Қазақстанның тоғыз қаласында ұйымдастырылған Корей киносының фестивалі Павлодарда аяқталды

15 Қазан 2018, 04:50 2220

Павлодардағы Ш. Айманов атындағы кинотеатрда Қазақстандағы Корей елшілігі корей мәдени орталығының ұйымдастыруымен корей киносының фестивалі өтті.

Орталық директоры Ли Хе-ранның айтуынша,  Қазақстанда корей киносының фестивалі биыл еліміздің тоғыз қаласында ұйымдастырылып, Павлодарда  аяқталған.

Фестивальге студенттер мен Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, кино бағалайтын өнерсүйер қауым жиналды.

«Қазақстандықтар комедия және  драма жанрын ұнатады деп естідік. Сондықтан көрсетілімге осы жанрдағы фильмдерді таңдап әкелдік. Бұл фильмдер корей тілінде болса да, орыс тіліндегі субтитрмен ұсынылады», - дейді орталық директоры.

Корей орталығы Астанада кинофестивальден басқа, түрлі мәдени шаралар  өткізеді. Оның ішінде концерттер мен фото және  өрнектер көрмесі бар. Сол жерде арнайы курстарда корей тілі мен корей тағамдарын дайындауды үйренуге болады.

«Қазақстан Корея үшін Орталық Азиядағы маңызды серіктес болып табылады, Корейлер 80 жыл бойы Қазақстанның жерінде өмір сүреді.  Қазақстан елімен байланыс дипломатия, мәдениет және басқа да бағыттарда одан әрі дами түседі», –  деген сенім білдірді Ли Хе-ран ханым.

Қазіргі таңда әлемнің 27 мемлекетінде 32 корей орталығы жұмыс істейді.  Астанада мұндай орталық біреу ғана.

 

Бөлісу: