасындағы өзінің салмағындағы қарсыластары мен бәсекелестерінің осал емес екендігін білсе де саспайды. «Бәсекелестіктен қорқатын түгі жоқ, ең бастысы аянбай тер төгу керек», – дейді көзінен от ұшқындап.

 

Бокста Серіктің өзіндік қолтаңбасы бүгінгі күнде әбден қалыптасып, айқындалған. Шаршы алаңда ол қарсыласына «Ә» дегеннен екпін мен қарқынды қимылға құрылған ұрыс түрін ұсынады, яғни ол боксшылардың тілімен айтқанда – «Темповик». Жан алып, жан беріскен екпінді ұрыстың мұндай түріне жігіттің сырттаны ғана шыдас береді. Содан да болар, солақай Серікпен кездескен қарсыластарының көбісі ақырғы раундтарда күш-қуатын сарқып алып, сыр беріп жатады. Күшке салып ұрып жыққаннан гөрі, қарсыласын титықтатып барып тәубесіне келтіргенді бек жөн көреді. Ұраны – шабуыл. Бауырымыздың сол қолының соққылары да осал емес.

 

Бір қуанарлығы – Серік бауырымыз бен оның жаттықтырушысы Александр Стрельников басқа қонған бақтың буына мас болмайтын дәті берік, ұстанымы мықты жандар. Халқы алақанға салып әлпештеген сайын Серіктің босаңсығанын көрген жоқпыз, қайта қайраттана, беки түскенін байқап та жүрміз. Үнемі елдің назарында жүру дегеніңіз ет пен сүйектен жаралған жұмыр басты пенде үшін оңай шаруа емес. Ал Серік болса, соның біріне мән бермейді. Елдің көл-көсір ықыласы мен ілтипатын өзіне көрсетілген сенім мен артылған зор жауапкершілік деп түсінетін болса керек.

 

Шарболаттай суарылған, өткірдің жүзіндей лыпып тұрған Серік 2007 жылдың қорытындысы бойынша, «Жылдың үздік спортшысы» атанды. Сонымен қатар, 2008 жылы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері болды.

 

Серік Сәпиев Қазақстанның бес дүркін чемпионы, санап берсең санына саусақтың өзі жетпейтін ірі-ірі халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Ең бастысы ол – Қазақстаннан, қазақтан тұңғыш шыққан әлемнің екі дүркін чемпионы. Дәл бүгінгі күнде, әлемдік әуесқой бокста 64 келі салмақ дәрежесінде дәурені жүріп-ақ тұрған дарабоз екендігін дүние жүзі мойындаған нағыз мықтының өзі.

 

Ел сенім артқан Серік қазіргі уақытта таңның атысы, күннің батысы жаттығу залында, бапкерінің айтқанын екі еткізбей, алдында аяғының ұшымен жүреді. Бала күнінен баулыған бапкеріне деген шексіз сый-құрметі де, қарап тұрып сүйсінесің.

ҚАЗІРГІНІҢ ҚАЖЫМҰҚАНЫ

Бүгінгі заман тұрғысынан алып қарасаң, қазақтың әлімсақтан келе жатқан күрес өнерін бокстың басып озғаны ашық шындық. Сайып келгенде, екеуі де жекпе-жек: ақ білектің күшіне, ақ найзаның ұшына жүгінген біздің жауынгер халық үшін бөтен болмаған. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары талай таланттың аяғына тұсау салынып, еркін күрестің шалқайып атқан таңы еңкейіп барып батты. Міне, енді араға уақыт салып еркін күреске барын беріп, елдің намысын жыртқан ерлердің бірі, еркін күрестен КСРО спорт шебері, Орта Азия кубогының екі мәрте иегері, Қазақстанның үш дүркін чемпионы – Жұмабай Қалижанұлы Жандығұлов.

 

Табиғатынан сыпайы, көзге түсуді, көлгірсіп мақтануды суқаны сүймейтін Жұмабай балуан көп балалы отбасында туып өсті. Анасы он алты құрсақ көтерген. Жұмабай бұл дүниеге алтыншы болып келген. Әкесі марқұм отыз жетінің зұлматында сотталып кетіп, елге елуінші жылдары оралыпты. Сотталғанға дейін есепші еді, қапастан оралған соң дін жолына біржолата түсіп, Ақтоғайға аты мәшһүр молда болды.

 

Бала Жұмабайды Қарағандының пединститутында оқитын Дариға деген әпкесі жетелеп әкеліп, Ә.Молдағұлова атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа тапсырған. Басында мұның боксқа барғысы келіп еді. Бірақ, мектеп-интернаттың сол кездегі директоры Бақдәулет Үрбісінов бұғанасы әлі бекімеген мұны аяған болуы керек, бокстан гөрі күреске барғанын жөн деп тапқан. Өз қолымен апарып еркін күрестің жаттықтырушысы Өмірзақ Серікұлы Байбалиновқа тапсырып еді.

 

Жұмабай жасынан спортқа бейім болып өсті. Ауылда жүргенінде спорттың көп түріне икемді болды. Болайын деп тұрған баланың бойындағы спортқа деген құлшынысты оятқан Аспандияр Мұқанов деген азамат еді. Қазір ол Ақтоғайдағы жасөспірімдер спорт мектебінде директорлық қызмет атқарады. Өзі «Спорттың әліпбиін үйреткен осы кісі» деп алғашқы бапкерін әркез құрметпен еске алып отырады.

 

Ең алғашқы жарысының бірі – 1979 жылы Ақтөбеде өткен мектеп оқушыларының спартакиадасы еді. Қарсыластарының бәрін қирата жығып, топ жарған. Тоғызыншы сыныпта жүргенінде қырық төрт келі салмақта Қазақстан бойынша «Бірінші нөмір» балуан атанды. Сол кездің өзінде Кеңестер Одағының бірқатар қалаларындағы боз кілемде күресіп, жүлде алып жүрді.

 

Спорттық мектеп-интернатта оқып жүргенінде мұның сыныптастары кейіндері араларынан талай мықты тарландар шыққан өзгеше бір толқын болды. Жұмабаймен бірге әлем чемпиондары Амангелді Жаппаров пен Серік Алшынбаев, Мұрат Майауызов, Қайрат Оспанов, Владислав Хакимов, Ербол Сәтенов сынды күрестің жілігін шығып, майын ішкен сайыпқырандар оқып жаттықты. Осы бозбала балуандар құрамына енген интернаттың командасы Белоруссияның Бобруйск қаласында 1981 жылы өткен спорттық мектеп-интернаттар арасындағы Одақ біріншілігінде бірінші орынды жеңіп алып, айды аспанға шығарған еді.

 

Спорт мектеп-интернатын бітірген кезінде Жұмабайдың төсінде «КСРО спорт шеберлігінен үміткер» деген белгі болды. Көп ойланбастан-ақ Қарағанды педагогикалық институтына келіп түсті. Мұнда ол жолы болып, өте тәжірибелі бапкер Виктор Васильевич Хорунжийдің қарамағындағы топқа түсті. Бір жыл өтісімен Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы бүкілодақтық турнирде өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Ақтық айқаста он сегіз жастағы бозбала жігіт Валерий Самакиш деген балуанға тап болып, ұпай санымен есе жіберген. Айта кету керек, сол кездегі Нұркен турнирінің атақ-даңқы жер жарып тұратын. Негізі бұл турнир Тбилисиде өтетін дәстүрлі «Әлемнің кіші чемпионатының» алдындағы аса ірі іріктеу додасы болатын.

 

Сөйтіп, алпыс сегіз келі салмақта күміс медальді жеңіп алған Жұмабай «КСРО спорт шебері» атағының нормативін орындап, сол кезде екінің бірі қол жеткізе алмайтын асуды бағындырған болатын. Кейіндері ол осы Нұркен турнирінде бірнеше мәрте топ жарды. Нақтырақ айтсақ, 1988 жылы сексен екі келі салмақ дәрежесінде жарыстың жеңімпазы атанды да, іле кәсіподақтардың бүкілодақтық аймақтық чемпионатында алтын жүлдені қанжығасына байлады. Ал арада бір жыл өткенде А.Цюрупа атындағы бүкілодақтық турнирдің чемпионы болды.

 

Жұмабайдың атағы 1990 жылы Моңғолияда өткен дәстүрлі моңғол күресі жарысынан кейін дүрілдеп шықты. Айналдырған үш күннің ішінде ол отыз алты белдесу өткізді! Түбі бір тамырлас халықтардың мықты балуандары түгел жиналған дүбірлі додада ол моңғолдың небір дүлдүл балуандарын қирата жеңіп, қазақ деген халықтың құдіретін айдай әлемге паш еткен болатын.

 

Жұмабай күреспен жиырма алты жасында қош айтысты. Бұл – 1990 жыл болатын. Белдесіп жүріп, өзінен деңгейі әлдеқайда төмен балуанға күрделі әдіс жасаймын деген сәтінде мойын омыртқасы кілт ете қалған. Ол бір өміріне қатер төндірген ауырлау жарақат-тұғын. Бір жылдан кейін күреске қайтып келмек ойы болған еді, дос-жаран болар да болмай ол райынан қайтарды.

 

Жалпы, оның көңіл шіркіннің кейбір алабұртқан сәттерінде жарақаттың кесірінен күрестен амалсыз кеткеніне өзегі өртене өкінетіні бар. Жиырма алты жас дегеніңіз – еркін күресте нағыз нәтиже беретін, шеберлік пен тәжірибе тоғысып, ер жігіттің балуан ретінде әбден толысатын шағы.

 

Боз кілемнен кеткенімен күреске жіпсіз байланып қалған-тұғын. Алдымен кәсіподақтар спорт қоғамының спорт мектебінде, сосын жасөспірімдердің «Дәулет» күрес мектебінде, одан кейін Жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттықтырушылық қызмет атқарды. Өзінің білгені мен мол тәжірибесін боз кілемде күресуге бейіл танытқан балалар мен жастардың бойына сіңіре бастады. Еңбегі нәтижесіз емес. Әсіресе, кейінгі уақытта бүтіндей бір толқын дүркірей өсіп келеді. Олардың қатарында атақты Нұржан Қатаевтың інісі Асқар, сосын Дастан Ақмырзаев, Марғұлан Жүсіпов, Саят Қожықов сынды еліміз бойынша «Үштікке» еркін еніп жүрген жастар бар.

 

2008 жылы Нұржан Қатаев бауырымыз Болгарияда өткен «А» класындағы ірі турнирде тоқсан алты келі салмақ дәрежесінде топ жарып, ел құрамасына Бакудегі әлем чемпионатының жолдамасын алып берді. Мұның өзі еркін күрестен облыстың бас жаттықтырушысы болып қызмет атқарған Жұмабай Қалижанұлы үшін зор мәртебе емес пе?!

 

Алия Кульмагамбетова
Бөлісу: