Қазақтілді эко белсенділер, экоблогерлер аз

20 Сәуір 2022, 11:50 4245

Жалпы экология тақырыбы бүгінде нәзік тақырыпқа, өзекті мәселеге айналды. Еліміздің экологиясы әрбір тұрғынның экологиялық сауаттылығы мен өзінің әрекетіне тікелей байланысты екенін әрбіріміз ескере бермейміз. Көктем мезгілінде көкке шығудың өзі ел экологиясына кері әсер етуі мүмкін. Олай деуіміздің себебі, ресми деректерге сүйенсек, әрбір адам жылына орта есеппен 350-400 киллограмға жуық қалдық шығарады екен. Енді мұны еліміздегі әрбір азаматқа шағып, 19 миллионға көбейтіп көріңізші... Көз алдыңызда қорқынышты сандар шыға келеді иә... Біз осы орайда бір ғана адамның еңбегін көрсетіп, экология мәселесіне қалай мән беріп, өзгеге жар салмай-ақ, өзінен бастап жүрген аруды әңгімеге тартуды жөн көрдік.

 

Мөлдір Бегімбет – декреттегі ана. Мамандығы – журналист. Ол бүгінде экологиялық өмір салтын сақтап, онысын өз әрекеттері мен ұстанымдары арқылы көпке үлгі етіп жүр. Бұл тақырыпқа қызығушылығы неден басталғанын білгіміз келіп, экобелсендіге бірнеше сауал қойдық.

– Мөлдір, экология тақырыбына қызығушылық неден басталды?

– Қалалық жерде, тұтынушылық деңгей жоғары болғандықтан, қалдық зат өте көп болады. Тиісінше, адамдарда тауарды қолдану әдебі сақталмаса, баланс бұзылады. Ауылдан қалаға көшіп келгенде, осы мәселемен ұшырастым. Қатты ойландырды. Тазалық сақтау, өзіңе және айналаңа құрметпен қарауда біз бір-бірімізге үлгі болуымыз керектігін шындап түсініп, күнделікті өмірде қалдықты сұрыптай бастадым. Қайта өңдеуге жарайтынын арнайы экопунтке өткізу қазір сүйікті ісім. Тек өзім ғана жасай бермей, оны әлеуметтік желіде бөлісу, көрсету дұрыс екен. Себебі, қазір танысты да бөгде жанды да, бәрін бір алаңға тоғыстырған осындай мүмкіндікті пайдаланған жөн емес пе?! Көрген мың адамның жетеуіне әсер етсе де, жаман емес. Қандай пластик түрлері зиян деп ізденемін де, әрмен қарай тереңдеп экология саласына қызығып кеткенімді байқамай қалдым. Бәрі осыдан басталды.


Бізде халық арасында экология сөзі «бәлен жерде уран өндіреді, денсаулығымызға зиян екен», «ауыз су сапасы нашар, құдықтан тасимыз» деген сөздермен ғана өлшенетіндей көрінеді. Асылында әрбір жек тұлға өзінің «қоршаған ортаға қандай бір зияным тиіп жатқан жоқ па?» дегенді ойлауында жатыр. Күнделікті өмірде, көшеге қоқыс қалдырмау, үй маңындағы контейнерге оңды-солды араластырып нені төгін жүргенімізге дейін мән беру секілді ұсақ-түйектер үлкен маңыз беретін әрекеттер. Экологиялық тұрғыдан зиянды дегендерді мен өз басым екіге бөліп қарастырамын. Біріншісі, ағзамызға не түсіп жүр дегенді ойлану. Халқымыз, ауру астан деп шыныменде бекер айтпаған. Адамдардың ең көп жүретін жері сауда орталығы болса, оның ішіндегі food courd-қа бас сұққандардың көпшілігі фаст-фудқа ағылады. Ал ол жасанда қоспалары мол жартылай піспеген тағам. Яғни, ағзамызға экологиялық тұрғыдан сапасыз дәмді асқазанымызға өз қолымызбен салып жүрміз деген сөз. Ал, екіншісі сыртқы ортаға жасап жүрген әрекеттеріміз. Әрине, әбден белгілі болған дүние ол көп қоқыс полигонында ыдырамай ұзақ жататын пластикті көп тұтынуымыз. Сондықтан, целлофан пакеттен бас тартып, бірнеше қолдануға жарайтын мата сөмкелер, тор қалтамен дос болуға шақырамын. Бастапқыда қиын көрінгенімен, келе-келе әдетке айналады. Егер, әрбір отандасымыз экологиялық таза өмір салтын ұстанар болса, ірі алпауыт зауыт фабрикалар су мен ауаға зиянды заттарын оңды солды төгуді доғарар еді. Кәсіпорындардың парниктік газдарды шығаруды азайтуды, мөлшерін заң аясында жасауын тек органдар ғана емес, ел болып талап етудің маңызы зор. Себебі, экологиялық тұрғыдан сауатты халық бар жерде, олар да тыйылар ма еді деп ойлаймын. Қарапайым ережелерді ұстану қоршаған ортаның тазалығы туралы терең білім жинауға жол бастайды. Байқап қарар болсақ, кезінде мемлекет қазынасын кім қалай жаратып жүргені туралы көпшілік мән бермейтін. Қазір бюджетті «шемішкеше шағатын» журналистер көбейгелі бері белден басуға көзсіз баратындар азаятындай. Бұл да сол секілді. Сауаттылық бар жерде, бассыздыққа орын жоқ.

– Табиғатты қорғау туралы бәріміз айтамыз. Бірақ оны іс жүзінде көрсете алмаймыз. Бәрі ұсақ-түйектен басталатыны белгілі. Сол неден, қалай бастауымыз керек?

– Минимализмнен бастау алады ғой. Мәселен, мен қонақ шақырсам ине шаншыр орын болмайтын аста-төк дастархан жаю, үйіп төгіп киім алу, азық-түлікті артығымен алу деген секілді ысыраптан бас тарттым. Негізі, бала кезде ата-анам нан қиқымын тастамауды, қағаз мен тамақ қалдықтарын бір жәшікте былықтырып төккізбей өсірді. Әлі күнге дейін, қалдықты 3-4 ыдысқа бөледі. Яғни, күнделікті өмірде қалдықты сұрыптай білген жөн. Пластикті, шыныны, қағазды және органикалық қалдықтарды бөліп жинау маңызды. Бұл тауар қорабына қоқыс деп емес қайталама шикізат деп қарай білгенде жатыр. Қаламызда бірнеше экопунттер бар. Сол жерге оларды өткізіп, екінші өмір сыйлау деген өте игілікті іс. Қазір бұл менің негізгі әдетіме айналды. Отбасымда үйренген. Бір ғана пластиктік 7 түрі бар. Оның ішінде қатты зияндысы және қайта қолдануға жарайтыны бар. Оны бес саусақтай білген артықтық етпейді. Айталық, таңбалануы 3,6,7 болатын пластик ыдыспен ішкен тағам улы токсиндер түзеді. Яғни, экологиялық сауаттылық - салауатты өмір салтына алып келеді. Денсаулығына жіті көңіл бөлетін жан жұтатын ауасына мән береді. Мұндай адамдар қоқысты көл жағасы мен көк майсаға төгуге ары жібермейді деп ойлаймын.

– Иә дұрыс айтасыз, табиғат аясына шыққанда қоқыс тастап кету де ең үлкен экологиялық сауатсыздықтың белгісі. Жалпы, демалуға барғанда не алып бару керек? Соның ішінде пайдалы заттар деген не? Оны қалай таңдаймыз?

– Пикник дейміз ғой. Ауасы таза әсем табиғатта тыныстағанды жақсы көреміз де, тазалықты жақсы көрмейтіндейміз. Баяғы сол пакеттер, пластик ыдыс-аяқ, тамақ қалдықтары. Көк шалғынды қоқысқа орап кете барады. Қазір дамыған заман болғандықтан, іздегеннің бәрі дүкенде самсап тұр. Пикникке арналған ағаш ыдыс-аяқ, термобөтелке секілді бірнеше рет қолдана алатын заттарды алып қойсаңыз өзіңізге де табиғатқа да пайдаға жарайды. Оларды тек сонда ғана емес, жұмысқа, жолға шыққанда да алып жүресіз. Бүгін қолданып, ертең қоқысқа кететін зат емес. Өміршең. Сонан соң, тек жейтін тағамды алу керек. Органикалық қалдықтар қоқыстың басым зиянды бөлігін құрайды. Түрлі жағымысыз иіс, уақыт өткен сайын созыла келе, түрлі аурулар таратуы мүмкін.


– Бұл мәселені баланың санасына сіңдіру үшін, бала тәрбиесіне қалай енгізе аламыз? Өз тәжірибеңмен бөліссең?

Бүлдіршін жасында ең жақсы әсер ететін дүние ол мультфильмдер мен ертегілер. Қалдықтарды бей-берекет тастамауға баулитын көрсетілімдерді көбейту керек секілді. Және айтатын мәселе, бүгінгі баланың серігі ол телефон ойындары. Міне, сол ойындарға экологиялық сана-сезімді қалыптастыруға ықпалы бар әрекеттерді қоссақ. Түрлі қосымшаларды ойлап тапса болады. Бұл нишасы бола тұра, қандай бизнесті жасасам екен деп жүргендерге идея. Әрбір баланың ең үлкен әлемі ол анасы. Ал жер барша жаратылыстың ортақ ең үлкен анасы екенін бала санасына сіңіру ең басты құрал болса деген тілек. Жер-Ана деген ұғымның маңызы шіркін биік қой. Менің қазір екі жасқа таяған қызым бар. Оның өзінің көретін бір ғана сүйікті мультфильмі бар. Оның ішінде табиғатты қорғау туралы эпизодтар жоқ. Сондықтан, көшеге қоқыс лақтырмауды, тазалықты қуыршақтарына жасатып көрсетемін. Сосын, мейлінше, жұмсақ және ағаш ойыншықтарды алып беруге тырысамын. Пластик ойыншықтарды аузына салса олда зиян. Мүлдем алып бере алмаймын деген сөз емес әрине. Дегенмен, оны қоқысқа тастамаймын. Арнайы орындарға өткіземін. Мен ыдысты краннан суды сарылдатып емес, арнайы ыдысқа құйып үнемдеп жуамын. Бала күннен сіңген әдет. Ал, экопунтке қазірдің өзінде қызыммен бірге барамын. Санасына сіңу үшін бұл аса маңызды. Балаларға қалдық заттардан ойыншықтар жасатып деген секілді түрлі әдіс-тәсілдерді бақша мен мектепте көптеп көбейтуде нәтиже береді. Мен қазір ептеп табиғат, қоршаған ортаны қорғау бағытында ертегілер жазып жүрмін. Ана атанғалы, баламен етене жақын болудың сан қырын іздейді екенсің. Шоколадтың да пен жемістің де сыртын текке тастамауды үйреніп өскен бүлдіршіннен ертеңгі күні болашақты ойлайтын жан шығады. Ал студенттерді қоқыс полигонына апарып, ондағы қоқысты көрсетсек ол үлкен ой салады. Қаншама заттарды текке тастайтынын түсінер еді. Жақында мені университетке студенттермен кездесуге шақырды. Оларға түсінікті тілмен, экологиялық сауаттылық жөнінде ой алмастық. Барынша ұсыну формасын қызықты етсек, адамдарға әсері нәтижелі болатынына көзім жетті.

– Қазір трендке айналған әлеуметтік желілердегі экология тақырыбы қаншалықты сұранысқа ие? Жалпы оқырмандар арасында қызығушылық бар ма?

– Экология тақырыбы өзекті бірақ трендте деп айта алмаймын. Себебі, су қоры туралы талдау материалдарды, мейлі желідегі экоконтентті жапатармағай жабылып қарайтын адам аз. Сол баяғы ырқыл-жырқыл бейнежазбаларға құмартқандар көп. Бірақ, қазір маркетинг тілін, smm-ді сауатты меңгерсеңіз, тағы да қайталап айтамын, тиімді де тартымды ұсыну жолы арқылы аудиторияны көбейтуге болады. Мен өзім әрдайым осы маркетинг бағытында ізденуімнің арқасында аздап аудитория жинап бастадым. Менің көңілімнің қынжылатыны, қазақтілді эко белсенділер, экоблогерлер аз. Біз де осының кесірінен де, экологиялық мәдениетіміз төмен. Орыстілді оқырмандарды орысша жүргізетіндер жарылқайды да, қазақ тілді аудитория экологиялық сауаттылық дегеннен жұрдай. Жыл сайын, экология мамандығын қаншама студенттер бітіріп шығады. Олар неге белсенді болмайды деген сұрақ туындайды. Ал біз қазақ халқы ысырыптан алшақ, обал-сауапты жақсы білген ұлттың ұрпағы емеспіз бе? Неге, далалық өмірден қалалық өмірге көшкелі қоқысты оңды-солды төгетін болдық?!.. Осыны әр адам ойланса мәселе шешімін табады. Бала тәрбиесінде тек оларды материалдық дүниемен ғана қамтамасыз етіп ғана қоймай, рухани бағыттағы білімге осы экологиялық сауаттылықты қосуды көбейтсек. Қоқысты сұрыптау сауапты іспен қатар, адамның ішкі мәдениетінің биіктігін білдірсе керек. Сондықтан тұлғалық дамуын үнемі қадағалайтын жандар тізімге осы Жер-Анаға деген құрметті қоссын. Экологиялық сана сезімді қалыптастыруға үндейтін жобаларымды жасап жатырмын. Бұйыртса осы жылы біраз пайдалы дүниенің тұсауын кеспекпін. Барынша адамдарға әсер еткім келеді. Бастысы, бұл сән үшін, контент үшін емес жүректен шыққан дүние.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: