Қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы Тұңғыш Президентіміздің алға қойған стратегиясы

27 Қазан 2014, 04:22

Қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы Тұңғыш Президентіміздің алға қойған стратегиясы

Қазақстан халқының әл-ауқаты жылдан жылға дамып келе жатқаны анық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы халыққа жолдауында да 17 миллионнан асып жығылатын халқымыздың әл-ауқатын арттыру жайлы мәселе көтеріп, бірқатар мақсаттар мен стратегияларды алға қойып еді. Жалпы, біздің халқымыздың әл-әуқаты, негізінен еңбек, білім, жастардың әлеуметтік бағыты, денсаулық сақтау, тұрғын үй сияқты қоғамның маңызды және өзекті жақтарын қамтиды. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама бойынша мектептер, ауруханалар, мәдени орталықтарды жыл былай тұрсын, күн санап көбейтуді президентіміз жолдауында нақтылған болатын. Елбасымыз әлем экономикасындағы қиындықтарға қарамастан Қазақстанның даму динамикасы алға басып келе жатқанына тоқталып өткен болатын. Мәселен, жыл басында ЖІӨ 5,6%, халықтың табысы 13 %, жалақысы 12 % артқан болатын. Ал, қыркүйек айында өткен Қазақстан-Иран бизнес-форумы барысында президентіміз: «Біздің Тәуелсіздігімізге 20 жылдан сәл ғана асты, ал осы жылдары еліміздің экономикасы 16 есеге өсіп, халықтың әл-ауқаты 15 есеге жақсара түсті, бүгінде алтын-валюта сақтық қоры 100 миллиард доллардан асады, мемлекетің қарыздары аз", - деген статистиканы келтіре отырып, Елбасымыз Бүкіләлемдік экономикалық форумның бәсекеге қабілетті биылғы ғаламдық есебінің нәтижелеріне сай Қазақстан 144 елдің ішінде 50-орынға орналасқандығын атап өтті. Елбасының айтуынша, келесі жылы біздің ел жан басына шаққанда 14 мың доллар болатын көрсеткішке жетуі керек. Сонымен қатар, президентіміз Бүкіләлемдік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі жөніндегі жыл сайынғы рейтінгінде Қазақстан қазірдің өзінде 50-орында екенін де тілге тиек еткен болатын. "Жалпы, бұл Кедендік одақ пен біздің басқа да көршілеріміздің арасындағы ең жоғары көрсеткіштер", - деді мемлекет Басшысы. Әрі "Қазақстан – бизнесмендер үшін жаңа мүмкіндіктер" екендігін тілге тиек етіп, осы орайда Иран кәсіпкерлерін Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қатысуға шақырды. Сондай-ақ Президент Кеден одағының, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы арқылы Қазақстанда жұмыс жасайтын кәсіпкерлерге 2,5 триллион доллар көлемінде нарыққа жол ашылғандығын, ал бұл нарықтың ауқымы 170 миллион адам екендігіне тоқталып өткен еді.

Халықтың әл-ауқаты жоғары, әлеуметтік жағдайы қамтамасыз етілген мемлекетте патриотизм де, экономикалық даму да тұрақты болады. Еліміздің президенті мұны өте жақсы біледі және халықтың әл-ауқатын арттыру жолында екі он жылдық бойы тынбай еңбектеніп келеді. Биылғы жолдауында: «Қазақстандықтар болашаққа сеніммен қарайтын болды. Сұрақтарға қарағанда халықтың 97 %-ы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын атауға болады. Бүгінде Отанымыздың жеткен жетістіктері әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы болды деп айтуға болады. Күшті қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімді жоспарлаумен тұрақты экономикалық өсіммен айналысады", - деген болатын Елбасымыз. Сонымен қатар, халықтың әл-ауқатын бұдан да жоғары қарқында арттыруда «Қазақстан – 2050» стратегиясының рөлі зор екенін атай отырып, елбасымыз: «Қазақстан 2050" Стратегиясы барлық саланы қамтитын және өсуді қамтамасыз ететін жалғыз жоба деп білуіміз керек. Ол еліміз үшін бірлігіміз бен еңбегіміз және шыңдалатын үлкен емтихан. Кейбіреулер 2030-шы жылға дейін бағдарлама жасаған, енді 2050 жылға дейін жасады, "бүгінгі жағдайды ойлауымыз керек" деген сөзді айтады. Оны біз түсіне отыруымыз керек. Мысалы 2050 жылға дейін 30 елдің ішіне кіреміз деген бағдарлама жыл сайын осы бағдарлама арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарататын бағдарлама болады деп сенуіміз керек. Біз қалған 35 жылды 7 бесжылдыққа бөлсек, 7 бесжылдықтың әр жылы ішінде әрбір мақсатты орындап, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі",- деген еді.

Қазіргі уақытта жаһанда «Әлеуметтік қауіпсіздік» деген жаңа ұғым пайда болды. Азаматтардың әл-ауқатының жақсаруы қоғамдағы тұрақтылықтың басты кепілі екеніне күн сайын көзіміз жетіп жатыр (Дағдарысқа төтеп бере алмаған Еуропа елдері бүгінде үлкен дүмпудің үстінде). Ал қоғамда тұрақтылық болмаған кезде, мемлекеттің тәуелсіздігіне нұсқан келеді. Әлеуметтік тұрақтылық болмаса, елдің берекеті кетіп, өндірісі де, экономикасы да, шағын кәсіпкерлігі де кері құлдырайтыны сөзсіз. Президентіміз, әлеуметтік қауіпсіздікті ескере тырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, халықтың бай-қуаттылығын арттырудың сан түрлі нұсқаларын халыққа жолдап, сол үшін еңбектеніп келеді. Сонымен қатар, Мәжіліс парламентінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері Елбасы ұсынған әлеуметтік саясатты жаңғырту бағытындағы істерге үлкен белсенділікпен кірісіп келеді. Осы бағытта заңдарды жетілдіру – мәжілісмендердің де басты мақсаты. Білім беру, денсаулық сақтау, адами капиталды дамыту және басқа да осындай салаларға көптеген қаражаттар бөлінуде.

Әрине, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін елімізде барлық жағдайлар жасалған. Дегенмен, халқымыздың бәрі бірдей денсаулық сақтау саласында мемлекет кепілдік берген әлеуметтік стандарттар бар екенін біле бермейді немесе мың балаға арналған мектепте қандай ең төменгі әлеуметтік стандарт бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілуі тиіс екенінен бейхабар. Соның барлығы заңмен белгіленіп, тиісті қаражатпен қамтамасыз етіліп те жатыр. Бізде қазір әр аймақта, әр ауылда жағдай әр түрлі. Сондай-ақ өңірлерді дамытудағы әлеуметтік теңгерімсіздікті еңсеріліп жатқанын мәжілісмендер атап өткен болатын. Мұның өзі төрт бағыттан тұрады. Атап айтсақ, моноқалаларды дамыту, көші-қон мәселелерін шешу, шекаралық аумақтардың экономикалық әлеуетін арттыру, мемлекеттік органның өңірлік даму саласындағы жұмыстарын үйлестіру. Біздің кейбір аймақтарда өндіріс мықты дамымаған, соның әсерінен жұмыссыздықтың көрсеткіші басым болып отыр. Ал кейбір өңірлерде жаңа өндіріс орындары ашылған, ол жерде жұмыссыздық мәселесі шешілгенімен, жаңа жұмыс күштері керек. Әлеуметтік теңгерімсіздік мәселесін шешу үшін бірінші кезекте дамымай, артта қалған аймақтарға қаржы бөлу арқылы еңбек төлемі саясатын жақсарту қажет. Бұл жерде Елбасы барлық бағдарламалар түпкі нәтижеде тұрғындарды нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету және жұмыссыздардың санын қысқарту екенін ескертіп отыр. Яғни, ауқымды бағдарламалар дайындап, бөлінген қаражатты игеруді бірінші кезекке қоймауымыз керек. Қанша жұмыс орнын ашты, қанша адамды жұмысқа орналастырды? Ең басты критерий осы болуы керек.

Президентіміз Н.Назарбаев еліміздегі жұмыспен қамту және еңбекақы төлеу саясатын жаңғырту міндетін алға қойған. Бұл міндетті орындауда халықты жұмыспен қамтуға ықпал ету, оның ішінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыру басты рөл атқарады. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы оған 187,5 мың адам қатысып, бюджеттен 95 миллиардтан астам теңге бөлінген. Жұмыссыздық деңгейі 2011 жылмен салыстырғанда өткен жылы 5,4-пайыздан 5,2 пайызға дейін төмендеген. Бүгінгі таңда статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде 2 млн 700 мың адам немесе экономикалық белсенді адамдардың 31,6 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуде. Олардың да әл-ауқатын көтеруге қызмет ету Үкіметтің, партия мүшелерінің алдағы уақыттағы жұмысы болуға тиісті. Сонымен қатар, әлеуметтік әл-ауқаты төмен азамттарға мемлекетімізде көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мәліметтерге сүйенсек, елімізде 37 мыңнан астам жетім балалар бар. Оның 13 мыңнан астамы балалар үйінде тәрбиеленушілер. Елімізде балалар үйін мүмкіндігінше азайту жөнінде бастама да көтеріліп жатыр. Оның орнына өркениетті елдердегідей отбасында тәрбиелеуге көшіру қолға алынып жатыр. Осыдан 3-4 жыл бұрын «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға толықтырулар енгізуді көздейтін заң қабылданғанда жетім балаларды 23 жасқа дейін тұрғын алу кезегіне қою туралы норма қарастырылған еді. Ал 23 жастан кейін кезектен шығарып тастайтын-ды. Енді өткен жылы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Онда 29 жасқа дейін үйдің кезегінде тұратыны, ал оған дейін үй алмаса, қашан үй алғанға дейін оны кезектен шығарып тастауға ешкімнің құқығы жоқ екені туралы жаңа норма бар. Алайда, үй кезегінде тұратындар өте көп. Ал енді жаңадан қабылданған тұрған заңда жетім балаларға тұрғын үй алу құқығы Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестіріліп, бірінші кезекте үй алуға құқылы деген норма енгізілді. Бұл үлкен мәселе, соның негізінде алдағы уақытта жетімдерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуге мүмкіндік тудырады.

Жалпы, халықтың әл-ауқатын арттыруда әлеуметтік саясаттың рөлі зор. Мемлекеттік әлеуметтік саясат – бұл белгілі бір тарихи жағдайлармен шарттасылған, қажетті ұйымдастырушылық және насихаттаушы күштермен, қаржы ресурстармен бекітілген, белгілі бір кезеңдік әлеуметтік нәтижелерге арналған, белгілі бір мақсаттарды көздейтін мемлекеттің әлеуметтік реформадағы қызметі. Әлеуметтік саясаттың нәтижелілігі халықтың өмір сүру деңгейінің сапасында көрінеді. Қалыптасқан қажеттіліктерден шығатын тұрғындардың материалдық және рухани игіліктермен қамсыздандырылудың өмір сүру деңгейімен кез келген елдің әл-ауқатының дәрежесі анықталады. Мұнда қажеттіліктер белсенді сипатта болады, олардың өсуі өмір сүру деңгейін туындатады. Өмір сүру деңгейін бағалау үшін жан басына шаққандағы тамақтанудың негізгі өнімдерін тұтыну, халықтың өндірістік тауарлармен қамсыздануы, тұтыну құрылымы, еркін және жұмыс уақытының ұзақтығы, табыстардың деңгейі және т.б. сандық көрсеткіштер пайдаланылады. Халқымыздың өмір сүру деңгейінің жоғарылап жатқанын есепке алсақ, ел тұрғындарының әл-ауқаты жақсарып жатқанын оп-оңай байқауға болады. Міне, бұл елбасымыздың халықтың, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандардың әл-ауқатын жақсартудағы көреген стратегиялары мен атқарып жатқан саясатының жемісі.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                      Дінмұхамед Аязбеков                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                               

Бөлісу: