Қазақтың «қанатты қызы»

15 Қазан 2015, 03:56

Батырмен жүздесу

Журналистік қызметімнің ең ірі олжасының бірі де бірегейі көзі тірісінде-ақ «Қазақтың қанатты қызы» атанған Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова апамызбен жүзбе жүз әңгімелесіп, ерлік тақырыбында бірнеше сағат сұхбат құрғаным дер едім. Батырмен көрісуім әр сәтіне шейін көз алдымда.

Бұл 2000 жылдың көктемі болатын. Алматыда тұратын халқымыздың белгілі суретшісі, марқұм Саламат Өтемісов ағамыздың арқасында Хиуаз апаның үйіне бардық. Мен, бейнекамераға түсіруші операторым және жолбастаушымыз Саламат аға болып, Алматының орталығындағы ескі бір үйдің есігін қақтық. «Бұл кім?» деген дауыс естіліп, артынша ақ шашты, өңі қатулы бір кейуана көрінді. Біз өзіміздің кім екенімізді, апайды туған жерінен әдейі іздеп келгенімізді тәптіштеп түсіндіріп жатырмыз. Мұқият тыңдап алған Хиуаз апа: «Сендер сияқты талайлар келген, қане, төлқұжаттаррың, әйтпесе...» деді. Біз бір-бірімізге қарап, аңтарылып қалдық. Саламат ағамыз біздің шыныменде Оралдан екенімізді қанша сендірсе де болмады, апамыз қолын бір сілетеп: «Ертең осы уақытта құжаттарыңмен келіңдер, сендерді тексеріп алмай, үйімнің табалдырығын аттатпаймын» деп шығарып салды. Құдайға шүкір, мүлдем келме демеді, тек құжатымыздың болуын талап етті. Апайдың бұндай әсіре сақтығын Саламат ағамыз біраз түсіндірді, әр түрлі тілшілер келіп, сұқбат алып, тіпті фотосуреттері мен кейбір деректі құжаттарын кейін қайтарамыз деп әкетіп, алдап кетіпті, содан шыққан қортынды болса керек. Мен өзімше қорыттым, атақты Бауыржан Момышұлы атамыз да шашы жалбыраған, тыриып киінген, сәлемі біртүрлі тілшілерді сөзге келтірместен қуып жіберген деп естігенбіз. Бұл батырға тән мінездің бір қыры. Ортақ, ұқсас мінез. Баукең атам сияқты Хиуаз апам да бізді сынап, әскери сүзгіден өткізгісі келген-ау деп ойлап, көндік. Үсті-басымызды түзедік.

Ертеңіне, мамырдың 15 күні межелі уақытта бардық. Бір қызығы апамыз әлгі төлқұжатымызды қолына ұстағаны болмаса, пәлендей мән берген де жоқ, айтпақшы мен бір шоқ қалампыр гүлін ала барғам, оны да жүрексіне-жүрексіне ұсындым: « Апа, мейрамыңызбен!» деппін, нақ қай мейрамды көздегенімді білмеймін, бірақ солай дедім, сол сәтте қатулы жүзіне шуақ үйіріліп жүре берген Хиуаз апа: «Менің оралдық жерлестерім туған күнім ді де ескеріпті, қош келдіңдер, төрлеңдер» деді де ішкі бөлмеден шығып, бізбен амандасқан ақсақалға: «Сен мұны да білмейсің. Бар өз бөлмеңе бар, бізге кесел келтірме, мен балаларыммен әңгімелесем...» деп кәдімгідей қатты-қатты айтып, күлімсірей қараған қарияны шыққан жағына кіргізіп жіберді. Қария сөз қайтармады. Ол кісі апамыздың жұбайы Шәку ақсақал екенін сосын білдік. Апайдың мінезін білетін иманжүзді ақсақалмен артынан тілдесіп, олардың арасындағы сыйластықты сезіндік.

Сонымен батыр апамызбен болған сұқбаттың ұзын-ырғасына келейін, біз әр түрлі сауалдардың басын шалдық: « Соғыста қай жерлерде болдыңыз? Түнде ұшу қорқынышты болған жоқ па? Жеңісті қайда қарсыладыңыз?» деген сияқты балакөңіл пейілімізді ақтарып, жауап тостық. Апамыз бірде қазақша, бірде орысша сөйлеп отыр.

– Әуе полкімен бірге үш жүз рет түнгі жорыққа шықтым. Ресейді, Кавказ жерін, Польша мен Германияны жаудан азат еттік. Соғысты Берлинді аяқтадық. Қарақтарым-ай, несін айтамын, қазір мен жиырма төрт сағат үйден шықпаймын, айға бір-ақ рет зейнетақымды алып келуге барамын, болды, қалған уақытта осылай... Ешкімге айтпайтын едім, бәрін айтатын болдым-ау... (Апамыздың қабағы түйіліп барып жазылды)

Мен кіммен дос едім, әлгі Борис Полевойдың «Нағыз адамымен», ұшқыш Алексей Маресьевпен. Мәскеуде бірге оқыдық. Сол соғыстан соң: «Катя, біз кімнен кембіз, кеттік, біз де сымбатты екі аяғымызбен дөңгелетіп тұрып билейік!» дейтін.

Ол Мәскеуде ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Мәскеуге жыл сайын комсомол жастар баратын, солар Маресьевтен хат-хабар, фотосуреттер әкеліп тұратын, мен олардың бәрін Алматының музейіне тапсырдым, сонда болуы керек.

Сосын маған соғыста жүргенімде Сағынғали Сейітов келді, әскери тілші екен, елді сағынып жүргенімде оны көріп, керім мәз болғаным бар. Одан Әлия Молдағұлова мен бала кезгі құрбым Мәншүк Мәметоваға батыр атағы берілгенін естіп, қуандым. Сағынғали соғыстан соң Жұбан екеуі келді, екі шабадан ойыншық сыйлады, құдай-ау толған ойыншық: паравоз, самолет, машина дейсің бе бәрі бар, мені бала құсап мәз болсын деді ме екен, сондай сыйлық жасағандары бар екеуінің. Қонаевтың тұсында екі қызметкер менің жанымда жүретін, қайда барсам да ілесетін, болысатын. Ал соңғы он жылдан бері мені іздеп жатқан ешкім жоқ... Күнде тереземнің алдына Алматының көгершіндері қонады, солар мені біледі. Шынын айтсам, мені бұл дүниемен байланыстырып тұрған тек ұлым Ерболат, сол ұлымнан көрінген екі немерем. Соларға қарайлаймын, әйтпесе бұл фәниде мені ұстап тұрған ештеңе қалған жоқ қарақтарым...

Халқым «Қанатты қыз» деп атады, Сағынғали өлеңін арнады, ел біледі менің не істеп, не қойғанымды... Рахымжан Қошқарбаевпен жиі көрісетінбіз. Мына «Медеуді» салуда еңбегім сіңді, алматылықтар оны білуі керек.

Осы тұста біз апамызбен бірге соғысқандар: Марина Чеченева, Полина Гельман, Раиса Аронова, Нина Ульяненко, Антонина Худякова және басқаларға Ресей батыр атығын соғыс бітісімен беріп тастағанын, сіздің ала алмай келе жатқаныңызға ел-жұрт болып қатты қамығатынымызды, осы мәселені көтере беретінімзді айтып қалғанбыз. Сұрағымызды естігенмен, апай бастаған әңгімесінің желісін үзбеді.

– Біздің шаңыраққа осы Алматы, оны төңірегінен талайлар келіп, қонып кетіп жүретін. Үйіміз барлығына ашық болды. Сонау жылдары (1986 жылды айтып отыр) әлгі дүрбелең уақытта менің тереземнің алдына жастар жиналатын. «Апа, біздің ешқандай кінәміз жоқ. Ар алдында ақпыз. Текке жазғырып жатыр...» деп егіледі. Мен не дейін: «Балаларым, пионер, комсомол болдыңдар, жақсы тәрбиені ұмытпай әрқашан сабырлы, тәртіпті болыңдар» дедім. Сұм соғыстың мүгедегімін, оларға басқа не айтамын?.. Балаларым, айттым ғой, мені бұ дүниемен байланыстырып тұрған ұлым, екі немерем. Соларға өсиет жазып қалдыруым керек. Ұлым, Ерболатым МГУ-дың аспирантурасында оқыды, ғылым докторы болатын еді, кандидат та бола алмады, кіл беске оқыған баламның жолын кесті...

Апа, туған жеріңізді, Оралды сағынатын шығарсыз.

– Оралда №1-ші мектепте оқыдым, ол патша заманында бірінші үлгілі гимназия болған, кеңес уақытында мектеп атанды. Пединституттан онша қашық емес жерде орналасқан қызыл кірпіштен қаланған ескі ғимарат. Сол мектептен, Оралдан зейнетке шыққанға шейін үзбей хат келіп тұратын, сосын үзілді... Орал, Нарын, Шоңай туған жерім, сағынамын әрине, бірақ қазір бәрі өзгеріп жатқан кез, не деуге болады. Мені іздеп келгендеріңе рахмет,-деп Хиуаз апа орнынан тұрып, шамасы бізге суреттерін көрсеткісі келді ме арғы бөлмеге барып қайтты. Қайта отырғанда кеудесіндегі ордень-медальдар сыңғыр ете қалды. Бірінші, Екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордені мен бірнеше медальдар сапында «Кеңес Одағының батыры», дұрысы «Халық қаһарманы» деген ең басты алтын төсбелгінің жоқтығына сол сәт бәріміз кінәлідей сезініп, төмен қарадым. Айтпақшы осы сұқбатты бейнетаспаға қашықтан түсірдік, оператор (Р.Ишанов) камераны тізесіне қойып, бізге бағыттап, сөзді «пушкі микрафонға» жазды. Осы бір жолы қиын түсірілімнен «Жеңсті жақындатқандар» атты сапалы бір дүние шығардық. Оралдық жерлесім Мұрат Жәкібаев батыр апамыз туралы шынайы деректі фильм түсірді.

Оралдағы Жұбан Молдағалиев атындағы ғылыми әмбебап кітапханада Хиуаз апамыздың өз қолымен жазған, 1960 жылы он мың тиражбен Алматыда басылып шыққан «Под командованием Расковой» атты әскери ұшқыштың естеліктің жалғыз данасы сақталған. Пышықтың қырындай кітап өткен шағының көбін ұмытыңқырап, қайта қотарып жатуға құлқы да соқпаған жасы келген батырдың жан сырын алдымызға қайтара жайып салды. Енді осы естеліктен алған әсерімді келтіргім келеді. Себебі бұл жоғарыдағы сұхбатты беркіте түсер, қазақтың қанатты қызының бұлжымас шындығы түскен бірден-бір деректеме көзі.

Хиуаз Доспанова апамыз 1922 жылдың 15 мамыранда туған. Әкесі Қайыр Доспанов, шешесі Жәнібек ауданынан. Хиуаз Қайырқызы Оралда тұрғанымызда әке-шешем, інілерім Білмерген мен Марат және Алмаш сіңілім болып тұрдық дейді. Осы кезден-ақ ұшқыш болуды армандайды. Оның бұл бала қиялына қанат бітірген Сібір полюсі арқылы Америкаға дейін тоқтаусыз ұшқан, челюскиншілерді құтқарған, әсіресе Мәскеу – Қиыр Шығыс бағытын кесіп өткен Гризодубовой, Осипенко, Роскова сынды әйел-ұшқыштардың ерлігі еді. Бала Хиуаздың арманына ата-анасы қарсы болмайды, қуаттайды. Сөйтіп оқи жүріп Орал аэроклубына барады. ПО-2 оқу ұшағымен танысып, парашютпен секіруге машықтанады, спорттың жүгіру, гимнастика, шаңғы тебу түрлерімен жаттығады. Барлығынан көзге түсіп, ең алда болған қазақ қызы: «Мен – ұшқышпын! Мен міндетті түрде Марина Расковамен жүздесуім керек!» деп өз-өзіне серт беріп, алдына таудай мақсат қояды.

Бірақ Жуковский атындағы әскери әуе академиясы Хиуаз Доспанованың меселін қайтарады, қабылдамайды. Ал басқалай барлық пәннен үздік оқушыға ғылымның қай саласына барса да жол ашық жатты. Бір ұстазы: «Сен тарихшы болуың керек десе, екіншісі жоқ, сен математиканы таңда, әлдебірі әдебиетке бар» деп жан-жақтан ақыл салды. Бойжеткен Хиуаз Мәскеудің Бірінші медициналық институтына құжатын тапсырады. Үздік аттестат иесіне емтихан тапсыру қажет болмады, жаз бойы Жәнібектегі әке-шешесінің үйінде болған болашақ ұшқыш оқуға тың күшпен барады. Көзді ашып-жұмғанша оқудың алғашқы жылы аяқталып, сын тапсырып жатқан алаңсыз жарқын күндердің бірінде гитлерлік герман әскерінің тұтқиылдан елімізге баса көктеп кіргенін естиді. «Жайма шуақ жаздың таңсәрісі, 1941 жыл, 22 маусымы күні біз бірден есейіп кеттік, өмірімізде тілмен жеткізуге болмас ірі бір өзгерістің болғанын жүрек түкпірімен түсіндік, және енді біздің де мойнымызда үлкен жауапкершілік тұрғанын білдік» деп жазады сол кезде небәрі он тоғыз жастағы Хиуаз Доспанова.

Комсомол жастарды метрополитен құрылысына жібереді. Бұл жайлы апамыз сұхбатында тарқатқан болатын. «Ені мен тереңдігі бірнеше метрлік метрополитен шынтуайтқа келгенде Мәскеуді жау басып алғандай болса, сойқан жарылыс жасау үшін істелген іс екен, оған мина жасырмақ болыпты, біз соны атқарыппыз...» дегені есімде. Содан мұндай абыройсыз істен бас тартқан ұшқыш қыз жолы болып өзі тілеген Кеңес Одағының батыры Марина Раскованың алдына барады. Әуе полкіне алынады. Есігін қағу мұң болған әскери әуе академиясының жатақханасында жаңа әскери киім киіп, сыптай болып шыға келген қазақ қызы көп ішінен көзге оттай болып көрінеді.

«1942 жылы біздің және жалпы дүнижүзі тарихында ылғи қыздардан құрылған бірден-бір әскери әуе полкі жасақталды. Түнгі бомбалаушы полкті Евдокия Бершанская басқарды. Соғысқа ұстазымыз Раскованың өзі шығарып салды.» дейді Хиуаз апа. Содан Краснодоннан басталған түнгі әуе жорығы Еділ бойлап, шағын елді мекендерді артқа тастап, Кавказ асып, дұшпанды өз ұясында талқандауға бағытталады.

«Әр түн сайын ұштық дейді Хиуаз апа, Полина Белкина екеуміз түнде ұшудың әдіс-тәсілін меңгергеніміз сонша, бомба тастауға қолайлы, межелі жерге жеткенде ұшақ маторын өшіріп, күтпеген тұстан фашистердің шоғырланған техникасы мен әскеріне бомбаларды бірінен соң бірін тастап, шұғыл өз алаңымызға оралатынбыз. Бізге «Отан үшін!» деп ұрандай тасталған бомбамыздың нысанаға дөп тиюі маңызды болатын. Бір түнде бірнеше мәрте ұшып, жауға ұйқы бермейтінбіз. Авиацияда ұшқыштың алтыншы сезімі болуы керек деген сөз бар. Мен соған сенемін. Шыныменде тастай қараңғы түнде көзбен емес, көңілмен, «алтыншы сезіммен» көрмесең, істің бәрі бекер. Біз штурмавик-бомбалаушы ұшқыштар түнде өзімізді күндізгідей сезінеміз, әр жер: орман, су, тау бәрі-бәрі алақандағыдай сайрап жатады. Әуеде ұшаққа, өзіңе ғана сенесің. Шағын келген ПО-2 ұшағымызбен тұтқиылдан шыға келіп, жаудың кез-келген әскери шебін, вагондарын тас-талқан қылып кете барамыз. Түнгі аспандағы жеті қарақшы жұлдызы біздің адал досымыз болды. Соған қарап та бағыт-бағдарымызды айқындап жатамыз. Біздің қолымызда термиттік бомбалар да болатын. Бірде соларды бірінен соң бірін лақтырып жатқанымда соңғысы қолымнан сусып, ұшақтың ішіне домалап, орындық астына түсіп кеткені. Жүрегім су етті. Бомба қатты соққыға жарылады. Іздеп таппадым. Полина сөйлесу тұтқасы арқылы: «Сен не істеп жатырсың? Кетуіміз керек» дейді, мен оған: «Листовкалардың бәрін тастап үлгермедім» дедім. Сосын: «Қайтарда ұшақты жайлап қондыршы» деп өтіндім. Ол шошып: « Жараланып қалдың ба?» дейді. «Жоға, сондада мүмкіндігіңше жайлап қондыр» деймін. Полина ұшақты сондай шебер қондырды. Мен жалмажан ұшақтың ішін шарлап, ақыры жоғалған термитті тауып, серігіме көрсетіп, болған жайтты сонда ғана айттым. Екеуміз күліп алдық. «Қатерлі бомбаны» келесі жорықта ең бірінші тастадым.»

Жау жағы «ночные ведьмы» атаған әйелдер полкі ПО-2 ұшағын шебер меңгергені сонша соңдарына түскен дұшпан истребителдері тұмсығымен жер сүзіп, талайы опат болған. «Кішігірім ПО-2 ұшағы оқ дөп тисе тез жанғыш, бірақ әуеде маневр жасауға аса қолайлы, біз онымен көпірдің астынан да зулай өттік, атақты Чкаловтың ерлігін пәлен қайтара жасағанбыз, артымыздан қуған ұшақты жүрісінен жаңылдырып, далада тұрған жалғыз ағашты шыр айнала ұшып, әуреге салдық, бұл ұшақты қатты сүйдік, ол біздің майдандас досымыз, қаруымыз, оны «Майдан старшинасы дейтінбіз» деп батыр апамыздың әңгімелегені жадымда.

Әуе полкі Грозный маңындағы Асиновская дейтін жерге тұрақтайды. Жау Теректі бойлай, әсіресе Моздок, соған маңайлас аудандарға мықтап бекінген. Бұл араны өзіне плацдарм жасаған жау өліспей-беріспеуге бар. Бомбалағыш ПО-2-нің қару-жарағына жарылғыш сұйықтығы бар кассеттер қосылады. Онымен жұмыс істеу аса мұқияттықты талап етеді. Сәл нәрседен тұтанып, жарылса, жау емес, өзіңді отқа орауы мүмкін бомбаларды ұшақ қанатына іледі. Осы арада айта кетері, ұшақ қанатының астында бомба ілетін арнайы жабдық болған, оның тетігі штурмавик отырған кабинамен жалғасқан, нысанаға жеткенде штурмавик тетік шарикті тартып қалып, бомбаны тастайды. Бірақ бұдан басқа шағын фугас бомбаларды ілетін орын жоқ, оларды штурмавик кабинадан қолмен лақтырып отырған. ПО-2 тез отқа оранғыш, жылдамдығы шамалы, ұшқыш пен штурмавиктің кабинасы өте тар – кемшілігі осы болған.

Хиуаз Доспанова Дуся Носальмен жиі түнгі жорыққа шыққан. Дуся да шапшаң, мінез жағынан Хиуазға ұқсас келген, оны өзі де аңғарып: «Катя, маған сенімен бірге ұшқан ұнайды» деп отырады екен. Дуся Носаль әскери тапсырманы орындау барысында ерлікпен қаза табады. Сондай-ақ Хиуаз апа Юля Пашковамен ұшып, Минералды су шипажай аумағын жаудан тазартуда талай тәуекелге барады.

Бірде дейді Хиуаз апа: «Көктемнің тыныш бір кешінде Юля екеуміз Славянский бекетіне бекінген неміс-фашистерін бомбалауға шықтық. Сөйлесу тұтқасынан Юляның жылап келе жатқанын байқадым. Не болды деп сұрасам, біз бомбалауға тиіс ауданда оның әке-шешесі, туғандары тұрады екен.

Оның осы жерден екені менің де есімнен шығыпты. Құрбымды аяп кеттім, содан оған үйіңнің қай жерде екенін білесің ғой, сол тұсқа тиіспейік те, басқасын көздейік дедім, нысананы бірнеше қайтара айнала ұшып өттік те бомбамызды тастадық. Кейін Славянский бекетін азат еткен соң мен Юляның туғандарын тауып алдым, бәрі аман екен, бірақ ол кезде арамызда жас та болса батыл ұшқыш Юля досым жоқ еді...» Оқиға былай болыпты, 1943 жылдың жауын-шашында көктемінде Кубань, Таман жартыаралын жаудан азат ету тапсырмасын орындап аэродромға қонар тұста екі ұшақ әуеде соқтығысып қалады. Ауыр жарақат алған қыздарды госпиталға жөнелтеді. Өзге ұшақтағы Полина Макогон мен Лидя Свистунова сол бойда қаза болса, Юля тылға жетпей, дала госпиталында көз жұмыпты... Бұл мәліметті ұшқыш, Кеңес Одағының батыры Раиса Аронованың «Ночные ведьмы» кітабынан (63-бет) білдік. Хиуаз Доспанованың аяғын кесіп тастау туралы сөз болыпты, бірақ дәрігерлер барын салып емдеп шығыпты.

« Через некоторое время рентген показал, что сращение у нее идет неправильно. Ломали гипс, правили кости... Бедная Катюша! На ее долю выпало столько страданйи... Одна воля к жизни победила.» деп жазады Аронова.

Хиуаз Доспанова аяғынан тұрған бойда әскери полкке оралады. Саратовта ұшқыштар даярлауға қалған әйгілі батыр Марина Михайловна Раскованың 1943 жылдың 12 қаңтарында әуе апатына ұшырап, опат болғаны туралы хабар сүйегімізді қайыстырды, жауға деген өшпенділігімізді одан сайын күшейтті дейді ардагер өз естелігінде. «Ендігі жолда әр жорығымыз, әр атқан оқ пен тастаған бомбамыз Марина Раскова үшін де арналады деп серттестік.»

Соңғы мәре – Берлин. Түнгі ұшқыштар полкі Варшава маңындағы аэродромға тұрақтаған. Ілкіде Хиуаз апамның Сағынғали Сейітовпен кездесіп, балалықтағы досы Мәншүк туралы, Қазақстан жайлы сыр шертісуі тап осы тұста болған екен. Кітапта айқын көрсетілген.

«Біз соғыстың бітуін асыға күттік. Аэродромымыз Германияның жеріне ауысты. Ақыры жеңіс күніне де жеттік. Рейхстаг төбесіне туымыз желбіреді. Жеңіс күнінен соң бізге қолбасшы, КСРО-ның маршалы Рокосовский келді. Ол әуе полкінің өзінің алдына қойылған әскери тапсырманы адал орындап, жеңіске зор үлес қосқанын айта келіп, полктің таратылатынын мәлімдеді. Қызыл Ту орденді Таман гвардиялық, Үшінші дәрежелі Суворов орденді түнгі бомбалаушы әуе полкінің әйелдер құрамы бұл хабарды шын жүректен қабыл алды.

Хиуаз апаны бүгінде атыраулықтар өз өңірінде туған санайды. Ол жақта қиын жылдары, соғыстан бұрын көшіп барып тұрса керек. Ал өзі бізбен сұқбатында Бөкей Ордасында туғанын айтып, жерлестерім деп бізді еркелетіп отырған. Кейін қалай «Халық қаһарманы» атағын алды, апамыз «атыраулық» болып кетті. Бұл тұста апайдың өзі емес, көршілеріміздің пысықтығы, тіпті дәлірегі алдымен Атырауда әкім болған

И. Тасмағамбетовтың кейін Алматыны басқаруы, билікте болып, ықпал етуі басып кетті білем. Сол жоғары атақ берілгеннен кейін Атыраудың облыстық музейінің екі адамы апаның үйіне барып, өз қолынан біраз суреттер мен өзге де жәдігерлік дүниелерді алыпты. Олар сол үшін барғандықтан, қалағандарын алған. Апай келгендерді екі сағаттай теріс қаратып отырғызып қойып, заттарын ақтарып, біраз жеке заттары беріпті. Бұл мәліметті республикалық «Жас қазақ» газетінің 2008 жылғы 5 қыркүйегіндегі нөмірінен, журналист Өтепберген Әлімгереевтің мақаласынан білдік.

Сол мақаланы бажайлап оқығанда да аңғарылып тұр, автор Хиуаз Қайырқызының әкесінің қызметіне сәйкес әр қалада өмір кешкенін тізген: Орал, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Алматы. Мұнда Атырау көрсетілмеген. Оралдан бастап жазған. Себебі, ол Орал облысында туған, алдымен сонда тұрақтаған, Оралда оқыған, әуеклубына қатысқан. Ал Атырауға ілкіде айтқанымыздай отызыншы жылдардың басында аштық салдарынан ата-анасы кішкентай Хиуазды алып, көшіп барса керек.

«Жас қазақта» Әлімгереевтің «Мінезді майдангер» атты мақаласында көрсетілгендей майдангер Шәку аға мен Хиуаз апа соғыстан соң Алматы Жоғары партия комитетінде қатар оқиды. Қостанайлық Шәку аға мен оралдық Хиуаз апаның Атырауға жол тартуын Ораз ұйымдастырыпты. Ораз Хиуаз апаның інісі. Атырау жақта жұмыс істейді екен. Соның шақыртуын қабыл алған Шәку мен Хиуаз Ганюшкинге келіп, көңілдері жарасып, той жасап, сонда біразға тұрақтайды. Інісі Ораз сол Атырау бетте дүниеге келген, ал Хиуаз апа нарындық. Соғыстан соң Хиуаз апа ата-анасының үйіне, Жәнібекке оралған, оны сол кезде қарсылап алғандар ішінде Тамара Темірәлиева есімді кішкентай қыз бала болыпты, ол кісі қазір Оралда тұрады, Тамараның апасы Фәзила да майданда болған, (соғыста байланысшы болыпты) негізі Хиуаз екеуі әуелден дос-құрбы екен, міне, сол Фәзиланың сіңілісіне Хиуаз естелікке өзінің әскерде түскен, басында береткі-телпегі бар суретін береді. Ол қазір музейде. Осы дерек те Хиуаз Қайырқызының Нарынқұмынан екеніне бір айғақ. «Сүйген құлдың есімі көп» демекші, халық сүйіктісінің туған жерінің де көп болуы әрі-беріден соң ақылға қонады. Бұл арада таласу орынсыз, Ақ Жайықты тел емген қатар жатқан қос қоныспыз, Оралға қарайтын кей аудан ауданбөлісте Атырау жаққа қарап кеткені және бар, сондықтан Құрманғазы, Дина, Махамбет, Хиуаз сынды халқымыздың айтулыларымен қазақтың қай аумағы да мақтана алады. Ең дұрыс тоқтам осы. Ақиқатты Алла, ар алдында айтқанымызға көрші шамданбас, көнер. Біз қайта Орал оқсата алмай жатқан дүниені атыраулықтар шебер үйлестіріп жатқанына қуануымыз керек, асылында ел де, жер де, ер де – ортақ, бір қазақтың еншісі.

Қанатты қызға жеңіс күнінен соң араға алпыс жыл салып, 2005 жылы еліміздің ең жоғары марапаты Халық қаһарманы атағы берілді. Содан көп ұзамай 2008 жылы сексен алты жасында батыр дүние салды. «Ештен кеш жақсы» дейтін қазақы мәтелді бұл араға қолдану орынсыз, егер сол атақ бұдан ертерек берілгенде апамыздың ғұмыры әлі де ұзара түсер ме еді деген ой санаға оралады.

Оралда Хиуаз Доспанованы еске түсіретін тек қала іргесіндегі Зашаған кентіндегі 2010 жылы берілген көше атауы ғана бар, ал қаланың өзінде бірде бір белгі жоқ. Ол оқыған Достық даңғылындағы мектепке неге ескерткіш тақта орнатпасқа, мұны 2000 жылы жасаған телехабарымызда да айтқан болатынбыз. Сондай-ақ апамыз оқыған Орал аэроклубы құрып кеткен жоқ, соған есімін берсе, Доспановалар тұрған үйді анықтап, (М.Мәметовалар тұрған үйден қашық болмағанға ұқсайды, сондай бір деректі естігенмін) оған да белгі қойса, ұрпақ мойнындағы парыз жеңілдер еді.


Мұнайдар БАЛМОЛДА

Бөлісу: