14 Желтоқсан 2016, 04:05
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресей жаратылыстану ғылымдар академиясы (РЖҒА) және ғылыми жаңалық ашуы мен өнертабыстар авторларының Халықаралық академиясы өткізген ғылыми сараптама нәтижелері негізінде «Төмен температуралы сызаттану кезінде асфальтбетонды төсемінің өзін-өзі құру заңдылығы» деген ғылыми жаңалықтың анықталғандығын бекітті. Сонымен бірге осы ғылымы жаңалықтың авторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ президенті Телтаев Бағдат Бұрханбайұлына № 495 дипломы берілді.
РЖҒА Төралқасының шешімі бойынша Б.Б. Телтаев көрнекті орыс физигі, Нобель сыйлығының иегері Петр Капицаның «Алтын» медалімен марапатталған.
Ғылыми жаңалық асфальтбетон жол жамылғысында температуралық ойықтардың пайда болу себебін анықтауға, алдын ала болжауға, климаттық жағдайда асфальтбетон құрамын таңдау арқылы жол сапасын жақсарту бойынша әр түрлі жобалар жасауға мүмкіндік береді.
Ғылыми жаңалықтың нәтижелерін ең алдымен жол және көпір құрылыстары мен құрылғыларын жобалау, автомобиль жолдарын диагностикалау, ірі жол жобаларын басқару мен іске асыру, материалдар сапасын тексеру, инновациялық шешімдерді пайдаланудағы ғылыми-техникалық ілеспе жұмыс салаларында пайдалануға болады.