Қазақтарды біріктірген Манчестер!

21 Қыркүйек 2014, 12:57

Қазақтарды біріктірген Манчестер!

Осы аптада шыққан шетелдегі қандастарымыз жайлы мақалаларды  жалғастырайық деп шештік. Ұлыбританияның Манчестер қаласындағы Манчестер қазақтарының ұйымының мүшесі – Гүлсая Нұржаубаева қарындасымыздың «Kazakh society in Manchester» ұйымының жұмысы жайында репортажын төменнен оқи аласыздар.

«Ел ертеңі – білімді ұрпақ» деген ұранмен қазіргі таңда үкіметіміз терең және сапалы білім беруге үлкен назар қойып отырғаны белгілі. 1993 жылы бастау алған ҚР Президентінің «Болашақ» стипендиялық бағдарламасы арқылы дүние жүзінің үздік оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің де саны жыл санап ұлғаюда. Сондағы стратегиялық мақсаты – жоғары сапалы біліммен жастарды сусытып, дамыған мемлекеттердің озық білім беру жүйесін танып, елімізде сол саланы көркейту, дамыту.  

Менің есімім Гүлсая Нұржаубаева, 2012 жылы «Болашақ» стипендиясының иегері атанып, телекоммуникация мамандығы бойынша техникалық білім беру саласында үздік деп саналатын, Англияның Манчестер қаласындағы Манчестер университетіне оқуға түстім. Шет мемлекетке алғаш келгенімнен-ақ сонда оқып жатқан казақ студенттерімен танысып, жақын араласып кеттім. 

Манчестер қаласында шамамен 100-ге жуық қазақстандық жастар бакалавр, магистратура және докторлық Phd дәрежелері бойынша білім алуда. Бір-біріне қолдау көрсету, қазақтың салт-дәстүрлерін, төл мерекелерін ұмытпай атап отыру және оларды басқа ұлттарға таныту мақсатында 2008 жылы «Kazakh society in Manchester» қоғамдастығы құрылған. 

Қоғамдастықтың Президентін және жанындағы көмекшілерін бірнеше кандидатура арасынан студенттер дауыс беру арқылы келесі оқу жылына дейінгі уақытқа сайлайды. Бұл қоғамдастық сонымен қатар Қазақстандағы қайырымдылық қорларға көмек көрсету, жаңа келген студенттерге бағыт-бағдар беру, түлектердің болашақта бір-бірімен араласуына септігін тигізетін іс-шараларды ұйымдастырады. 

Ұлыбритания жоғары сапалы білім беретін оқу орындарымен әлемге танымал екені бәрімізге анық. Сапалы білім үлкен еңбекқорлықты, өзін-өзі ынталандыруды және төзімділікті талап етеді. Апта бойы бар уақытын тек сабаққа арнаған біздің студенттерге апта соңында бас қосып көңіл көтеретін шаралар шаршағанды басатын дәрімен тең десем артық болмас. 

2013-2014 оқу жылы басталысымен, қоғамдастықтың Президенті ретінде Рүстем және көмекшілерінен құралған командасы сайланды. Оның ішінде Нұргүл - вице-президент, Фахраддин - қаржы бөліміне жауапшы, Берік -  футбол ойындарын ұйымдастырушы, Мадияр - техникалық жабдықтарға жауапшы және Ақылбек, Камилла, Ақылбек, Ақмарал - қоғамдастықтың белсенді мүшелері. 

Олар жыл бойынша Құрбан айт, Жаңа жыл, Наурыз мерекелерімен қатар, таланттылар шоуы, әйгілі мафия ойындарын, интелектуалды ойындар жән футбол, баскетбол, теннис сынды спорт ойындарын ұйымдастырып отырады.

Наурыз мейрамы Student Union студенттер үйінде тойланады. Манчестер қазақтарымен қоса, Лондон, Шеффилд, Нью-Кастл қалаларынан да қонақтар арнайы дайындалған мерекелік бағдарламаны тамашалап, көппен бірге уақыт өткізуге келеді. Сол кеште Манчестерде білім алып жатқан жас отбасының 1 жасар Әмір атты ұлдарының тұсауы кесілді. Ұлыстың Ұлы күнінде ақ бата да айтылып, Наурыз көжеден де дәм татылды. 

Манчестер қаласы - университетімен ғана емес, аттары жер жаратын «Manchester United», «Manchester City» футбол клубтарымен әйгілі. Ойын науқанында қала оянып, орталығы әлемнің жан-жағынан келген жанкүйерлерге толып, үлкен мереке болып жатады. 

Ең көп қазақтардың, соның ішінде жігіттердің осы қалаға оқуға келулерінің де сыры, бәлкім, осында болар. Олар тек жанкүйер бола қоймай, футбол десе ішкен астарын жерге қоятын, доп қуғанда алдына жан салмайтын ойыншылар. 

Жыл сайын Ұлыбританияның қалаларында оқып жатқан студентерді біріктіру мақсатында ұйымдастырылатын «Scottish cup», «Dostyk cup» футбол турнирлеріне әр қала өз командасын құрып, жарысқа түседі. Олардың ішінде – «Dostyk cup» кубогын Манчестер жігіттері алты жыл қатарынан жеңіп отырған. Әр ойынға аса жауапкершілікпен дайындалады. 

«Society»-дегі іс-шараларды қоғамдастық жетекшілері ұйымдастырып, идеяларын ұсынып жатса, басқа студенттер біріге ат салысады. Студенттер арасында домбырашы, әнші, биші, ақындар әр мерекені қызықтырып, таланттарын паш етіп жатады. Мерекелік дастарханды қыздарымыз жайнатып қойып, сәнін келтіреді. 

Қазақ болғандықтан асымыздан еттің дәмі келмесе, көңіл-күйіміз де орнына түспейтіні рас. Әсіресе, бәріміз сүйсініп жейтін сүрленген жылқы етінен әзірленген бешбармақ асы Англияда кейде түсімізге де кіреді. Супермаркеттерінде сатылмайтын, көп халықтың тұтынбайтын казы, жал-жаяны ата-аналарымыз ара-сыра беріп жіберіп тұрады. Ауылымыздан бір тұтам да ет келсе біз үшін үлкен мереке. Аяқ асты бір шаңырақ астына жиналып, ас әзірлеп, ауыл дәмін бірге татып жүреміз.

Шынымды айтсам, жөнді тамақ дайындауды Манчестерге оқуға келгенге дейін үйренбегем. Бірақ сағынғанда бауырсақ та пісіріп, бешбармақты да әзірлегеніме өзім де таң қаламын. Бұл отырыстарды тек көңіл көтеру ғана емес, сонымен қатар достыққа, бауырмалдыққа итермелейтін, білім мен тәжірибе алмасатын жиын ретінде қарауға болады.   

«Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»-деп халық айтпақшы, бұл студенттер абыроймен елге оралып, бір ортада жұмыла еңбек етіп, әлі де ақсаңдап тұрған жүйелердің дамуына бірге атсалысуға құлшынып жүр. Патриоттық сезім шынында сыртта жүргенде нығая түседі екен. Не дегенімен, дамыған мемлекетте өмір сүру қолайлы, халық үшін барлық жағдай қарастырылған. Соған көз жете отырып, салыстырасың, талдау жасайсың және өз елімізде, қоғамымызда осындай болуын еріксіз аңсайсың. Дегенмен де, неге жетпеске деп, шетелдегі оқып жатқан уақытын пайдалы өткізіп, Қазақстанның дамуына өз септігін тигізуге құлшынып отырғандар аз емес. Бір жылдық оқу мерзімінде, осындай жастармен бірге таныс болу, бірге уақыт өткізу мен үшін мәртебе болды, менің де патриоттық сезімім күшейе түсті.

Қалған кескіндерді мына сілтемеден таба аласыздар.

Бөлісу: