Қазақ тілін екі жылда үйреніп шыққан кәріс ұлтының өкілі - В. Тенмен сұқбат

11 Қазан 2019, 13:36 5776

Владислав Тен Қазақстанға Өзбекстаннан 2010 жылы қоныс аударған. Депортацияға ұшыраған кәріс ұлтының өкілі. Қазақ тілін тереңдетіп үйренуді 2017 жылы қолға алыпты. Бір жыл ішінде өз ойын қазақ тілінде жеткізе алатын дәрежеге жеткенін мақтаныш көреді. Он жылға жуық уақыт медицина саласында жұмыс жасаған дәрігер бүгінде оқу орталығын ашып, қазақ тілінен дәріс беріп жүр. Владислав бізбен сұқбатында тіл үйрену қажеттілігі, шетелдіктер мен орыстілді қазақтар үшін мемлекеттік тілді үйренудің қиындығы, өз тәжірибесінің негізінде жасалған қазақ тілін үйрету әдістемесі туралы әңгімелеп берді. 

«Қазақ тілін үйретуді ата-ана қолға алуы керек. Балаңызға күніне бір қазақша мультфильм көрсетіп отырсаңыз, бала бір жылдың ішінде тілді үйреніп шығады» дейді қазақ тіліне судай кәріс жігіті. 38 жастағы Владислав 30-ға жуық тіл біледі. Әсіресе, түркітілдес халықтардың тілдерін түгелге дерлік меңгердім дейді ол.

25   жыл өзбек тілін үйренбеуімнің себебі - менсінбеушілікте болыпты

- Тіл үйрену – қызығушылық па, қажеттілік пе?

- Өзбекстанның Ташкент қаласында туып-өстім. 1937 жылы депортацияға ұшыраған кәріс халқының ұрпағымын. Анам бала дәрігері болатын. Кішкентай кезімнен үйде анамның қолынан түспейтін адам анотомиясы туралы кітаптарды парақтап, дәрігер болуды армандайтынмын. Мектеп бітірген соң ойланбастан, Ташкент медициналық институтына құжат тапсырдым. Медицина тілін ұғып, білімімді арттыру үшін латын, ағылшын тілдерін білуім керек болды. Ізденіп жүріп, латын қарпін де, ағылшын тілін де бір жылдың ішінде меңгеріп алдым. Бұл уақытта мен Ташкент қаласындағы медициналық мекемелердің бірінде жұмыс жасап жүргенмін. Науқастардың басым көпшілігі өзбек тілінде сөйлейді. 

Егер сіз Өзбекстанда болсаңыз, менің бұл әңгімемнің төркінін түсінер едіңіз. Ташкент қаласында тұратын өзбектер өз тілдерімен қатар орыс тілін де жақсы біледі, бізбен, өзге ұлт өкілдерімен орысша сөйлеседі. Ал қаланың сыртқы аймақтарында тұратын өзбектер орыс тілін түсіне бермейді. Сондықтан жұмыс барысында қиындықтарға тап болдым. Өзбекстанда туып-өскеніме қарамастан, 25 жасыма дейін өзбек тілінде бір ауыз сөз білмейтінмін. Кейін бұл мәселемен бетпе-бет келген уақытта, «айналамда менімен тілдесетін бірде бір ағылшынның болмағанына қарамастан, оны бір жылдың ішінде үйреніп алдым. Ал өзбек тілін 25 жылдан бері неге үйренбедім» деп өкіндім. Мен сол уақытта мұқтаждық пен қажеттілік болмаған тілге менсінбеушіліктің болатынын түсіндім. Мұны басқаша түсіндіруге де болмайды. Бұл ешқандай ұлтшылдық емес, мен ол уақытта өзімнің туған тілім - кәріс тілін де білмейтінмін.

Өз туған тілімді үйренуді саналы түрде қолға алдым

- Отбасыңда ана тілінде сөйлемеу сол кездегі ұлттардың барлығына тән олқылық болды деп ойлайсыз ба?

- Отбасыммен, кейін жұмыс барысында Оңтүстік Кореяға жиі сапарлап барып жүрдім. Бірақ, неге екенін, кәріс тілін үйренуге тырыспаппын. Туған тілімізді ұмытқанымызға біздің ата-әжеміз де ренжитін. Айтпақшы, олар Өзбекстанға келіп қоныстанған кәрістердің алғашқы ұрпағының өкілдері. Олар таза кәріс тілінде сөйледі. Ал олардың балалары – екінші ұрпақ, яғни менің әке-шешем кәріс тілін білгендерімен, балаларымен орыс тілінде сөйлесетін. Нәтижесінде, үшінші ұрпақ, мына біз орысша ойлап, орысша сөйлейтін шала кәріс болып қалыптастық. Түріміз кәріс, тіліміз орыс. Тіпті біздің есіміміздің өзі, байқап отырған боларсыз, кәріс не өзбек емес, орыс тілінде! Кеңес кезеңінің балаларымыз, сондықтан өмір сүру үшін орыс тілі керек деп ойладық. Ағылшын, өзбек тілдерін меңгеріп алғаннан кейін, мен саналы түрде өз туған тілімді үйренуге кірістім. Ол қажеттілік емес еді, алайда, туған тілімді білуім керек деп есептедім.

Біз адам тілінде сөйлеп туамыз

- Ана тілі ана сүтімен берілетін қасиет деп жатады...

- Бір нәрсені мойындауымыз керек. Тіл адамға ген арқылы қанмен берілмейді. Ол ұрпақтан ұрпаққа өте алмайды. Ұрпақтан ұрпаққа өте алатын дүние - ол тек адам тілінде сөйлейтін қасиет. Біз өмірге келгенде қандай да бір ерекше тілде емес, адам тілінде сөйлейтін қабілетпен туамыз. Ары қарай, оның тілінің қай тілде шығатындығы тәрбиеленген ортасына байланысты болмақ.

Қазақ тілі тиімді үйретілмейді

- ...сонда да, әр ұлттың табиғатынан өз туған тілі болады және оны үйренуге бейімділік болуы керек секілді?

- Мәселен, мен секілді туған тілін білмейтін жергілікті кәрістер үшін кәріс тілін үйрену қытай тілі секілді қиындық туғызды. Менің айтпағым, орыстілді қазақтар қазақ тілін білмегені үшін кінәлі емес. Оларды қоғам не үшін кінәлайды?! Керісінше, оларға көмектессін! Неліктен мен қазақ тілін үйренудің оңай жолын көрсете аламын деп айтамын. Себебі, мен шетелден келген азаматпын. Қазақ тілі мен үшін шетел тілі. Сондықтан орыстілді қазақтарға қазақ тілін ана тілі емес, шетел тілі ретінде үйрету керек деген тұжырымға келдім. Осыған байланысты өз әдістемемді жасап шығардым. Мойындаймын, менің қазақшам онша емес, акцентпен сөйлеймін. Күн сайын қазақ тіліндегі сөздік қорымды жаңа сөздермен толықтырып отырамын. Қазақ тілін үйрену оңай дейтіндер үшін айтарым, түк те олай емес! Ал қазақтілділер «Неге үйренбейсің, өз ана тілің емес пе?» деп орыстілділердің «жағасына жармаса» кетеді. Байқағаным, әр қазақтың бойында ұлттық рух бар. Бірақ, олардың көбісі өз тілінде сөйлей алмайды. Себебі, Қазақстанда ешкім тиімді түрде қазақ тілін үйрете алмайды!?

Қазақ тілінің оқытушысына шетелдіктің көмегі керек

- Неліктен олай деп ой түйдіңіз?

- Қазақ тілінің оқытушылары үшін қазақ тілі өзінің ана тілі, сондықтан қазақ тілін түсінбеу, білмеу, ойыңды жеткізе алмау деген олқылықты олар өздері сезінбейді. Мәселен, сіз қазақ тілінде ойланбай, еркін сөйлейтін адам ретінде «жазып отырмын», «жазып жатырмын», «жазудамын», «жазып жүрмін» деп оңай айта саласыз. Ал біз мұның қайсысын қолданарымызды білмей, ұзақ ойланамыз. Бұл сөздердің орысша сөзбе-сөз аудармасы қазақ тіліндегі мағынасын бере алмайды. Сөзді жіктеп қарастырар болсақ, қазақтар отырып та, жатып та, жүріп те жазады. Ал қазақ тілін түсінбейтін адам «Оның жазғанына отырғанның, жатқанның, жүргеннің қатысы не?» деп дал болады. Міне, проблема. Қазақтілді оқытушы қазақ тілін білмейтін адамның кебінде болып көрмегендіктен де, оны қандай жолмен қалай үйретуді білмейді. Сондықтан оған бұл қиындықтардың барлығын басынан өткізген шетелдіктің көмегі керек. Өйткені, біз бұл мәселеге сыртынан қараймыз. Ал қазақ тілінің оқытушылары мәселеге қазақтың көзімен қарайды және қазақ тілін үйренудің неге қиын екенін түсінбейді.

Менің әдістемем - машинаға қуат беретін 1-жылдамдық іспетті

- Сонда сіздің көзқарасыңызбен қарасақ?..

- Білесіз бе, қазақ тілін шетелдіктерге, орыстілділерге үйретудің әдістемелік құралы жоқтың қасы. Мәселен, менің өзім қазақ тілін қиналып оқыдым. Ешқандай мұғалім маған нәтижелі сабақ бермеді. Себебі, олар орыстілді адамның оқу процесінде неден қиналатынын білмейді. Тіпті менің командамдағы қазақ тілінен дәріс беретін мұғалімдердің өзі қазақ тілін нөлден тез арада үйрете алмайды. Ал мен үйретемін. Мысалы, машинаның төртінші-бесінші жылдамдығы бар. Машинаға бірінші жылдамдық қана қуат беріп, орнынан қозғалтады. Міне, бірінші жылдамдық – бұл менің әдістемем. Ал машина орнынан қозғалғаннан кейін, онымен ары қарай жұмысты мұғалімдер жалғастырады. Мен тек тілді үйрену тәсілдерін түсіндіремін. Қазір қаншама адамға осы бірінші жылдамдық жетіспей жүр.

Қазақ тілі мен білетін шетел тілдерінің бірі. 13 жылда жалпы саны 30-ға жуық тіл үйрендім. Теориялық тұрғыда барлық түркі тілдерін білемін десем де болады. Қазақ тілін үйрену үшін ағылшын тілінде жазылған оқу-әдістемелік кітаптарды көп оқыдым. Сіз таңқалатын шығарсыз, алайда осында келіп жұмыс жасаған шетелдіктер өздері үшін қазақ тілін үйренудің әдістемесін жазған. Және ол қазақстандық оқулықтардан анағұрлым жақсы. Бізде орыс тілінде сөйлейтін, ойлайтын адамдарға арналған оқулық жоқ. Қазір қазақ тілін үйренуге сұраныс бар. Қазақ тілі өзгеге емес, қазақтың өзіне керек.


Қазақ тілін үйрену үшін қажеттілік тудыру керек

- В. Ленин өткен ғасырда күллі елге қойған сұрақ: «Не істеу керек?»...

- Орыс тілі вирус сияқты, ол қазақ тілінің орнын басты. Оң қолдың сол қолдан айырмашылығы оның дамытылғандығында. Сіз оң қолмен еш қиналмай жаза аласыз, ал енді сол қолмен жазып көріңізші. Қолыңыздан келмеуі мүмкін. Егер оң қолыңызды артыңызға қайырып байлап қойса, қайтер едіңіз? Әрине, бірнәрсе қылып сол қолмен жазуды үйренесіз. Дәл солай, қазақ тіліне мұқтаждық тумайынша, оны үйренудің де қажеттілігі болмайды. Сіз Америкаға барып тұрсаңыз да, қажеттілік болмаса, ағылшын тілін үйренбейсіз.

Көлікте отырғанда радионы қазақтілді арнаға бұрып қоямын. Күні бойы қазақ тілінде ән болсын, сұқбат болсын, бағдарлама болсын тыңдап жүремін. Өкінішке орай, қазақ тілінде контент аз. Білесіз бе, тіл үйренемін десеңіз, сол тілдегі ақпаратты көбірек тыңдау керек. Ол ән болуы мүмкін, телебағдарламалар немесе кино болуы мүмкін. Адамның миына құлақ арқылы кірген ақпарат ауыздан шығады. Ал біздегі методика оқуға, көз арқылы қабылдауға арналған. Ол ауыздан шығу үшін қайтадан оның айтуылуын, орфоэпиясын түсіну керек.

Қазақпен қазақша сөйлесемін деп ойладым

- Бәлкім, қазақтілді ортаның ықпалы жеткіліксіз деңгейде болар?

- Егер орыстілді балабақшаға барса, мектепті орысша оқыса, әке-шешесі онымен орыс тілінде сөйлессе, ол қазақ тілін қайда жүріп үйренеді?! Әсіресе Астанада қазақтілді орта жоқ.

Қазақстанға бірінші әке-шешем көшіп келді. 2010 жылы әкем мені де шақырды. Ол уақытта біз Қазақстан туралы ештеңе білмедік. Әкем бірден ел астанасына қоныс тепті. Мен Қазақстанға келмей тұрып-ақ, қазақ тілін үйренуге талпындым. Ол үшін интернетті ақтарып, оқулықтар іздедім. Алайда, мен Қазақстанда қазақ тілінің мәселесі бар екенін білмедім. Мұнда барлығы қазақша сөйлейді деп ойлағам. Алдандым. Өзбектер орыс тілін біледі, сөйлейді. Бірақ бір-бірімен өзбек тілінде ғана сөйлеседі. Мұнда келген соң, көшеге шықсам, қазақ тілін ешкім білмейді. Қазақстанда 7 жылға жуық уақыт қазақ тілін үйрене алмадым. Оқыту орталықтарында да болдым, мұғалімдермен де сөйлестім. Қиналып жүріп қазақ тілін үйрендім. Өткен жылы ғана өз ойымды қазақ тілінде жеткізе алатын күйге жеттім. Шетелдік ретінде қазақ тілін үйренуде бетпе-бет келген мәселелерді саралап, тіл үйретудің әдістемесін өзгерттім. Себебі, мен өзгетілді адамның қазақ тілін үйренуде неден қиналатынын білемін.

Мәселен, Қазақстанда туып-өскен өзге ұлт өкілдері қазақ тілін өз ана тілінің деңгейінде біледі. Олардың қазақ тілін білгеніне қарап таңқалудың қажеті жоқ. (Мысалы сіз орыстілді ортада өскен қазақтың орысша сайрап тұрғанына таң қалмайсыз ғой). Себебі, олар қазақ ауылдарында, қазақ балаларымен қазақша ойнап өскен, сондықтан қазақ тілі кішкентай кездерінен құлақтарына сіңісті болған. Қазақ тілін нөлден бастап үйренген адамға таңғалу керек. Бір мексикан қызын білемін. Ол Қазақстанға жұмысқа шақырту алған сәттен бастап, өз бетімен ізденіп қазақ тілін оқи бастаған. Қазақстанға келгеннен кейін екі ай ішінде қазақ тілінде сөйледі. Тілдік орта ғана емес, ең бастысы ынта қажет.

- Қазақ тілін үйрене жүріп, өзгеге үйрету қиын емес пе?

- Қазақ тілін үйренемін дегендерге, тілді үйрену өте оңай деп айту керек. Маған қазақ тілінің оқытушылары қазақ тілінде таза сөйлемейсің деп кінә қояды. Мен оқытпаймын, тек тілді оңай қабылдаудың жолдарын үйретемін. Тілдің генетикалық кодын түсіндіру керек. Бұл грамматика.

Сіз мысалы, патриот дегенді қалай түсінесіз?! «Қазақ тілінде сөйлеймін, сондықтан мен патриотпын» дейді. Егер сен рас патриот болсаң, орыстілді қазақпен дос бол, бір жыл бірге жүріп-тұр, осылайша оның қазақ тілінде сөйлеуіне көмектес. Міне, сен сонда нағыз тіл патриоты боласың.

Балаңызға қазақ тілінде мультфильм қаратыңыз

- Балдарыңыз қай тілде сөйлейді?

- Ұлымның тілі орысша шықты. Алайда, ұлымның қызығушылығы болмағанына қарамастан, қазақ тілінде күніне бір мультфильм қарауын қадағалаймын. Ол қазір тілді түсінбеген соң қарағысы келмейді, алайда, бір жылдан кейін қазақ тілін түсіне бастайтынына сенімім мол. Сондықтан, қазақ ата-аналарының балам қазақ тілін түсінбейді дегеніне таң қаламын, бала тәрбиесі өз қолыңда ғой. Өкінішке орай, Youtube арнасын ашсаңыз, бірінші орыс және ағылшын тіліндегі контенттер шығады. Рас, бала бірінші көргенін басады. Алайда сіз оның баптауын қазақ тіліне өзгертіп қоя аласыз. Телефон, планшет, компьютер сіздердің балаларыңызды қайтадан орыстандырады. Орыс тілі әрине, тұрмыста қажет тіл, алайда ол ана тілдің орнын алмастырмауы керек.

Тіл білмейтіндерді бұл «науқастықтан» емдеймін

- Алғашқы мамандығыңыз бойынша дәрігерсіз, қазір одан біржолата қол үзіп кеттіңіз бе?

- Мен медицинадан толықтай кеткен жоқпын. Қазір ағылшын тілінен медицина терминдері бойынша курстар жүргіземін. Тіл үйретуге қарағанда, медицинада тәжірибем көп деп ойлаймын. Себебі, мен уақытымның көп бөлігін медицина ілімін игеруге жұмсадым. Қазақстанға келген соң, 2-3 жыл дәрігер болып жұмыс жасап жүрдім. Әрине, медицинаны сағынамын. Бірақ қазір де «науқастарды» емдеуден қол үзбедім. Менің пациенттерім - тіл білмейтін жандар. Онымен күресу, емдеу керек. Менің тілді тез меңгеруіме дәрігерлігім көмектесті. Себебі, мен дәрігер ретінде мидың ақпаратты қалай қабылдайтынын білемін. Сол принцип бойынша тіл үйретуге ғылым ретінде қараймын.

Тілді тегін үйретуге болмайды

- Бүгінде қазақ тілін үйретуге үлкен басымдық берілуде, бірақ шетелдіктің көзімен қарар болсақ, әлі де олқылықтар бар ма?

- Тіл үйрету әдістемесін тағы бір мәрте қарап шығу керек. Тіл үйренуді қиындатудың қажеті жоқ. Мемлекет қазақ тілін тегін оқыту курстарын көптеп ашуда. Неліктен, біз дүниедегі ең қымбат құндылықты тегін таратуымыз керек. Тегін дүиненің қай уақытта бағасы болып еді?! Тілді қымбат үйрету керек, қазақ тілін үйрететін мұғалімдерге төленетін ақыны да көбейту керек. Сонда мұғалімдер де оқу тиімділігін, нәтижелілігін арттыратын тәсілдер мен жолдарды іздестіре бастайды. Ақшасын өз қалтасынан төлеген соң адамдар да оның далаға ұшқанын қаламайды, үйренуге талпынады. Егер Қазақстанда қазақ тілін оқыту әдістемесі дұрыс, тиімді болғанда, қазақ тілін үйренуге деген ниетіммен мен қазір қазақтардан да артық сөйлеп отырар едім.

Сұқбаттасқан Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.



Нұргүл Қалиева
Бөлісу: