Қазақстаннан жеткен олжа

27 Тамыз 2014, 02:58

Қазақстаннан жеткен олжа

Елдегі қариялар Ата жұртымызға ынтық көңілімізді сезіп, бізге ерекше құметпен қарайтын. Осының өзі елге деген іңкəрлігімізді арттыратын бір фактор болды. Содан болар, 1977 жылдың бір сəтті күнінде ауылымыздың дүкеншісі Қара Бала деген ағамыз дүкенінің алдынан өтіп бара жатқан мені «Ислам, бері кел, мен саған сені қуан-татын бір үлкен сыйлық табыстағым келіп тұр. Тек қана мен почтаға төлеген бес түмен ақшасын берсең болғаны, ол керемет олжа сенікі болады. Оны Қазақстаннан жіберген, бірақ, иесі жоқ. Саған бұйырып тұрған сияқты» деді. Қазақстаннан жеткен олжа дегенде қанаттанып, қалай ұмтылғанымды өзім де білмей қалдым. Сұраған ақшасын төлеп, тозығы жеткен почта пакетін ағамыздың қолынан жұлып алғандай болып, қойныма сыймай бара жатқан қуанышымды бөліскім келіп, досым Қажының үйіне қарай құстай ұштым. Жол бойы досымның үйіне жеткенше қолдағы елден келген олжаны иіскеймін, сүйемін, қуанып көз жасымды төгемін, өмір не деген тамаша ертегі екен деймін. Алла тағалаға шексіз ризамын, осындай үлкен олжаны маған сыйлағаны үшін. Қиялдағы арманның шынайы дүние екеніне көз жеткізу уақыты таяп қалғандай болып көрінді сол сəтте.

Досым екеуміз апыр-топыр пакетті аштық, ішінен бірнеше сан газеттер шықты, бəрі де біздің көз білетін араб жазуымен басылған. Бірақ өзгешелеу. Алайда одан алғаш тапқан жаңалығымыз газеттің аты «Біздің Отан» деп аталатынын білдік. Сол сəттен бастап араб жазуының жаңа формасы яғни бізге жақын төте жазуды толықтай үйрене бастадық. Артынша кириллица жазуын сол газеттегі əліппе кестесінен үйрендік. Газет біздің білім қазынамызды молайтты. Қазақтың көптеген жазушылары, өнер адамдары, мəдениет қайраткерлері сондай-ақ елдің жалпы ахуалы- мен танысып тұруға негізгі бұлақ көзі болды. Көпке созбай газетті жастарымызға таныстыра жүріп, «Отан» қоғамымен хат алысып-тұрысуға да кірістік. Қоғамның бізге жіберген көптеген дүниелерінің ішінен « Қазақ əліппесі» жəне «Қазақ тілі» атты екі шағын кітапша біз үшін тамаша олжа болды. Өйкені қазақшаны біршама тереңдеу үйренуімізге септігін тигізді. Аталған екі кітапты негізге ала отырып, Тегеран қаласында университет деңгейіндегі «Тəржіма жоғары медресесін» бітірген Нияз Тобыш бауырымыз екеуіміз парсыша-қазақша «қазақ əліппесін үйренейік» атты шағын оқу құралын жаздық. Кейін оның қолжазбасын көбейтіп жастар арасына кеңінен тараттық. Нияз Тобыш қазір Ақтау қаласында Ш.Есенов атындағы университеттің ағылшын тілінің оқытушысы əрі парсы тілі кабинетінің меңгерушісі болып табысты қызмет атқарып жүр.

Сол жылдары «Біздің Отан» газетінің бас редакторы Уақап Қыдырқанұлы ағамыз жанымызды ұға алатын жан ретінде етене жақын адамымызға айналды. Өйткені газет біздің рухани сұранысымызды толықтай өтеп тұрды. Оның ішінде қазақтың зиялыларымен бірге, қазақтың та- рихы, этнографиясы жайлы мақалалар сондай-ақ елге деген сүйіспеншілікті тудыратын жалынды өлеңдер басылып тұрды. Тағы бір кереметі, дүние жүзінде көптеген елдер- де қазақтар тұратынына сол газетті оқығаннан кейін анық көзіміз жетті. Оны біз өзге елде тұратын бауырларымыздың жарияланған сағыныш өлеңдері мен газетке жазған хаттарынан біліп тұрдық. Сол газеттің екі таңбалы бірі- төте, екіншісі-кириллица жазуымен үздіксіз жариялап тұратын сабақ кестесі арқасында басында кəдімгідей қиналсақ та екі жазу үлгісін үйреніп алдық. Уақап ұстазымызға рахмет!    

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: