Қазақстанның экспорт көлемі артты

9 Тамыз 2022, 12:58 1411

Қазақстан отандық өнімді сыртқы нарықтарда ілгерілету бойынша белсенді саясат жүргізуде

2022 жылдың 5 айында экспорт 34,2 млрд АҚШ долларына жетті, өсім 12,7 млрд АҚШ долларына тең немесе 37,2% - ды құрады, деп хабарлайды El.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Экспорттың мынадай елдерге ұлғайғаны байқалады: Грузия - 7 есе (2021 жылы 12,6 млн АҚШ долларынан 2022 жылы 90,2 млн АҚШ долларына дейін), Канада - 6,6 есе (2021 жылы 51,8 млн АҚШ долларынан 2022 жылы 343,5 млн АҚШ долларына дейін), Марокко-5 есе (2021 жылғы 24,1 млрд АҚШ доллардан бастап 2022 жылы 124,1 млн АҚШ долларына дейін), Оңтүстік Корея - 4 есе (2021 жылғы 441,3 млн АҚШ долларынан бастап 2022 жылы 1,7 млрд АҚШ долларға дейін), Жапония - 3,3 есе (2021 жылғы 125,6 млн АҚШ доллардан бастап 2022 жылы 418,9 млн АҚШ долларына дейін), Түркия - 2,1 есе (2021 жылы 1 млрд АҚШ долларынан бастап 2022 жылы 2,1 млрд АҚШ долларына дейін).

Жалпы, Қазақстан отандық өнімді сыртқы нарықтарда ілгерілету бойынша белсенді саясат жүргізуде. Сауда және интеграция министрлігі, өз кезегінде, экспортты қолдау құралдарының кең тізімін қолданады.

Шикізаттық емес экспортты дамыту шеңберінде қазақстандық экспорттаушылар үшін шығындардың бір бөлігін өтеу, сақтандыру, кепілдік беру және субсидиялау, сондай-ақ қаржылық емес құралдар, қолдау бағдарламалары арқылы қаржылық қолдау көрсету, ҚР Сыртқы істер министрлігінің шетелдік мекемелерін тарту, экспорттық әлеуеті жоғары қызметтерді дамыту, қауіпсіздік пен сапаның халықаралық талаптарына жауап беретін жаңа ұлттық стандарттарды қабылдау бойынша шаралар ұсынылады.

Экспорттық акселерация бағдарламасы аясында отандық өнімді Ресейге, Өзбекстанға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Сауд Арабиясына, Әзербайжанға ілгерілету көзделген. 

Орталық Азия елдері, Ресей және ЕАЭО-ның басқа елдері, Қытай, Түркия, Еуропа елдері, АҚШ, Иран басым нарықтар болып қала береді. Аталған елдердің тізбесі бойынша министрлік отандық өңделген өнімдерді: азық-түлік, металл бұйымдарын, жабдықтардың жекелеген түрлерін, отынды ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.






Бөлісу: