Қазақтардың Түркияға қоныстануы

21 Қыркүйек 2015, 05:32

Қазақтардың Түркияға қоныстануы 1952 жылдары басталған.

Қазақтардың Түркияға қоныстануы 1952 жылдары басталған. Негізінен, Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданының Алтай округінен («алтай қазақтары») көшіп барған. Ал, XX ғасырдың 80-ші жылдары Ауғанстан мен Ирандағы қазақтар босқын ретінде қоныс аударған.

Бұл жөнінде түркітанушы Әбдіуақап Қара мынадай деректер келтіреді: «Қазақтар Түркияға Үндістан-Пәкістан арқылы келген болатын. Олар Түрік үкіметінің 1952 жылы 13 наурыздағы қаулысы бойынша Түрік еліне қабылданды. Осыдан кейін алдына 12 жыл, артына 2 жыл болған Үндістан мен Пәкістандағы екі мыңға жуық қазақ Түркияға қоныс аудара бастады. Сөйтіп қазақтың алғашқы тобы болып Құсайын Тәйжі бастаған қазақтар 1952 жылдың қыркүйек айында түрік еліне қадам басты. Көш 1953-1954 жылдарға дейін жалғасты. Үндістандағы соңғы топ ретінде Қалибек Әкім бастаған қазақтар 1954 жылдың көктемінде Түркияға келді. Сонымен 1952 жылдың қыркүйегі мен 1954 жылдың мамыры арасында Үндістан мен Пәкістанда өмір сүрген 1850 қазақтың барлығы Түркияға қоныс аударды.»

Жаңа қоныста қазақтар барынша бір аймаққа шоғырлануға тырысты. Соның нәтижесінде, Стамбұлдың бір ауданы «Қазкент» деп аталды, қазір ол «Гюнешли» түрік тілінен аударғанда «күн сәулелі» деп аталады. Олардың біркелкі орналасуы ана тілін, салт-дәстүрін сақтап қалуға, өзара қарым-қатынастың үзілмеуіне себепші болды.

Түркиядағы қандасымыз Мансұр Тәйжінің айтуынша, жаңадан көшіп келген қазақтарға Түркия үкіметі Маниса, Кония, Алтай сияқты аймақтардан егін шаруашылығымен айналысу үшін 35,955 гектар тегін жер бөліп берген.

Олардың ішінде Конияға қоныстанған қазақтар ғана егіншілікпен айналысқан. Ал, басқа аймақтарға орналасқан қазақтардың тұрмысы ауыр жағдайда еді. Бұл жайлы Түркиядағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара былай деп баяндайды: «ХХ ғасырдың екінші жартысында Түркияда Алтайдағыдай мал өсіріп ары-бері көшіп қонып жүруге мүмкіншілік жоқ еді. Түркияның аталған өңірлерінде, аттың жалында түйенін, қомында көшіп-қонып жүру мүмкін емес-ті. Сонымен қазақтың күн көрісі қиындай бастады. Қарапайым халық түгіл бұрын ел бастаған жетекшілердің өзі бала шағаның несібесін табудың қамын ойлауға мәжбүр болды. Олар біреуге кіріптар болып алақан жаймай күн көрудің жолын іздестірді. Ақырында қолөнерімен, ата кәсіптерімен айналысып нан табудан басқа шара таба алмады. Сөйтіп жаңа өмір басталды. Бұрын ел бастаған тәйжілер, үкірдайлар мен залыңдардың өзі тері иледі. Қолға ине тебен алып теріден қолғап, қалпақ, тон сияқты бұйымдар тікті. Тіпті сол тіккен бұйымдарын базарға апарып сату үшін дорба мен дағар арқалады. Әйтеуір қалай болғанда да отбасының несібесін адал еңбекпен табу табысты болды. Уақыт өте келе жаңа елдің салтын да, тілін де, заңын да меңгерді. Балалардың алды түрік мектептерінен білім алып та үлгерді. Сонымен 10 жылға жетпей қазақтар түрік елінде есін жия бастады.»

Түркиядағы қазақтардың тұрмысын зерттеген Б.Қалшабаева мен А.Бейсеғұлова 1960 жылдан бастап қазақтар біртіндеп үлкен қалаларға, әсіресе Түркияның сауда орталығы болған Ыстамбұлға, одан кейін Измир, Анкара қалаларына ойыса бастағаны туралы жазады. Табыс тауып, отбасыларын асырау үшін қазақ жастары қара жұмысқа шыққан. Уақыт өте келе олар 5-10, тіпті 30 кісіден ақшаларын біріктіріп, тері, пластика өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорындар құрады. Сөйтіп, жаңа мекенге қоныс аударған қазақтар күн көрудің өзіндік жолын салды. Бұл жақтағы қандастарымыздың осыншама уақыт аралығында өздерінің мәдениеттілігімен, тәрбиелілігімен ғана көзге түсіп, шетелдіктерге үлгі болып жүргенін айта кету керек. 

Түркиядағы қазақтар туралы бейне матиреиал мына сілтемеде.

Дария Жұмалиева

Бөлісу: