Қазақстанның дүниежүзілік беделінің бастамашысы – Нұрсұлтан Назарбаев

27 Тамыз 2014, 08:15

Қазақстанның дүниежүзілік беделінің бастамашысы – Нұрсұлтан Назарбаев

Президентіміз Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында: «Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды» – деген даналық сөзді айтады. Өмірге философиялық тұрғыдан қарайтын адамдарға бұл сөздің астарында өте үлкен мағына жатыр. Елдің дамуы үшін көп жылдық стратегия құру өте маңызға ие екені белгілі. Мәселен, әлемдік саяси аренада Қазақстан өзінің имиджін арттыру үшін тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы күннен бастап көптеген жұмыстар атқарып келеді. Мұның өзі стратегиялық тұрғыдан әу баста жоспарланып қойған. Соның арқасында әлемнің Қазақстанға деген көзқарасы мүлде оң бағытқа өзгеріп, күннен күнге жаһанның әр бұрышында түрлі халықтардың бізге деген қызығушылықтар артып келеді. Бұл дегеніміз, бір жағынан туризм бизнесіне даңғыл жол ашылып жатқанын білдіреді.

Бүгінгі жаһандану заманында елдің қайталанбас, айрықша образының болуы – уақыттың талабы. Бұл ел тәуелсіздігінің кепілі, табиғи, мәдени және адами ерекшеліктерін сақтайтын жол. Соңғы уақыттарда белең алған ақпараттық соғыс, мәдени қақтығыс, экономикалық күрес т.б. бәрі де адамдардың санасы арқылы жүріп жатыр. Қазақстан 22 жылдың ішінде әлемге өз образын таныта білді.  Қазақстан басқалардың санасында «бейбітшілікті сүйгіш» ел ретінде танылғаны – біздің «Мәңгілік ел» болуға біржолата бет бұрғанымызды білдіреді.

Қазақстан Конституциясының 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп жазылған. Қазір әлемде көптеген елдер өзінің құқықтық жағынан әлемге танылтып жатыр. Құқықтық жағынан Қазақстан да кенде емес. Біздің мемлекетімізде адам үшін бәрі жасалған, азаматтарымыздың әрбір басқан қадамы заң жүзінде қорғалған. Дәл сол себепті көп адамдар осындай құқық жақсы сақталатын ел туралы жақсы пікірде болады және осындай елде өмір сүргісі келеді. Қазақстан адам құқықтарын орнықтыруға өте үлкен күш жұмсап жатқан мемлекеттердің бірі екені белгілі. Президентіміздің Қазақстандық демократияны құрып, оны әлемге таныту мақсатында жасап жатқан ерен еңбегі де көптеген әлемдік ықпалды тұлғалардың көкейінде жүр.

            Екі жыл бұрын «Vox Populi» ғылыми-зерттеу орталығының президенті Эрманно Визинтайнер әлем Қазақстанды «ашық» демократиялық институттар құрып жатқан және адам құқықтары мен азаматтық құқықтарға жоғары деңгейде құрметпен қарайтын ел ретінде танитынын мәлімдеген болатын. Ол өз сөзінде: ««ХХІ ғасырдағы бүгінгі Қазақстан, өз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жиырма жылдық қашықтықта халықаралық шахмат тақтасындағы «Хан-мемлекет», көшбасшы мемлекет, болашағы жарқын мемлекетке айналды. Шынайы жаһандық мүмкіндіктері бар еуразиялық маңызға ие орталық болып табылады. Оның негізін қалаушы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және оның мақсаты мұраны сақтау мен мүмкіндіктерді нақты іске асыру болып табылады. Осы жылдары Қазақстан Орталық Азиядағы ең тұрақты және гүлденуші мемлекетке айнала отырып, әлеуметтік, экономикалық және дипломатиялық салаларын да дамытты. Одан өзге, ол Вашингтон және Пекинмен, сонымен қатар Еуропалық одақ пен мәскеулік серіктестерімен жақсы қарым-қатынаста. Осылайша, Қазақстан аймақтағы ұзаққа созылған құбылмалы жағдайға қарамастан тұрақтылық пен орнықтылықтың айрықша негізін қалады» – дейді. Сондай-ақ, «Vox Populi» ғылыми-зерттеу орталығының президенті Қазақстанды толеранттылық пен әртүрлі этностық және діни топтардың арасында бірге өмір сүрудің өз үлгісін көрсете отырып, отызға тарта түрлі діндерді уағыздайтын жүз қырықтан аса этностардан құралған өрнекке теңестірген-ді. Шын мәнінде, Қазақстанды әлемнің мойындауында бір тұлғаның еңбегі орасан, ол – елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

            Бар болғаны 22 жылдың ішінде Президент Н. Назарбаев өзінің әлемдік аренадағы жемісті еңбегінің арқасында еуразиялық континентте көпұлтты Қазақстанды жасай отырып, тұрақтылық жағдайында бірнеше жыл бойы өмір сүріп жатқан өзіндік көпмәдени және көпэтникалық мемлекеттің іргетасын берік қалады. Бүгінде еліміздің толағай табыстарын халқымыз мақтан тұтады. Осындай шақта елбасының: «XXI ғасырда болашақты болжау керек. Оны қолдан жасау керек. Болашақ жаман немесе жақсы болмайды. Ол біз жасағандай болады» – деген сөзі еріксіз еске түседі. Біздің еліізде бейбітшілік пен келісім жайлаған, сондықтан экономикалық және саяси жетістіктеріміздің негізі тереңде жатыр. Елдегі әлеуметтік аспектілерді шешу мәселесі көптеген шетелдік саясаткерлер мен саясаттанушыларды таңғалдырды. Әлемдік қоғамдастықта болып жатқан саяси дағдарысқа әкелетін жағдайлар, азаматтық және әскери дау-жанжалдар болып жатқан бүгінгі заманда біздің еліміз тұрақтылық пен тыныштық аралы сияқты бейбіт өмір сүруде және жер-жаһанның басқа да халықтарына үлгі болуда.

            Естеріңізде болса, ЕҚЫҰ-ның қорытынды саммитінің нәтижесі бойынша баспасөз конференциясында Презизидентіміз былай дейді: «Конфессияаралық, мәдениаралық келіспеушіліктер әлемде әртүрлі себептен туындайтынын әркім әртүрлі айтады. Өркениеттердің үйлеспейтінін алға тартты. Бұл олай емес. Христиандық, ислам, иудизм бірыңғай авраамоистикалық дінге жатады. Ешбір қасиетті кітапта өлтіру, терроризм немесе т.б. жазылмаған. Діндер біздің өмірімізге келіспеушілікті тудыру үшін емес, әлемді жасау үшін келді. Шынында да, дін қайраткерлеріне келісімге келіп, осы тақырыпқа адал, ашық диалог жүргізетін уақыт келді. Шешілмейтін келеңсіздіктер болмайды. Христиандық пен иудизм ортақ тіл табысты. Енді мәселе ислам мен христиандыққа байланысты. Осы заманғы әлем – көпполярлы, көпаспектілі және көпұлтты» – дейді.

Бүгінде ұлтаралық жанжал туындағанда, күш қолданылып, қантөгіс соғысқа дейін жетеді. Ұлтшылдықтың өсуі, «мультимәдени» саясат жобасының дағдарысы, Еуропаның жетекші елдеріндегі ұлттық сәйкестік туралы шыққан дискуссия  осыған дәлел болады. Сонымен қатар, мигранттар өз тілі мен дәстүрінен бас тартпайтыны анық. Көптеген ұлттық мәдени өзгешеліктің жойылуына әкелетін ассимиляциялық процестер келеңсіздікке әкеледі. Осы кезеңде әлсіз тепе-теңдікті сақтау керек болады, ол бұзылса, соңы қиыншылыққа ұласып кетеді. Ал, біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси мықтылығының арқасында адамдардың, әлемнің сеніміне кіріп, әл-ауқатын қолдау қабілетінің әсерінен, қазақстандықтарды біркелкі және жалпы мақсатқа жетелеуі арқасында бұл тепе-теңдікті сақталды. Орасан еңбек пен күш өз жемісін көп күттірмей берді.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қоғамның өзгеру стратегиясы және еуразиялық өркениеттің жандануы» атты еңбегінде алдымызға қойған міндетті шешу үшін негізгі шарт: «бұл қоғамның рухани жағдайы, республикадағы тұрақтылықтың атмосферасы, ұлттық және адамзаттық келісім» – деп  жазады. Бұл идеяның бастамасы алдағы уақытта бірыңғай экономикалық кеңістікке айналатын Белоруссия, Қазақстан, Ресей арасындағы Кедендік одақтың ашылуымен жүзеге асса, дәл бүгінгі күнде Еуразиялық экономикалық одақты құрылуы желісімен жалғасын табуда. Президентіміздің жүзеге асқан идеялары мен жобалары әлемде зор бағаланып отыр. Ал, «Еуразиялық экономикалық одақ» жобасының құрылмай жатып талқыға түсуі – еліміздің халықаралық беделін тағы бір шыңға шығарды.

Елбасының соңғы жолдауында: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті»,– деп бастады. Бұл орайда елең еткізген жаңалық – тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы. Бұл – Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым. Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу.

 

Дінмұхамед Аязбеков

Бөлісу: