Қазақстандық болгарлар мемлекеттік тілді жақсы меңгерген

30 Қыркүйек 2020, 12:24 6088

Қазақстан ұлттары

Қазақстанды өздерінің отандары санайтын болгарлар тұрақтылық пен бейбітшілікті жоғары бағалайды. Сондықтан да болар, қайта құру кезеңінде олардың басым бөлігі Қазақстаннан тарихи отандарына көшуге құлықсыз болды. Көпшілігі өздері бауыр басқан қазақ жерінде әулетімен тұрақтап қалды.

Бүгінде Қазақстанда болгарлардың бесінші ұрпағы өмір сүріп жатыр. Болгарлардың біздің жерімізге ең алғашқы қоныс аударуы 20 ғасырдың басында жүрген болатын. Бұл уақытта қазақ жеріне Украниа мен Бессарабта тұратын болгарлар көшірілді. Ал Столыпин реформасының тұсында шығысқа бет алған шаруалардың ішінде болгарлардың да ат төбеліндей тобы болды, олардың бір бөлігі Қазақстан даласында қалып қойды.

Қазақстанға көшіп келгеннен кейін болгарлар Павлодар облысында Раздумовка, Андриановка, ал Ақтөбе облысында Болгарка селоларын құрды.


Алғашқы болгар көші Ақтөбеге келді

Қазақстандық болгарлардың бір бөлігі Ақтөбе облысының аумағында шоғырланған. Олар бұл аймақта Алға ауданының Болгар селосында қоныстанған. Соңғы халық санағының деректеріне сенер болсақ, Ақтөбе аумағында жалпы саны 700-ге жуық болгар ұлтының өкілдері тұрады. Ақтөбелік болгарлар мұнда Столыпин реформасы кезінде өз еркімен келгендер.

Столыпинның жер реформасы басталған уақытта алыстағы Ресей деревняларындағы шаруалар кетпен-күрегін арқалап, қазақ даласына тентіреуге мәжбүр болды. Бұл бодандықта болған Болгар хандығын да айналып өтпеді. Болгар хандығы өз халқын көрмеген-білмеген жерге жібермес бұрын, алдын ала барлаушыларын аттандырып, қазақ даласында өз халқын не күтіп тұрғанын білмек болады. Оларды Ақтөбе жерінде сол кездегі болыс старшина күтіп алып, көшіп келушілерге жан басына шаққанда қанша жер телімі берілетінін түсіндіреді. Әрбір көшіп келушіге (әйел адамдар есепке алынбаған) 16,5 ондық жер телімі беріледі дегенді жердің жетіспеуінен кедейшілікте өмір сүріп жатқан болгарлар үлкен олжа деп санайды. Сөйтіп олар керуен көшін артып, жолға шығады. Ресей арқылы Орынбор далалығын кесіп өткен болгарлар 1910 жылы Ақтөбеден бірнеше шақырым қашықтықта жатқан Сарықобда өзенінің бойына келіп тоқтайды. Бірінші болып 80 отбасы (450 адам) келеді. Бұлардың барлығы Болгарияның Добруджи аймағынан шыққандар болатын. Тарих беттерінде тіпті сол кездегі алғашқы қоныс аударушылардың есімдеріне дейін сақталып қалған. Болгарлар Ақтөбе жерінде көштерін тоқтатып, өздері ауыл болып бір жерге шоғырланады. Кейін көшіп келушілердің қарасы да көбейеді.
Көшіп келушілер бірінші кезекте құдық қазып, оның айналасын таспен шегендейді. Бір қызығы, бұл құдықтар бүгінге дейін ауыл ішінде сақталып қалған көрінеді. Үй ішінен егін мен шарап сақтайтын ұра қазады. Болгарлар бірінші кезекте диқандар мен шарап өндірушілер еді. Климаттық және тұрмыстық жағдайы ерекше Қазақстанда тұру үшін оларға қазақтардың тұрмысына бейімделу керек болды. Сондықтан олар қазақтардан мал бағымының қыр-сырын үйрене бастайды. Қыстың қытымыр аязы мен арқыраған боранында бала-шағаны, мал басын аман сақтауды үйренеді.

Ал өздері жергілікті халықты картоп, дәнді дақылдар егуге баулиды. Осылайша, келімсектер мен жергілікті халық арасында біртіндеп тұрмыстық, әлеуметтік тұтастық пайда болды. Олар өнер саласында да бір-бірімен біте қайнасып кетеді. Болгарлар қазақтың әуезді музыкалық аспаптарына қызығушылық білдіреді. Бұл ауылда қарым-қатынас тілі ешқашан мәселе тудырған емес. Болгарлар жергілікті халықтың өздеріне деген бауырмал жанашырлықтарына алғыс ретінде қазақ тіліне құрметпен қарауды өздерінің парызы санады. Қазір Алға ауданының Болгар селосында 70-ке жуық болгар отбасы әлі де тұрып жатыр. Олардың балалары мектепте қазақ тілінде оқиды. Қазақтар мен болгарлар арасында аралас неке де көп. Елбасының ұзақ жылдардан бері тілі мен түріне, діні мен діліне қарамастан халық тұтастығын қалыптастыру, сақтау туралы көреген саясаты өз жемісін бергенін осындай бірлігі жарасқан ауылдардан анық аңғаруға болады.

Қазақстандық болгарлардан білікті мұғалімдер, құрылысшылар, дәрігерлер, басшылар, бизнесмендер мен саясаткерлер көптеп шығуда. Олардың барлығы да Қазақстан қоғамының алға басуы үшін еңбек етуде.

Ақтөбе облысындағы болгар этномәдени орталығының жанында жастар қанаты, ақсақалдар кеңесі, фольклорлық ансамбль жұмыс жасайды.

Ақтөбелік болгарлардың ерекшелігі - олардың қазақ тілінде еркін әрі таза сөйлеуі. Этномәдени орталығы біріншілердің қатарында Ақтөбе облысында болгарлардың этнографиялық мұражай үйін ашты.

Болгарлар мен қазақтардың дәстүрлерінде ұқсастық басым

1910 жылы Қазақстанға көшіп келген тағы бір болгарлар көші Павлодарға жақын маңда Андриановка және Разумовка ауылдарын құрады. Жергілікті халықпен тез араласып-құраласып кетеді. Болгарлар өздерімен бірге түрлі дақыл тұқымдарын алып келіп, қазақтарды жерге дән салуға үйретеді.

Болгарлардың Қазақстанға көшірілуінің екінші толқыны соғыс жылдарындағы депортация кезінде жүрді. 1941-1944 жылдары Қырым мен Бессараб болгарлары өз туған жерлерінен күштеп көшірілген болатын. Бүгінгі уақытта статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, Қазақстанда 4,5 мың болгар ұлтының өкілдері тұрады. Ал 1994 жылы Қазақстанда алғашқы Болгар мәдени орталығы құрылды.

Болгарлардың тарихына көз жүгіртер болсақ, алғашқы болгар тайпалары Памир тауының етегін мекендеген. Тау тайпаларының ығыстыруынан кейін 4 ғасырда Каспийдің солтүстік жағалауына қоныс аударады, тарихшылар мұны қазіргі Қазақстанның Атырау облысының маңы деп болжайды. Бұл жерде олар үш ғасырға жуық өмір сүреді. Алғашқы болгар мемлекеті – Ежелгі ұлы Болгарияның негізін қалаушы хан Құбрат болған. Ал қазіргі Болгарияның негізін оның ұлы Аспарух қалаған.

Болгарлардың негізгі діні православтық, алайда, олардың арасында католиктер де, протестанттар да, ішінара мұсылмандар да кездеседі.

Болгар халқының дәстүрлері мен мерекелерін ежелден келе жатқан ұлттық, діни және отбасылық ғұрыптарды насихаттайды. Мұны олардың киімдерінен, үй ішін безендіруінен, билерінен, өлеңдерінен байқауға болады. Ұлттық өнерінде өзіндік ерекшеліктері сақталған.

Мәселен, болгарлар жаңа жылда жақын-жуығының үйіне бас сұғып, дәстүрлі әндерін айтып, бір-бірінің арқаларынан кизил ағашының бұтағымен қағады. Бұл денсаулық тілеудің белгісі екен.

Ал 1 наурыз күні болгарлар көктемнің келгенін атап өтеді, бұл күні кеуделеріне мартеница – қызыл және ақ жіптерден әзірленген шашақтар қадайды. Бұл да денсаулық пен ұзақ ғұмырдың белгісі. Олар бұл шашақтарды шешпей, сол ай бойы тағып жүреді. Айтпақшы, бұл мерекенің шығу тарихына байланысты ел ішінде неше түрлі аңыз әңгімелер бар. Соның бірі болгарларды ханы Аспарухпен байланысты.


Бір күні өз үйінен алысқа кеткен Аспарух хан өзін уайым қылған қарындасына есендігін білдіру үшін көгершін арқылы хабар жібереді. Ағасынан хабар алған қарындасы қуанып, көгершіннің аяғына ақ жіп байлап, қайта ұшырады. Көгершін жол үстінде аяғын жарақаттап алып, жіптердің бірінің түсі қанға былғанып, алқызыл түске боялады. Қарындасының амандығы туралы хабар алған хан сол күні мейрам өткізуді бұйырады. Міне, осы уақыттан бастап, ақ-қызыл түсті жіптер есендіктің белкгісі ретінде қабылданады.

Бұл сондай-ақ, қыстың аяқталғанын, көктемнің келгенін, жан-жақтың амандығын білдіреді. Түрлі ас әзірленіп, адамдар далада асыр салып ойнайды. Ән айтады, би билейді, қол ұстасып шеңбер айналады. Сондай-ақ, бір-бірлеріне қызыл және ақ шашақ сыйлайды.

Жексенбілік – масленица күні, бұл күні отбасылар әулеттің үлкенінің үйінде бас қосып, арнайы халуа дайындалады.

Сонымен қатар, жүзім өсірушілердің құрметіне Трифон Зарезан, мал өсірушілердің құрметіне Георгий күні мейрамдары да ерекше.

Жыл сайын 24 мамырда болгарлар славян әліппесін құрушы Кирилл мен Мефодийға арналған Славян мәдениеті мен жазуы күнін атап өтеді.

Болгар асханасы өте дәмді және мәзірі әртүрлі. Мәселен, болгарлардың сүйікті ұлттық астарының бірі – баница, бұл қатпарлы бәліш, оның арасына салма ретінде сүзбе, ет, асқабақ салынады. Сондай-ақ, етті көкөністермен бұқтырып, түрлі ащы тұздықтар әзірлейді. Тамақтану мәзірінде нанға, айранға, сүтке, ірімшікке, жеміс-жидекке, кофе, бозаға басымдық береді. Сондай-ақ, бір қызығы, қандай мерекелік шара болмасын, нансыз, тұзсыз, қызыл бұрышсыз және қызыл шарапсыз, жабайы герань өсімдігінсіз өтпейді. Бұл ас түрлері дастарханда міндетті түрде болуы керек екен.


Нұргүл Қалиева
Бөлісу: