Қазақстандықтар аватарларын Жеңіс күніне орай безендіруде

6 Мамыр 2016, 03:50

25.el.kz. сервисіне жаңа функция қосылды

Бүгіннен бастап «25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр» патриоттық интернет-акциясы аясында барлық әлеуметтік желінің пайдаланушылары аватар суреттерін Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесіне орай патриоттық нақыштағы логотиппен безендіре алады. 

Әлеуметтік желіні пайдаланушылар  25.el.kz. сервисі арқылы аватарларын келе жатқан мейрамдарға арнап көркемдеуіне болады. Ол үшін сервисімізге қосымша тақырыптық логотиптер жинақталған батырма қосылды. Сонымен қатар көптеген қолданушылар өз қиялынан туған мерекелік символдарды ойлап тауып, редакцияға жіберуде. Осыған орай сервисімізге «Өз нақышыңды ұсын» атты функцияның қосылғанын еске сала кетейік. 

Бүгінгі таңда 25.el.kz сервисi арқылы 114 мыңнан астам ғаламтор пайдаланушылары өз аватарларын патриоттық нақышта безендірді. 

«25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр.» патриоттық интернет-акциясының  географиялық ауқымы күн өткен сайын кеңеюде. Қатарымызға АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Нидерланды, Ресей, Қырғызстан елдеріндегі қандастарымыз да қосылды.

25.el.kz. сайтында 16 түрлі негізгі патриоттық нақыштағы логотип ұсынылған. Ал, Жеңіс мерекесі мен Отан қорғаушылар күні қарсаңында 12 жаңа логотип қосылып отыр. Кез келген адам солардың арасынан өзіне ұнағанын таңдап, суретін көркемдей алады.

Акция 2016 жылдың 16 желтоқсанына дейін жалғасатынын еске сала кетейік. Әлеуметтік желілердегі суретіңізді Қазақстанда тұңғыш рет жасалған бірегей жоба 25.el.kz. әлеуметтік сервисі арқылы безендіре аласыз.


Бөлісу: