Қазақстанның туризм тарихы

29 Тамыз 2014, 13:52

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып табылған.

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып табылған. Қазақстандағы алғашқы туристік ұйымдар 20 ғ-дың 20 – 30-жылдары пайда болды. 1929 ж. Алматы қ-нда тұңғыш туристік жорық ұйымдастырыды. Оған Г.И. Белоглазов пен Ф.Л. Савин басқарған 17 мектеп мұғалімдері қатысты. Жорық Алматы төңірегінен басталып Есік к-нде (62 км) аяқталды. 1930 ж. Алматы өлкетану мұражайы жанында Пролетарлық туризм және экскурсия қоғамының өлкелік бөлімшесі жұмыс істей бастады. Оның алғашқы төрағасы болып В.Г. Горбунов сайланды. Осы жылы Алматы қалалық телеграф пен пошта қызметкерлерінен (16 адам) құралған топ (Ф.Л. Савин басқарған) Медеу – Көкжайлау – Үлкен Алматы к. жағалауына дейін барды. Туризмнің бұл түріне В.Зимин, А.Бергрин, Д.Литвинов, Х.Рахимов, Г.Белоглазов, т.б. көп үлес қосты. 1931 ж. қаңтарда Алматыдан Зиминнің бастауымен алғаш рет шаңғышылар жорығы ұйымдастырылды. “Еңбек және қорғаныс” эстафетасын алған бұл жорыққа қатысқан 8 шаңғышыға ұлттық атты әскер полкінің сегіз шабандозы қосылды. Олар Алматыдан шығып, Ұзынағаштан өтіп Қордай асуы арқылы эстафетаны Қырғызия командасына табыс етті. Сол жылы Алматыдағы Жетісу губ. мұражайдың жанынан Бүкілодақтық пролетарлық туризм мен экскурсия ерікті қоғамының  10 мүшесі бар алғашқы ұясы ұйымдастырылды. Ол кейіннен Қазақстан өлкелік кеңесіне айналды. Әуесқой туристердің бастауымен Алатау қойнауындағы Күйгенсай (Горельник) шатқалында туристер үшін шағын үй салынды. 1936 ж. бұл жерде республикадағы ең алғашқы 50 кісілік “Горельник” турбазасының шаңырағы көтерілді. 1938 ж. Көкжайлау шатқалында (Алматы маңында) алғаш қазақстандық туристер слеті өтті. Оған 200-дей туристер қатысты. 1943 жылдың басынан “Горельник” турбазасында Кеңес армиясының тау атқыштарын даярлайтын Бүкілодақтық нұсқаушылар мектебі орналасты. Соғыстан кейін “Горельник” тау шаңғышылары мен альпинистер кадрларын даярлайтын базаға айналды. Адамдардың белсенді демалысы мақсатында 1952 ж. Қазақстанда Туристік-экскурсиялық басқарма (ТЭУ) құрылды. 1961 ж. Алматыда Респ. жас туристер ст. ашылды. 1960 ж. кәсіподақтардың Қазақ респ. кеңесі жанынан туризм жөніндегі респ. басқарма ұйымдастырылды. 1962 ж. Туристік-экскурсиялық басқарма Туризм жөніндегі кеңес болып қайта құрылды. 1965 ж. Қазақстанда респ. және 5 обл. (Алматы, Қарағанды, Шығ. Қазақстан, Орал, Шымкент) туристік кеңес және әр облыста экскурсиялық бюро ашылды.

1950 – 60 ж. Алматы жоғары оқу орындарында тау туризмі, альпинизм (шыңға шығу), спорттық туризм дами бастады. Мұның нәтижесінде туристік нұсқаушылар тобы қалыптасты. Осы жылдары С.Күдерин, Ү.Үсенов, Н.Дубицкий, В.Г. Хомулло, т.б. мамандар оқушылар мен студенттер арасында туризмді дамытуда үлкен үлес қосты. 1958 ж. Зиминге тұңғыш рет туризм бойынша КСРО-ның спорт шебері атағы берілді.

1970 ж. құрылған Туризм және саяхатшылықтың респ. кеңесі туризмнің одан әрі дамуына әсер етті.

1971 – 75 ж. Қазақстанда туризмнің материалдық базасын нығайып, саяхаттық-туристік ұйымдар көбейді, жаңа туристік базалар мен мейманханалар пайдалануға берілді.

1978 ж. Қазақстанда экскурсия мен туризмнің респ. кеңесі және 14 обл. кеңес, 17 туристік база мен мейманханалар, 26 саяхат, экскурсия бюролары және шет ел туристеріне қызмет көрсететін 3 бюро, Алматы, Орал, Шымкент қ-ларында туристік автомоб. базалары құрылды. Туристік базалар мен мейманханалардағы орын саны 7 мыңға жетті.

1988 ж. туризм құрылымында біршама өзгерістер болды. Жаңадан туристік экскурсия қауымдастықтары құрылды. Осы жылдары Қазақстан туризмінің дамуына Н.И. Самойленко, С.Әбденбаев, Т.Жездібаев, А.Чукреев, О.Мазбаев, С.Р. Ердәулетов, т.б. үлкен үлес қосты. Тәуелсіздік алған Қазақстанда 1991 жылдан туризм саласы дамудың жаңа сатысына көшті. 1993 ж. Қазақстан Дүниежүзілік туризм ұйымына мүше болды. Осы жылы туризм индустриясын дамытуға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды. 1997 ж. Қазақстан Республикасының Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өрлету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұралар сабақтастығын дамыту тұжырымдамасы, жалпы туризм дамуының стратегиясы жасалды. 2001 ж. 13 маусымда “Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы” заң қабылданды. Онда республикадағы туристік саланы дамытудың бірінші кезектегі шаралары, туристік қызметті лицензиялау, т.б. мәселелер тұжырымдалды. Қазақстанның табиғи, тарихи, геосаяси орны туристік нысандарды ұтымды пайдалануға мүмкіншілік береді, сонымен қатар экономиканың басты тармақтарының бірі ретінде дамытуды қажет етеді.

2002 ж. республикада 430 туристік ұйымдар, фирмалар мен әр түрлі бюролар жұмыс істеді. Оларда 6 мың адам, оның ішінде 1500 кәсіптік экскурсия жүргізушілер (гидтер) қызмет көрсетеді. Қазақстанның туристік фирмалары дүние жүзінің 80-ге жуық елімен қарым-қатынас жасайды. Алматы қ-ның 25 фирмасы және 5 облыс орталығы Үндістанға, Түркияға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Пәкстанға, Корея Республикасына, Грекияға, Польшаға, т.б. елдерге чартерлік әуе рейстерін жолға қойған.

Қазақстанда туризмнің барлық түрлері (танымдық, ойын-сауық, этн., экол., денсаулық сауықтыру, балалар, спорттық, аң аулау, балық аулау, атпен серуендеу), т.б. бойынша жүргізіледі. Бұл үшін Қазақстан аумағы бойынша 700-ден астам саяхаттық маршруттар белгіленген. Оларға Қазақстанда жиынтық сыйымд. 33 мың орынды 372 әр түрлі категориялы қонақ үйлер қызмет көрсетеді. Мыс., Алматы қ-нда қонақтарға “Алатау”, “Қазақстан”, “Достық”, “Есік”, “Отырар”, “Астана”, “Анкара”, “Hyatt Regency Almaty”, “Интурист”, т.б. қонақ үйлер сервистік қызмет көрсетеді. Астанада 30 туристік фирма және 25 қонақ үй орналасқан. Олардың ірілері: “Окан – Интерконтиненталь Астана”; “Комформ – Отель Астана”, “Турист”, “Есіл”, “Жібек жолы”, “Алтын дала”, т.б.

Туризм мамандары Туризм және спорт академиясында, Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері ун-тінде, Алматы мемл. ун-тінде, Қазақ Ұлттық ун-тінде, “Тұран” ун-тінде, т.б. жоғары оқу орындарында дайындалады.  

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу: