Қазақстандық ұстаздар STEM озық білім беру жүйесі бойынша Португалияда өтетін халықаралық байқауға қатысады

28 Қараша 2018, 10:17 3307

Бүгінгі ақпараттық заманда өмір сүріп жатқан қоғамда технологиялық үрдістер білім беру саласын да айналып өтпейтіні хақ. Демек, бұл сала да күн тәртібіне сай өзгеріп, бүгінгі талаптарға бейімделуі тиіс.

XVIII ғасырдың өзінде бастау алған өндірістік революция адамзат тарихында елеулі рольге ие. Себебі дәстүрлі еңбек түрлі машиналармен алмастырыла бастады. Ауыр физикалық еңбек әжептәуір жеңілдеді. Ал, нарықта көптеген жаңа мамандықтар пайда болды. Олардың көпшілігі жоғары біліктілікті қажет ететіні сөзсіз.

Алайда, бүгінгі ақпараттандыру заманында көптеген процестер автоматтандырыла бастады. Жүз жыл бұрын ойлап тапқан машиналарды қазір адам емес, роботтар басқара алады. Бағдарламалық қамтамасыз ету деңгейінде адам сол роботтарға тапсырма беріп қойып, алуан түрлі жұмыстарды соларға істете алады. Демек, жұмыс күшіне деген тәуелділік жойылады. Еңбек ресурстарына деген сұраныс азаяды.

Бұл ретте білім беру жүйесінің заман талабына сай бейімделіп, өзгеруі өте маңызды. Себебі білім ордасының түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып шығуы қажет. Білікті маман даярлау үшін қандай бағыт таңдалуы тиіс?

Американың белгілі физик-теоретик ғалымы, көптеген ғылыми еңбектердің авторы, адамзаттың дамуы ғылымның дамуымен тығыз байланыста деген ұстанымға берік Жапония тумасы Митио Каку жаһандық білім беру жүйесі түбегейлі өзгеруі тиіс деп санайды. ХХІ ғасырда туған балаларға жаңа ақпараттар мен біліктіліктер қажет. Ғалымның пайымынша, балалардың ең маңызды білімдері креативке, сараптамалық ойлау қабілетіне және инновацияларға, ұмтылысқа негізделуі тиіс. Бұл ретте профессор Каку

STEM деп атаған жүйені ұсынады. Ағылшын сөздерінен құралған қысқарту: 

Science – ғылым, Technology – технологялар, Engineering – инжиниринг, жобалау, дизайн, Mathematics – математика. Осыны ең тиімді шешім деп санайтын профессор солардың қатарына тек "шығармашылықты" (art) қосу керек деген ұсыныс білдірген. Сөйтіп, профессор Какудың пікірінше, жоғарыда аталған акроним STEAM деп өзгеруі тиіс.

Сайып келгенде, XXI ғасырдың оқушыларын осы бес ғылымды ұштастыра отырып, оқу процесін ұйымдастыру ұсынылып отыр. Яғни, бала кішкентай кезінен ең маңызды да шешуші ғылымдардан сусындап, келешекте өзінің дұрыс таңдауын жасауына алғышарт болады. Жақын перспективада мектеп оқушысы не робототехникианы, не болмаса шығармашылықты таңдай ма, осы дилеммаларды қиналмай ажыратып, шеше алатындай халге жетеді деп үміттенеді жобаны ұсынушылар. Ал жобаның мақсаты – бүгінгі мектеп оқушысы ертеңгі тұлға, әрі маман өзінің жасаған өмірлік маңызды таңдауынан айнып қалмай немесе өкінбесі үшін осы білім жүйесін қолданудың маңызы ерекше зор екені күмән тудырмайды.     

АҚШ-тың Ұлттық ғылым қоры да жаңа ақпараттық және технологиялар дамыған қоғамда оқушылар өз білімін тек STEM жүйесі ғана жетілдіріп отыру керек деген ұстанымда. Себебі дәстүрлі білім беру жүйесі ұсынатын біліктілік деңгейі заман талабына сай келмейді. Сондықтан да қазірдің өзінде әлемнің дамыған елдері, атап айтсақ, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Қытай мен Үндістан STEM білім беру жүйесіне асқан қызығушылық танытып, STEM пәндерін мектептердің оқыту бағдарламасына енгізу үшін қомақты қаражат бөлуде.

Әрине, бұл жүйеге неліктен осындай ерекше мән беріліп отыр деген заңды сауал туындайды. Бүгінгі таңда STEM білім беру саласындағы ең басты трендтердің біріне айналды. Технологиялар өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Салдарынан дәл осы STEM жүйесі бойынша білім алған жастарға деген сұраныс артып отыр.

Себебі дәл осындай жүйе бойынша оқыған жастар технология тілін жетік меңгерген. Мәселен, 2000-2013 жылдар аралығында Еуропалық Одақ елдерінде осы салада жұмыспен қамтылған білікті мамандардың үлесі 12% артыпты. Бірқатар сарапшылар 2025 жылға дейін Еуропа елдерінде STEM саласындағы кәсіпқойларға деген сұраныс 8% жоғарылайды деген болжам айтады. Ал, өзге мамандықтарға сұраныс бар-жоғы 3% өседі. Сондықтан болар, дамыған және даму жолындағы елдер аталған білім беру жүйесіне ерекше мән беріп отыр.

STEM-оқытудың мәні де мағынасы - кез келген өнертабыс пайда болу үшін оның идеясы, жобасы немесе үлгісі пайда болуы шарт дегенге саяды. Ал, жобалау үшін автор бірқатар ғылымдардың, ең болмаса алғышарттарынан құлағдар болуы тиіс. Яғни, сол ілімдердің негіздерін меңгеріп алғаны абзал. Сөйтіп, баланың санасында әлемнің табиғи-ғылыми кескіндемесі қалыптасады. STEM сонымен қатар креативтілікті, міндет қоя білу және оған жете білу, сараптамалық талдау жасау және команда құрамында жұмыс істей білу қабілеттерін дамытады.

Айта кету керек, бұл үрдістерден Қазақстан да қалыс қалып отырған жоқ. Білім берудің саясатын іске асыру үшін жаңа технологияларды, ғылыми инновацияларды, математикалық жобалауды дамыту мақсатында оқыту бағдарламаларына STEM-элементтерін енгізу жоспарланып отыр.

Биылғы күзде Астанада STEM-пәндерін оқытатын ұстаздардың алғашқы фестивалі ұйымдастырылған. Оның басты мақсаты - осы пәндерді оқытуды жетілдіру және мұғалімдерге арнап тың идеяларымен бөлісе алатын мамандандырылған платформа құру. Аталған фестиваль аясында еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 25 педагогтың қатысуымен арнайы байқау да ұйымдастырылды. Оның жеңімпаздары 2019 жылдың қарашасында Португалияның Кашкайш қаласында өтетін еуропалық байқауға жолдама ұтып алды. 

Дегенмен, заманауи білім беру әдістемелерінің таралуын сараптап көрсек, қазіргі таңда Қазақстанда STEM білім беру жүйесі әлі де бастапқы кезеңде екеніне көз жеткізуге болады. Бұл үрдісті мектептерде кеңінен қолдану үшін уақыт қажет екені белгілі. Ал, дамыған елдердің тәжірибесін ескерсек, жаңа жүйенің тез сіңіп кетуіне робототехника септігін тигізуі ықтимал екен.

Мамандардың айтуынша, робот құрастыру ісі балаларға ғылым негіздерін тез меңгеріп алуға көмектеседі екен. Робототехника үйірмесіне қатысқан оқушылар нақты ғылымдарды тезірек үйренеді. Кейбір ұстаздар тіпті, робототехниканы STEM жүйесін мектептің оқыту бағдарламасына енгізудің ең тиімді жолы деседі. Себебі роботтарды құрастыру ісі бір жағынан ойын болса, екінші жағынан баланың ойлау қабілетін дамытуға үлкен сеп болады. Сонымен қатар, роботтар қазірдің өзінде біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып барады. Демек, олармен жұмыс істей білу әрбір адамға маңызды болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бірқатар шетел институттарымен бірлесе отырып, 2016-2019 жылдарға арналған Білім беру және ғылымды дамыту Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еліміздің мектептерін осы саладағы ең соңғы шешімдерімен қамтамасыз ету үрдісін қолға алмақшы.

Асан ҚАЛИАХМЕТ

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: