4 Желтоқсан 2014, 10:01
Қазақстаным!
Бір Алла атты теңдессіз ғажап Ұстаның,
Бойына жиған имани тазалық нәрін.
Төріңе қанша төнсе де қара дұшпаның,
Болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп,
Қорғады сені серт беріп сан Арыстарым –
Қазақстаным!
Төндіріп тағы басыңа қара бұлттарын,
Тарихтан білем ұлтымның жан ауыртқанын.
Ұрпақтарыңның былғаған балалық шағын,
Қариялардың ұрлаған даналық шамын,
Замандар да өтті-ау, жататын тоналып бағың –
Қазақстаным!
Өмір-өзеннің бұлқынған долы ағыстарын,
Елең де қылмай, еңкеймей, алабұртпадың.
Қап-қара жерге қып-қызыл көп ағып қаның,
Ақырып теңдік сұрап ең, Алашыңды айтып,
Ақыры келіп қолыңа жалау ұстадың – Қазақстаным!
Босатып тордан, зарыққан дала құстарын,
Алдыңнан атты нұр шашып, ағарып таңың.
Соның үшін де қолыма қалам ұстадым...
Жүрегімменен жүремін үнемі сезіп,
Бойыңда сенің асқақ рух, дара күш барын –
Қазақстаным!
Алмат Исәділ
***
Қуан, қазақ!
Қуан, қазақ, күн туды қуанатын!
Ендіктерді аралап еркін дүбір,
Алаулатты керемет көркіңді нұр.
Алақайлап аспанға атып тұрып,
Берекелі бастағы бөркіңді бір...
Қуан, қазақ!
Күн туды қуанатын!
Қазақ елі азат,
Қазақ жері азат,
Қазақ ері азат,
Бұдан нұрлы шақ бар ма?
Бұдан асар бақ бар ма?
Қуан, қазақ!
Күн туды қуанатын!
Әдіптеді арманды әуелгі үміт,
Кекете алмас қазақты жау ел күліп...
Тәуелсіздік туындай биік еңсең,
Кетті бүгін келмеске тәуелділік...
Қуан, қазақ!
Күн туды қуанатын!
Қазақ елі азат,
Қазақ жері азат,
Қазақ ері азат,
Бұдан нұрлы шақ бар ма?
Бұдан асар бақ бар ма?!
Қуан, қазақ!
Күн туды қуанатын!
Төрт түліктен майысып арқа, белдер,
Тойлап жатыр ой, қырда дарқан ерлер...
Танып жатыр, мойындап Қазақ Елін
Танығысы келмейтін тарпаң елдер...
Қуан, қазақ!
Күн туды қуанатын!
Қазақ елі азат,
Қазақ жері азат,
Қазақ ері азат,
Бұдан нұрлы шақ бар ма?!
Бұдан асар бақ бар ма?!
Қуан, қазақ!
Күн туды қуанатын!
***
Егемендік
Мұз жастанып азаттықтын жолында,
Тәуелсіздік туы тұрды қолында.
Сойыл таяқ ойнаса да жанында.
Отан үшін жанын қиды ұлдарың,
Аз болған жоқ азап шеккен қыздарың,
Күйініштен ауырады жүрегім,
Естігенде желтоқсанның ызғарын.
Желтоқсан-ау, ұмытылмайсың жүректе,
Ұрпақ өсер айналатын тірекке,
Егемендік тиді бүгін еншіме,
Желтоқсаным,жеткіздің ақ тілекке.