Қазақстандық өнімді ал, қауіпсіздігіңді ойла!

13 Ақпан 2015, 10:55

Отандық автоөнеркәсіп немен қуанта алады?

2015 жылдың 11 ақпанында өткен кеңейтілген отырыс барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен барша қазақстандықтарға «Қазақстанда жасалған» атты жаңа науқанды бастауға ұсыныс айтты. Осы бастама негізінде El.kz сайтында «Қазақстанда жасалған» арнайы парақшасы іске қосылды. 

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өзінің өндірісін жоғары деңгейге жеткізіп, елімізде бұрын-соңды болмаған индустриалды жобаларды жүзеге асырды. Соның айқын бір дәлелі – автотехниканы құрастырды. Бүгінде жайлы көліктер, жабдықталған автобустар, заманға сай агротехника, локомотивтер мен тік ұшақтар Астана, Алматы, Қостанай, Семей, Өскемен және Алматы облыстарында жасақталады.

Одан бөлек егемендіктің 24 жылында Қазақстан 40 мың шақырым көлік жолдарын, 2500 шақырым темір жолдарын салды. Өз қолымызбен салған жолдарда өз қолымыздан шыққан көліктер жүрсе әбден жарасымды деп ойлаймыз.

Президент бұл туралы өткен жылы, яғни «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының жеңімпаздарын құттықтау барысында да айтып өтті. Президент жеңімпаздарға Қазақстанда жасалған 16 көліктің кілттерін сыйға тартты.

Неге отандық көліктерді таңдау дұрыс екенін төменде көрсетілген үш түрлі дәлелмен анықтап көрелік:

Біріншіден, оның адам өміріне қауіп-қатері жоқ. Яғни, сіз тауарды тікелей өндірушіден сатып аласыз. Оның нақты сапа кепілдігін бере алады.

Сіз шет елдегі алып-сатарлардың арбауына түспейсіз. Өкінішке қарай, мұндай жағдайға ұшырағандар елімізде аз емес. Қылмыскерлер сізге АҚШ, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Корея (қандай болсын бір елден) пайдаланылған көлік әкелуге уәде береді. Кепіл ретінде көлік құнының жартысын сұрайды, шекарадан ешбір қиындықсыз алып кіргіземіз деп тағы бір уәде береді. Кенет істің барлығы ұзаққа созылып кетеді. Шекарада тұрғандар келіспей жатыр деп тағы да қомақты ақша сұрайды. Қолдарын ақшаның тағы бір бумасы қолға тиген соң алаяқтар ақшаны жымқырып, із-түссіз қарасын батырады.

Қазақстандағы ресми зауыттармен мұндай жағдай мүлдем болмайтынын сеніммен айта аламыз. Ақшаңызды төлеп, сол жерде бірден өзіңізге тиесілі жаңа көлігіңізді айдап кете аласыз. Себебі адал кәсіп иелері тұтынушымен дәл осылай жұмыс істейді.

Сонымен қатар, сіз түрлі апатты жағдайлардан, ұрлау әрекеттерінен және сол секілді жағдайлардан сақтандырулысыз. Әрине, қазақстандық өндірушілер көлігіңізді аула ішінде күзетіп отырмайды, бірақ олардың беретін құжаттары мен жеке техникалық қызмет көрсетуі мұндай мәселелерді автоматты түрде заңға сәйкес шешуге мүмкіндік береді. Ал өзге елде сатып алынған, пайдаланылған көлікті жоғалтқан болсаңыз бәрін қалпына келтіру мүмкін болмайды.

Екіншіден, егер бұған дейін біз Қазақстанда жиналатын көліктердің түрі аз десек, қазіргі уақытта бұл мәселе толығымен шешілген.

Мысалға, Қостанайдың бір өзінде ғана «АгромашХолдинг» пен «СарыаркаАвтоПром» зауыттарында 5 әлемдік  көлік бренді шығарылады: SsangYong Nomad, Hyundai, Geely, Peugeot, жапондық Toyota, Iveco автобустары және бұл автобустар еліміздің біраз қаласында жолаушылар үшін қызмет көрсетіп келеді. Сонымен қатар, зауыт «Daily» және «PowerDaily» дизелді және шағын литражды көлік шығаруды жоспарлап отыр.

Өскемен қаласында өндіріс қуаты 120 мың көлікті құрайтын толық циклді көлік зауыты салынуда. Тағы бір айта кететін жәйт, Шығыс Қазақстанда Chevrolet, KIA, Skoda, Lada  секілді көліктер жасалынып шығарылуда.

Алматы облысында Hyundai  маркалы жүк машиналары мен автобустары жасалады.

«Жеңіл және жүк машиналарын шығаратын алпауыттармен теңдескеніміз қуантпай қоймайды. Барлығы бізде жұмыс істегісі келеді. Себебі біз бұған тиімді жағдайлар жасадық. Жақсы маркетинг жасау керек, сапаны арттырып, өзіндік құнды төмендету қажет», – деп Президент Қостанайға барған сапарында бекер айтпаған.

Үшіншіден, қазақстандық көлікті ала отырып, сіз ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыра түсесіз.

Мүмкін бұл көмектің қалай болатынын түсіну қиын шығар, бірақ, жалпы сұлбасы былай болады: сіз отандық көлікті сатып аласыңыз –  осы сатып алудың және кәсіпорынның салықтары мемлекет бюджетіне түседі – мемлекеттік бюджеттен ақша қаржы мектеп, аурухана, спорт кешендерін, жолдарды салуға және әлеметтік жәрдемақы  мен жалақы төлеуге бөлінеді.

Қазақстандық көлік шығару индустриясының өнімдерінің жылдық көрсеткіші 370 миллиард теңгені құрайды. Бұл қомақты қаржы, бірақ та оның болашақта даму күші де үлкен. Президент бастамасын берген «Қазақстанда жасалған» науқаны соның дәлелі.

Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

 

 

Бөлісу: