Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Женевада робототехникадан өткен FIRST GLOBAL CHALLENGE әлем жарысында жеңіске жетіп, рекорд орнатқан оқушыларды құттықтады, деп хабарлайды El.kz
«Балалармен телефон арқылы байланысып, жеңіспен құттықтадым. Олар 167 елдің жасөспірімдерімен сынға түсіп, ең көп ұпай жинады. Бұл робототехника чемпионаты - әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі. Жеңіс оқушыларға әлемнің жетекші университеттеріне түсуге мүмкіндік береді. Еліміздің намысын ұлттық құрама атынан 15 пен 17 жас аралығындағы 5 оқушы қорғады. Олардың барлығы FIRST Global Challenge ұлттық турнирінің жеңімпаздары. Оқушыларымыз 3 күн ішінде 16 ойын өткізіп, ешқайсысынан жеңілмей, ұпай саны бойынша рекорд орнатты. Чемпионаттағы бірінші орыннан бөлек, қазақстандық команда басқа елдердің командаларына көрсеткен «Айрықша қолдауы үшін» Al-Khwarizmi алтын медалін, сондай-ақ роботты жасаудағы тамаша инженерлік шешімдері үшін JUDGES AWARD арнайы сыйлығын жеңіп алды», - деп жазды министр.
Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі балалардың цифрлық білімі мен дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндіктер жасауды жалғастыра береді. Соңғы 3 жылда елімізде 41 IT-мектеп ашылды. Қазір онда 55 мың бала оқып жатыр. Сондай-ақ білім алушыларға арналған арнайы білім беру бағдарламалары әзірленген, олар да цифрлық білімді дамытуға бағытталған. Президент білім беру саласындағы цифрландыруға ерекше көңіл бөліп отыр.
«ІТ-мектептердің ерекшелігі - ІТ-технологиялар саласында мамандану, ерте профильдеу, робототехника мен бағдарламалауды тереңдетіп оқыту, 3D модельдеу. Сондай-ақ жыл сайын IT-мектептер саны көбейе береді. Айтпақшы, биылдың шілде айында ұлттық құрама британдық FIRST Tech Challenge UK and Ireland маусымнан тыс екі олимпиадасына қатысып, жеңімпаз атанды. Ол жарыста оқушыларымыз 20 ойынның 19-ында рекордтық ұпаймен жеңіске жетіп, жарыстың абсолютті рекордын орнатқан болатын. Сонымен бірге балаларымыз қазылар алқасының үш номинациясына бірден ие болған еді. FIRST ҚР Оқу-ағарту министрлігі оқушылар мен мұғалімдерге қатысуға ұсынған олимпиадалар тізіміне кіреді», - деп жазды министр.