Қазақстандық сүт шетелдікіне қарағанда неге тез ұйып қалады?

24 Ақпан 2015, 05:43

2015 жылы Қазақстандағы сиыр сүтінің өндірісі 2,3%-ға, яғни 209,1 тоннадан 214 тоннаға өсті.

2015 жылы Қазақстандағы сиыр сүтінің өндірісі 2,3%-ға, яғни 209,1 тоннадан 214 тоннаға өсті. Қазақстанның барлық аймақтары отандық сүт өнімдерімен (сүт, айран, ірімшік және т.б.) толықтай қамтылған, алайда сырттан келетін сүт өнімдері де Қазақстан нарығында айтарлықтай үлеске ие. Дәлірек айтқанда, Қазақстандағы сүт өнімдерінің 40%-ы сырттан: Қытайдан, Ресейден және Қырғыз Республикасынан тасымалданады. Аталған елдер бізге жақын орналасқандықтан, ішкі нарықтағы импорттың бағасы да онша қымбат емес. Тауардың мол болғаны, әсіресе оның арзан болғаны жақсы ғой, дегенмен...

Қазір дүкенде кеңестік замандағыдай емес, бір сүттің алуан түрін кездестіруге болады. Бірақ олардың қайсысы сапа стандартына сәйкес келеді, қайсысы ағзаға зиян, қайсысы табиғи, ал қайсысын мүлдем ішпеген дұрыс? Бұл сауалдарға нақты жауап алу үшін Астана Медицина университетінің Профилактикалық медицина және тағамтану кафедрасының қолдауымен тәжірибе жүргізілді.

Алдымен отандық, импортталған және құрғақ сүтке тәжірибе жасалды. Бірдей стақанға ресейлік «Шадринское молоко», петропавлдық «Зенченко и К» және оңтүстік кореялық «Фрима» құрғақ сүті құйылды. Олардың түсі мен біркелкілігін тексеру үшін микроскопқа үңілдік. Бәрінің де түсі ақ-сұр болып шықты. 

Содан соң арнайы зертханада тексеруден өтті. Нәтижесінде, микробиологиялық көрстекіштерге тексеру барысында барлық сүт сынамалары нормаға барлық сүт сынамалары желінсауға, бруцеллезге теріс нәтиже берді. Құрғақ ұнтақтан жасалған сүтте адам ағзасына қажетті фосфатидтер, лецитиннің мөлшері табиғи сүтпен салыстырғанда әлдеқайда төмен болып шықты.

- Импортталған сүттердің сақталу мерзімі алты айға дейін. Оның ұзақ уақыт бұзылмай сақталуының себебі сүтте адам ағзасына зиянды қоспалар болады, ондай сүтті бір өзін ішуге болмайды. Ал, отандық сүттің сақталу мерзімі ең көп дегенде он шақты күн, міне бұндай сүттерді күнделікті пайдалану қажет. Бұнда адам азғасына пайдалы кальций бар және ол иммунитетті көтереді, - дейді кафедра ұстазы Светлана Андрейқызы.

Тағамтану кафедрасында Қазақстан дүкендеріндегі өзге де тағамдарға зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Мысалы мына суреттен ұн, бал, жұмыртқа, ірімшіктердің ұсақ ұнтақтарын көре аламыз.

Зең басқан ірімшік (сыр с плесенью) әлемде аса танымалдыққа ие, оны біздің дүкендерден де жиі көреміз. Сондай ірімшікті микроскоппен қарағанда одан қылшықтарды анық көріге болады.

Бұдан шығатын қорытындыны бір, дүкендегі сүт өнімдерінің сақталу мерзімі ұзақ болған сайын оған мұқият қарау керек. Сүттің сақталу мерзімі аз болған сайын, онда пайдалы элементтер көп, ал зиянды қоспалар аз деген сөз.

Профилактикалық медицина және тағамтану кафедрасының меңгерушісі, профессор Ерболат Даленов:

Пастерленген сүттерді 2-4 градуста 6 сағат сақтауға болады, әрі кеткенде 12 сағаттан бір тәулікке дейін. Ондай сүттің құрамында адам ағзасына пайдалы микроэлементтер де бар, сүт қышқылдары да бар, дәрумендер де бар. Ол адамның иммунитетін күшейтеді. Ал, импортталған сүттің физиологиялық пайдасы нашар. Оларды шайға, тамаққа қосуға болады, бірақ құр өзін ішкенде пайдасы аз. Сондықтан, Қазақ тағамтану академиясы мен біздің университет өзіміздің өнімдерді қолдануымыз керек деп есептейді. Біздің ағзамыз жергілікті өнімдерге бейімделген, соны қажет етеді. Осында шығарылатын өнім геофроафиялық тұрғыдан, климатқа байланысты қалыптасады, ет-сүт өнімдері, көкөністер. Импортталған сүт өнімдері бізге жат, ол адам ағзасында күйзеліс тудырады. Ал, ең пайдалысы, мына қымыз. Оның құрамындағы ақуыздың құрылымы ерекше.

Материалды әзірлеген Қаламқас Нұрмақова

Бөлісу: