ҚАЗАҚТАРДЫҢ КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЫ ОМБЫ ҚАЛАСЫНДА ӨТЕДІ

7 Желтоқсан 2018, 11:24 1722

8 желтоқсанында «Отандастар» Қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бірлесіп, Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының көмегімен Омск қаласында Ресей қазақтарының аймақтық құрылтайын өткізеді.

Шараны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы (ДҚҚ) Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков ашып береді. Шетелдік отандастарға арнайтын алғысөзінде ол тарихи отанның қазіргі жағдайы, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуындағы жетістіктері туралы айтып, ДҚҚ мен «Отандастар» Қорының бірлескен қызметі жайында ақпарат береді. Өткен жылы Елбасы тапсырмасымен құрылған «Отандастар» Қорының мақсат-міндеттері туралы Қордың Вице-президенті Талғат Адуов айтады. Ол Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық бірегейлікті сақтауға бағытталған Қордың жоспарлы жобаларына ерекше тоқталып өтеді.  

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы Директорының орынбасары Батырхан Жұмабаев өз баяндамасында рухани құндылықтарды сақтаудың, қасиетті тарихи жерлерді зерттеу мен насихаттаудың, Қазақстанның мәдени-туристік кластерлерін дамытудың маңыздылығы турасында сөз қозғайды. Мемлекеттік тілді дамыту Қорының Директоры Азат Шәуеев отандастарды өзі басқарып отырған Қордың жобаларымен таныстырып, қазақ тілін меңгеруге арналған қолжетімді тегін мобильді қосымшалар, онлайн-курстар және интернет-ресурстар туралы толық айтып береді.

Құрылтайда Ресейдегі қазақ диаспорасының ана тілінде білім алуы, мәдени-рухани мұраларды зерттеуі және іскерлік дамуы тұрғысында қолдау көрсететін жобаларды іске асырудың негізгі бағыттарын талқылау жоспарланып отыр. Шара қазақстандық әртістердің қатысуымен өтетін гала-концертпен аяқталады.

Ресейдегі қазақтардың саны шамамен 1 миллион адамды құрайды.  Көпшілігі Қазақстанмен шекаралас аймақтарда тұрады. Ең ірі қазақ диаспоралары Астрахан, Орынбор, Омск және Саратов облыстарында орналасқан. Ресей халық санағы бойынша қазақтар татар, башқұрт, шуас сынды түркі этностарынан кейін төртінші және Ресейдің жалпы этностары ішінде оныншы болып тұр.

Шетелде тұратын қазақтардың кіші құрылтайлары жыл сайын Қазақстанның Қоғамдық даму Министрлігі қолдауымен өткізіледі. Шара қазақ диаспораларының төл мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтап қалуына бағытталған.

Бөлісу: