Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері (І бөлім)

7 Қазан 2021, 16:12 75020

Қалмақтар, орыстар, украиндықтар, татарлар, түріктер...

 

Қазақ елі – көпұлтты қасиетті қоныс. Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, қоныс аударып келген бірнеше ұлт өкілі елімізде жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы орайда, Қазақстан халқының дамуы мен қалыптасуына арналған «Қазақстан этностары» еңбегін негізге ала отырып, бірнеше этносқа тоқталып өтпекпіз.

 

Қалмақтар

 

Қалмақтар – Қалмыкияның байырғы тұрғындарын құраушы халық. Олар сондай-ақ Қазақстанда, Қытайда, Ресей мен Моңғолияда тұрады. Этностың жалпы саны 200 мыңға жуық адамды құрайды. Алтай тіл шоғырының моңғол тобына жататын қалмақ тілінде сөйлейді. Жазуы кириллица базасына жатады. Этнос өкілдерінің көбі тибет буддизмін ұстанады. Алматыда республикалық «Бумба» қалмақ этномәдени орталығы құрылған. Бірлестік ұлттық мәдениет пен тілді сақтау мен дамыту, қоғамдағы ұлтаралық келісімнің тұрақтылығын нығайтуға жәрдемдесу, тарихи отанымен мәдени байланыстарды дамыту міндеттерін алдына қойып отыр.

 

2002 жылы құрылған «Бумба» қалмақ мәдени орталығы Қазақстан аумағында тұрып жатқан халықтың аға буынына әлеуметтік көмек көрсетеді. Сондай-ақ, елімізде жексенбілік мектептер ашылған. Оларда ұлттық және ҚР мемлекеттік тілін оқыту жүзеге асырылып келеді. Орталықтың басты жұмыстарының бірі – репрессияға түскен қалмақтарға арыздану талаптары бойынша заңгерлік кеңестер беру. Қазақстан аумағында тұрып жатқан қалмақтар өздерінің салт-дәстүрі мен мәдениетінің ерекшеліктерін сақтай отырып, барлық этнос өкілдерінің арасындағы достық, бірлік пен келісім саясатын қолдайды.

 

Орыстар

 

Орыстар – Ресейдің байырғы тұрғындарын құраушы халық. Этностың жүзмыңдаған өкілі Қазақстанда, Беларусьта, АҚШ пен Украинада тұрады. Этностың жалпы саны – 133 миллионға жуық адам. Үндіеуропалық тіл шоғырының славяндық тобына кіретін тіл – орыс тілінде сөйлейді. Жазуы – кириллица. Этностың басым бөлігі православ христиандығын ұстанады.

 

Орыс этносы - саны жағынан еліміздегі екінші этникалық топ және тұрғындардың 23,3%-ын құрайды. Орыстар Қазақстанға XVI – XIX ғасырларда шаруаларды, казак отбасыларын, жер аударылған интеллигенцияларды қоныстандырудың нәтижесінде келді. Сонымен бірге КСРО кезіндегі еңбек көші-қоны да бар. Яицкий деп аталатын қалашық (кейін - Орал қ.) 1520 жылы орыс қоныс аударушылары тұрғызған қазіргі Қазақстанның аумағындағы ең көне елді мекен саналады. Ірі орыс тілді қауымдастықтар Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан.

 

Орыс этносының көпшілік өкілдері экономикалық, инженерлік-техникалық қызметте, кәсіпкерлік, техникалық қызмет көрсету салаларында, сондай-ақ медицинада, маркетинг пен саудада істейді. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, 1995 жылдан бері орыс тіліне «Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми қолданылатын тіл» мәртебесі берілген. Оқу үдерісі орта оқу орындарында 30% , жоғары оқу орындарында 70% орыс тілінде жүргізіледі. Республикада сондай-ақ еліміз бойынша 24 филиалы бар «Республикалық «Лад» славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігі, «Бастаулар» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан орыс қауымдастығы, Қазақстан орыс мектептері мұғалімдерінің қауымдастығы, «Славян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның орыс партиясы» қоғамдық бірлестігі, Қазақстан Республикасындағы «Светоч» білім мен мәдениетті дамыту православ қайырымдылық қоғамы, «Панагия» аймақтық славян православ мәдени орталығы сияқты этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Орыс этномәдени бірлестіктеріне Қазақстандық орыс мәдени орталығы басшылық жасайды. Орыс этносы ұйымының басты қызметі – славян мәдениетінің, халықтық салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпының түп-тамырына қарай бет бұру, қайта түлету, мәдениет пен өнерді жан-жақты дамыту, Қазақстан аумағында тұрып жатқан басқа да халықтардың рухани және басқа да гумандық құндылықтарымен алмасу. Жастарды сауаттандыру саласында елдің мәдени шығармашылық және қоғамдық өміріне славяндардың белсенді араласуына жәрдемдесу бағытында үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, жыл сайын Қазақстан бойынша көмекке зәру отбасылардың балалары үшін жаңа жылдық шырша ұйымдастырылып жүр. Рождество, Шоқыну, Ұлы Посттың басталуы, Пасха мен Масленица сияқты маңызды мейрамдар кең түрде атап өтіледі. Халықтық мәдениетті таныстыру мақсатымен жыл сайын жүздеген балалар Санкт-Петербургке аттанады, Ресей Алтын шеңбері туры ұйымдастырылады. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оған теңестірілген адамдар үшін бекітілген бағдарламаны ерекше атап өтуге болады. Осы бағдарлама бойынша Алматы, Атырау, Семей, Тараз, Шымкент және Қазақстанның басқа да қалаларынан 150-ден астам адам жыл сайын орыс мәдени орталығының есебінен санаториялық-курорттық емдеуден өтіп отырады. 2012 жылы отандастардың құқығын қорғау қоры құрылды. Оның мақсаты – орыс этнос өздерінің құқықтарын түсіндіру, білім алу, медициналық және басқа қызмет түрлерімен байланысты түрлі мәселелерді шешуде жәрдемдесу. Қалалық әкімдіктермен бірлесіп өткізілетін Пушкин күнін, Александр Невский, Кирилл және Мефодий күндерін, елдің барлық өңірлерінде түрлі фестивальдар өткізу дәстүрге айналды. Өз қызметін одан әрі жандандыру мен тиімділігін арттыру қажеттілігін басшылыққа ала отырып Декларация қабылданды және «Қазақстан орыстарының достастығы» бейресми қоғамдық-саяси коалициясы құрылды.

 

Өзбектер

 

Өзбектер – Өзбекстанның байырғы тұрғындарын құраушы халық. Этностың жекелеген өкілдері, Қазақстанда, Ауғанстанда, Еуропа елдерінде, Қырғызстанда, Ресей мен АҚШ-та тұрады. Этностың жалпы саны – 30 миллионға жуық адам. Алтай тіл шоғырына түркі тобына кіретін өзбек тілінде сөйлейді. Жазуының негізі латын алфавиті. Этнос өкілдерінің көпшілігі исламның сүннитін ұстанады.

 

Өзбектер қазақ жеріне ежелден-ақ қоныстанған. Олар тұтас тұрып жатқан дәстүрлі аймақ — Түркістан облысы. Сонымен қатар, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында да біршама өзбек ұлты тұрады. Дәстүрлі айналысатын кәсібі – диқаншылық, малшылық, құрылыс және сауда. Бүгінде Қазақстан аумағында 500 мыңға жуық өзбек тұрып жатыр. 2006 жылы Өзбек мәдени орталығы құрылды. Оның қызметі мəдени-ағартушылық жұмыстарға, өзбек жастарын өз халқының салт- дәстүріне тартуға, ана тілін үйретуге бағытталған. Этномәдени бірлестіктің мүшелері республикалық мерекелерге белсенді қатысады. Ондай шаралар қазақстандық өзбектердің экономикада, мәдениетте, Қазақстанда тұрып жатқан басқа халықтармен достықта қол жеткізген жетістіктерінің өзіндік бейнесі іспетті. Өзбек халқының мәдениеті көпқырлы және ерекше. Бірде-бір мереке арқанмен жүрушілерсіз өтпейді. Суран мен өзбек барабандарының үнін кез келген мерекелік шаралардан естуге болады. Өзбектер өздерінің палуандарымен әйгілі болды. Өзбек музыкалық мәдениетінде дастандардың лирикалық-ерлік мазмұндағы эпикалық баяндардың алатын орны ерекше. Қазақстанда 30 өзбек балабақшасы бар, оларда 2000-нан астам бала тәрбиеленуде. Өзбек тілінде оқытатын 150 мектеп жұмыс істейді. Өзбек тілінде оқытатын мектептер қазақ және орыс мектептерінен айтарлықтай көп. Мектептерге оқулықтар, негізінен, Ташкенттен келетін, 1999 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі өзбек тіліндегі жаңа оқулықтар шығару туралы шешім қабылдады. Қазақстанның өзбек диаспорасы ана тілін оқуға және өздерінің этникалық ерекшеліктері мен мәдениетін сақтауға белсенді түрде ұмтылыс танытып келеді. Мұны Шымкентте өзбек театрының ашылуы, мерзімді басылымдары таралымының өсуі, түрлі мәдени-бұқаралық шараларға өзбек мәдени орталығының белсенді қатысуы растайды. Мұнан бөлек қазақ телевизиясы мен радиосында өзбек тілінде хабарлар беріледі. Театрды, газеттерді, радио мен телехабарларды қаржыландыру мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Өзбек этносының бірлестігі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйыммен (ОБСЕ) белсенді ынтымақтастық орнатқан. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының мәдениет, ғылым қайраткерлерімен, кәсіпкерлерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп тұрады. Әлемнің басқа елдеріндегі диаспоралармен де байланыс реттеліп келе жатыр.

 

Украиндықтар

 

Украиндықтар – Украинаның байырғы тұрғындарын кураушы халық. Этностың қалған өкілдері сондай-ақ Қазақстанда, Еуропа елдерінде, Канада мен Ресейде тұрады. Этностың жалпы саны 55 миллион адамды құрайды. Үндіеуропалық тіл шоғырының славян тобына жататын украин тілінде сөйлейді. Жазуы кириллицаға негізделген. Этнос өкілдерінің көпшілігі православ христиандығын ұстанады. Қазақстандағы украин этносы 300 мыңнан астам адамды құрайды. Қазақстан жеріне алғашқы украиндар XIX ғ. келді. Украин қоныс аударушылары Қазақстан жеріне сталиндік репрессия кезінде, тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында келді. Украин этносының өкілдері Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда қоныстанған. Бүгінде украин қауымдастығының ұлттық-мәдени жаңару үдерісі жүзеге асырылып келеді. Тіл мен дәстүрлерді оқып-білу жолға қойылған. Жиырмадан астам облыстық және қалалық украин этномәдени бірлестігі жемісті жұмыс істеуде. Елімізде Украинаның сенбілік және жексенбілік мектептері қызмет етеді. Астанамызда Орталық Азияда жалғыз мемлекеттік орта оқу орны «№47 украин мектеп-кешені» мен Қазақстан украиндарының республикалық «Украүнські новини» («Украин жаңалықтары») газеті жұмыс істейді. Украин этномәдени бірлестіктерінің жанында вокалды және би ансамбльдері, хор және басқа да шығармашылық ұжымдары бар. Олар тұрақты түрде Қазақстан Үкіметінен қаржылай қолдау алып отырады. Қазақстандағы украин қоғамдық ұйымдарын «Украүнці Казахстану» қауымдастығы біріктіреді. Қостанай және Павлодар облыстарының өңірлерінде жергілікті биліктер украин тілінде тақырыптық радио және телехабарлар жүргізуге жәрдем көрсетіліп келеді. Қазақстан этникалық украин бірлестіктері өңірлердің мәдени өміріне қатысуға, өздерінің дәстүрлерімен және басқа да этностар өкілдерінің мәдениетімен танысуға жәрдемдеседі, Украинаның жалпымемлекеттік шараларын өткізуге белсенді түрде тартылып отыр. Мысалы, Қазақстанда Украина жылын, Украинаның Тәуелсіздігі күнін, Соборности, Украинаның Конституциясын, Украинадағы Голодомордың 75 жылдығын, Киев орыстары крещениесінің 1020 жылдығын, «Сөнбейтін шырағдан» халықаралық акциясын, Чернобыль атом электростансысында болған апаттың зардаптарын жоюға қатысқандарға құрмет көрсетуге, Шевченко күнін тойлауға, «Әлемдегі украиндар» мұражайын құруға және «Бүкіләлемдік украин некрополі» жобасын жүзеге асыруға қатысты. Жыл сайын қазақстандық қауымға Украинадағы ЖОО-да оқу үшін 25 мемлекеттік стипендия беріліп тұрады.

 

Украина мен Қазақстанды мына жағдай да байланыстырады: қазақ жерінде 11 жыл бойы белгілі жазушы Тарас Шевченко айдауда болды. Маңғыстау облысы елді мекендерінің бірінде, яғни Шевченко тұрған және өзінің шығармаларын жазған үйде оның атында мұражай ашылған. Көптеген қалада оның атында көшелер бар, Шевченко оқулары өткізіліп тұрады, Ақтауда Кобзарға орнатылған әлемдегі ең үлкен ескерткіш тұрғызылған. 2012 жылы Киевте қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевқа ескерткіш ашылды. Ал Тарас Шевченконың туғанына 200 жыл толуына орай астанада ұлы Кобзарға ескерткіш орнатылды. 2013 - 2014 жылдары Қазақстан мәдениетінің күндерін Украинада және Украина күндерін Қазақстанда өткізілді.

 

Татарлар

 

Татарлар - Ресей Федерациясының құрамына кіретін Татарстанның байырғы тұрғындарын құраушы халық. Этностың жекелеген өкілдері Қазақстанда, Беларусьта, Литвада, АҚШ, Түркия, Чехия мен Эстонияда тұрады. Халықтың жалпы саны - 8 миллионға жуық адам. Алтай тіл шоғырының түркі тобына жататын татар тілінде сөйлейді. Жазуы кириллицаға негізделген. Этностың көпшілігі исламның сүннитін ұстанады. Қазақстанда 250 мыңға жуық татар тұрады. Алғашқы татар қоныс аударушылардың едәуір толқыны Қазақстан жеріне сонау 1552 жылы, ал ерікті қоныстанушылар Қазақстанға ХХ ғасыр басында келді. Татар этносының өкілдері Қазақстанның барлық облысында теңдей орналасқан. Татар этносының бүгінгі күнгі өкілдері еліміздің ғылым мен мәдениет сияқты барлық салаларында істейді, әсіресе саудада, тау-кен өндірісі индустриясы мен коммерциялық медицинада басымырақ. Ауылды жерлерде мал өсірумен және диқаншылықпен айналысады. Қазақстан татарларының ең ірі ұлттық бірлестігі - «Идеал» татар және татар-башқұрт қоғамдық және этномәдени орталықтары қауымдастығы. Ол 18 этномәдени орталықты біріктіреді. Қауымдастық татар мәдениетін сақтау мәселелері бойынша ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырады, жыл сайын Семей мен Өскеменде «Ертіс әуендері» музыкалық фестивалін өткізіп тұрады. Жыл сайын маусым-шілдеде республиканың барлық облыстарында ең әдемі және жарқын ұлттық мерекенің бірі - Сабантой тойланады. Онда татарларға тән қонақжайлылық, өмірге құштарлық пен оптимизм сияқты қасиеттер үндесіп жатады. Ашық-жарқын мінезділік, жаппай жұмылушылық пен қолжетімділік барлық жастарды, әлеуметтік топтар мен ұлттарды құрайтын адамдарды мерекеге еріксіз тартады. Қауымдастық қызметінің арқасында Қазақстанда жалғыз өнер мектебі сақталып қалды. Онда татар тілін оқыту жүзеге асырылып келеді. Мектеп түлектері Қазақстанда да, шетелде де үздік музыкалық оқу орындарына оқуға түсуде. Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Петропавл, Өскемендегі этномәдени орталықтарында татар тілін оқытатын жексенбілік мектептер мен сыныптар ашылған. Татар тіліндегі бағдарламалар үшін мемлекет радио мен теле- эфирлерден арнайы уақыт бөліп отыр. Оралда Ғабдолла Тоқай орталығы құрылды, Татар Республикасының қолдауымен ақынның мұражайы ашылды. Татарлардың қоғамдық өмірін белсендіруге Ресей Федерациясында Қазақстан жылының және Қазақстанда Ресей жылының өткізілуі серпін берді. Осы кезеңде Қазанда Қазақстанда тұратын атақты татар суретшілері Бахтияр Табиев пен Камил Муллашевтің жеке көрмелері ұйымдастырылды. Олардың жұмыстары Алматының, Қазанның, Мәскеу мен Париждің үздік көрме залдарын айшықтандырады. Қазақстан татарларының тарихы, тұрмысы туралы кітаптар шықты, татар әндерінің, көркем проза мен өлеңдердің, татарлар туралы деректі очерктердің жинақтары жарық көрді. «Яшьлек» газеті шығарылады, Татарстанның «Жаңа ғасыр» спутниктік телеарнасының хабары таратылады. Қауымдастық Алматы, Қарағанды, Петропавл мен Шымкент қалаларында татар тілін тереңдетіп зерттейтін интернат үлгісіндегі мектеп-лицейлер ашу, Алматыда «Татарстан» сауда үйін ашу туралы кәсіпкерлердің бастамасын қолдау сияқты өміршең ірі жобаларды жүзеге асырып келеді.

 

Немістер

 

Немістер - Германияның байырғы тұрғындарын кұраушы халық. Этностың жекелеген өкілдері сондай-ақ Еуропада, Ресейде, Өзбекстан мен Қазақстанда тұрады. Жалпы саны - 140 миллионға жуық адам. Үндіеуропалық тіл шоғырының герман бұтағына жататын неміс тілінде сөйлейді. Жазуының негізі - латын алфавиті. Этнос өкілдерінің көпшілігі түрлі протестанттық шіркеулерге және лютеранттар мен евангелист-баптист секталарына тәуелді. Қазақстандағы неміс диаспорасы 181 мыңға жуық адамды құрайды. Бұл – ел тұрғындарының 1,06%-ы. Республика аумағында немістер ХІХ ғасырда-ақ пайда болған. Олар Ресей ішінде көші-қон қозғалысында белсенді әрекеттер жасады. Алғашқы шаруа қоныс аударушылардың ірі ошағы Ақмола облысының Омбы уезінде пайда болды. Қазақстанға ерікті түрде қоныс аударушы немістер көпэтникалық ортада тұруды қалаған. Ұлы Отан соғысының басында болған депортациядан кейін, негізінен, орыс тілінде сөйлейтін болды. 1994 жылы Алматыда Неміс үйі ашылды. Ол Қазақстанда да және одан тыс жерлерге де танымал болды. Немістер кеңесі ірі этникалық бірлестік саналады. Ол Қазақстан мен Германия арасында байланыстырушы көпір қызметін атқарады. Өйткені бұл елдердің өзара мүдделері, әсіресе этникалық неміс топтарының өмірлік іс-қимылдары бір арнада түйісіп жатты. Кеңес ана тілді қайта түлету бағытындағы жұмыстарға үлкен маңыз берді. Елордада «Возрождение» қоғамының күш салуымен құрамында балабақша, бастауыш мектеп пен гимназия бар неміс кешені құрылды. Қарағандыда неміс прогимназия (бастауыш сыныптар) мен неміс балабақшасы ашылды. «Возрождение» неміс этномәдени орталығы жанынан жексенбілік мектептер жүйесі ашылды. Қазақстанның 15 өңірінде ашылған мұндай мектептер, негізінен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Тараз, Талдықорған, Шымкент қалаларында орналасты. Жексенбілік мектептерден бөлек өңірлердегі неміс қоғамдарының филиалдары жанынан да мектептер жұмыс істейді. Шағын қалалардағы балалар да қазақ және неміс тілдерін тегін үйренуде, қазақ және неміс мәдениетімен танысуда. Сабақты білікті оқытушылар жүргізеді. Жексенбілік мектептерде неміс тілін ғана оқытып, немістердің салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныстырумен шектелмейді, сондай-ақ қазақ тілін оқыту, балаларды қазақ мәдениетімен және салт-дәстүрімен таныстыру да өз жемісін беруде. Балалардың жексенбілік мектептерге баруы тегін, мұғалімдердің еңбегіне ақы төлеу мемлекет есебінен жүзеге асырылады. Неміс қоғамдық бірлестігінің қызметінде неміс этносының бай көпқырлы мәдениетін жаңарту мен таратуға бағытталған мәдени-демалыс ұйымдастыру жұмыстары айтарлықтай рөл атқарады. Облыстық, қалалық және аудандық ұлттық-мәдени бірлестіктер жанында хор, вокалдық топтар, фольклорлық, музыкалық және отбасылық ансамбльдер, би топтары, кітапхана жұмыс істейді. Мәдени орталықтар үшін кадрлар даярлау Павлодар мен Рудный қалаларындағы екі музыкалық колледжінде жүзеге асырылады. Алматыда ТМД бойынша жалғыз неміс драма театры жұмыс істейді. Қазақстандағы және одан тыс жерлердегi немістердің өмірі туралы тұрақты жұмыс істейтін апта сайын «Гутен Абенд» телебағдарламасы, тұрақты неміс тілінде радиохабары, «Дойче Альгемайне» газеті ақпарат беріп отырады. Олар республикалық бюджеттен дотациялар алады.

 

Кәрістер

 

Кәрістер – Оңтүстік және Солтүстік Кореяның байырғы тұрғындарын құраушы халық. Сондай-ақ этнос өкілдері Қазақстанда, Австралияда, Қытайда, Ресейде, Солтүстік Америкада, Өзбекстан мен Жапонияда тұрады. Халықтың жалпы саны – 80 миллионнан астам адам. Алтай тіл шоғырының тунгус-маньчжур тобына жататын корей тілінде сөйлейді. Этнос өкілдерінің көпшілігі буддизм мен христиандықты ұстанады.

 

Қазақстан аумағына алғашқы кәріс қоныс аударушылары ХІХ ғасырдың соңында келді. Одан соң кеңестік кезеңде 200-ден астам кәріс күрішшілері Қызылорда облысына қоныс аударды. Олар 1929 жылы Қазақ күріші колхозын құрды. Ұлы репрессия жылдары Қиыр Шығыстан жүз мыңға жуық кәрістер күштеп көшіріліп, Қазақстаннан бір-ақ шықты. Бүгінде республикада 103 мыңнан астам кәріс тұрады. Олар, негізінен, ірі қалаларда, үштен екі бөлігі Жетісуда орын тепкен. Депортацияланған кәрістер, негізінен, ауыл шаруашылығымен айналысты. Сөйтіп, отандық күріш өсіру ісіне және көкөніс өсіруге айтарлықтай үлес қосты. Кеңестік кезеңде қазақстандық 67 корей Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын алды. 1960 жылдардың ортасында кәрістердің урбанизациялануы жедел басталды. Білім деңгейлерінің, іскерлік қасиеттерінің жоғары болуы кәрістерге кәсіпорындар мен мекемелердің басшысы болуына мүмкіндік берді. Инженер-техникалық қызметкерлердің, ғылым, педагогикалық интеллигенция және мәдениет, өнер қызметкерлерінің арасында да кәрістердің үлесі басым болды. Нарық экономикасына өту және қоғамдық-саяси құрылымды реформалау Қазақстанда елдің барлық азаматына жаңа мүмкіндіктер ашты. Кәрістер де шағын және орта бизнесте едәуір табыстарға қол жеткізді. Кеңестік кезеңде кәрістер тіл саясатын жүргізудің зардабынан өздерінің ана тілін (диалектін) жоғалтып алды. Кеңес өкіметі, бір жағынан, корей театры мен кәріс тілінде шығатын «Ленин кичи» газетін қаржыландырып отырды. Ал екінші жағынан, ұлттық тілде білім беру жүйесін жойып жіберді. Этникалық мәдениеттің негізгі элементтері, әсіресе әдет-ғұрып ерекшеліктері мен ұлттық рухани азық ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Өзге этникалық ортада күнделікті тығыз қарым-қатынасқа түсіп, ортақ тірлік кешу, қалыпты қалалық өмір салты, тарихи отанмен қандай да бір байланыстың болмауы дәстүрлі кәріс мәдениетіне айтарлықтай өзгерістер енгізді. Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында кәрістердің күнделікті өмір салтында, сондай-ақ мерекелік әдет- ғұрыптарында едәуір айырмашылықтар болды. Көптеген этникалық мәдениеттер өткенге кетті, сырттан әкелінген инновациялар пайда болды. Дегенмен бірқатар этникалық белгілердің жоғалып кеткеніне, ұлттық аралас отбасылар үлесінің жоғарылығына қарамастан кәрістер өздерінің этникалық ұқсастықтарын берік сақтауды жалғастырып келеді. Мемлекет толық немесе ішінара болса да кәрістердің кәсіби екі мәдени ошағына - театры мен «Коре ильбо» газетіне субсидия бөлуді жалғастыруда. Өйткені шығармашылық интеллигенция осы екеуінің төңірегіне шоғырланған. Тәуелсіздік алу этникаішілік шоғырлануға әкелді және кеңес кәрістері топтасып тұратын жерлерде ассоциациялар мен қауымдастықтар пайда болды. Бүгінде Қазақстан кәрістерінің қауымдастығы жүйелік негізде жұмыс істейтін құрылымдық ұйым болып саналады. Оның басшылығымен кәрістер елдің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өміріне, біздің республикамыздың барлық халықтарының арасында достық пен келісімді сақтау ісіне барынша белсенді қатысып келеді.

 

Түріктер

 

Түріктер – Түркияның байырғы тұрғындарын құраушы халық. Этнос өкілдері Азияның оңтүстік-батыс бөлігі мен оңтүстік Еуропада тұрып жатыр. Жер бетіндегі түрік ұлтының жалпы саны - 73 миллионға жуық адам. Ахыска-түріктер – түріктердің оғыз отбасына жататын субэтникалық тобы, Оңтүстік-батыс Грузиядағы Месхеттерден пайда болған. Алтай тіл шоғырының түркі тобына жататын шығыс-анатолий диалектісінің бірі түрік тілінде сөйлейді. Жазуыны негізі - латын алфавиті. Этнос өкілдерінің көбі исламның сүннитін ұстанады. Қазақстан жерінде алғашқы түріктердің пайда болуы XIV ғасырға тиесілі. Бұл сауда қарым-қатынастарының дамуымен байланысты болды. Одан кейінгі түріктердің көші-қоны әртүрлі себептермен болып жатты. Оның ішінде қоныс аударушылардың басым бөлігі тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары Ресейден келді. 1944 жылдың қарашасында түріктер Грузиядан Қазақстанға күштеп жер аударылды. Қазақстан Республикасының аумағында тұрып жатқан түріктердің көпшілігі – сол кездегі қоныс аударушылардың ұрпақтары. Бүгінде олардың саны 198 мыңнан астам адам. Бүгінгі ахыска-түріктер республиканың 11 облысында тұрып жатыр. Олар Алматы, Жамбыл, Қызылорда мен Түркістан облыстарында басымырақ. Дәстүрлі түрде көкөніс, бау-бақша өсірумен, сондай-ақ саудамен айналысады. Бұл олардың 70%-ы ауылдық жерлерде тұратындығын көрсетеді. Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары этнос өкілдерінің көбі өздерін бизнесте, ғылым мен мәдениетте танытты. Алматы, Жамбыл, Қызылорда мен Түркістан облыстарының 46 мектебінде түрік тілі сыныптары ашылған. Алматы қаласындағы №99 орта мектеп түрік тілін үйрету жөнінде базалық мектеп болып табылады. Үш жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Елдің әрбір облысында қазақ-түрік лицейлері бар. Түркияның ЖОО-ында Қазақстаннан барған жастар білім алып жүр (100-ден астам адам). Барлық этномәдени орталықтардың қызметін «Ахыска» түрік этномәдени орталығы реттеп отырады. Орталық базасында «Чичеклер» ұлттық би ансамблі құрылған. Түрік ансамбльдері барлық салтанатты шараларға қатысып, концерттер қояды, этникалық шығармашылық ұжымдары жиі-жиі фестивальдар өткізіп тұрады. 10 жылдан бері ұлттық түрік гюреші (еркін күрес) бойынша халықаралық турнирі өткізіліп келеді. Жарысқа Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан спорт шеберлері мен разряды барлар қатысады. Орталық қызметінің басты бағыттары Қазақстанның ұлттық мәдени этностарының жан-жақты өзара өсіп-өнуіне жәрдемдесу, Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстарды дамыту, мәдени-ағартушылық жұмыстарды жүзеге асыру, түрік халқының тарихын білуге, тілін, мәдениетін, әдет- ғұрпы мен дәстүрлерін сақтап, дамытуға, олардың мүдделерін мемлекеттік және елдің басқа да қоғамдық бірлестіктері мен шетелдік мемлекеттер алдында қорғауға, басқа ұлттар мен халықтардың өкілдерін түрік халқының тарихына, мәдениетіне, өнеріне ынталандыруға жан-жақты жәрдемдесу. Орталық жанынан мемлекеттік тілді қолдау мен дамыту комитеті құрылған, жыл сайын білім алушылар арасында басқа этностардың қатысуымен тіл білімінен олимпиадалар өткізіледі. Мысалы, 2011 жылы 11 этностың өкілдері қатысты. Сондай-ақ дін ісі жөніндегі комитет жұмыс істейді. Ол діннің мән-маңызын, негізі мен діни төзімділіктің қағидаттарын түсіндірумен айналысады. 1999 жылдан бері қазақ, орыс және түрік тілдерінде республикалық «Ахыска» газеті шығып тұрады. Қазақстандағы түрік этностарының өмірі, тұрмысы мен дәстүрлері туралы баяндайтын түрік тілінде «Тәтті бастау», «Парыз» фильмдері жарық көрді. Түркияның SSN-TURKIYE телекомпаниясы мен Қазақстан Президентінің телерадиокешені деректі фильм түсірді. Түрік тіліндегі радиохабары бар. Түрік этносы орталығының күш салуымен еліміздің барлық өңірінде 18 спортзал салынды, оларда жаттықтырушылар балалармен тегін жұмыс істейді, 23 мешіт тұрғызылды. Алматының іргесінде ауқымды жоба – «Алтынсай» серіктес қалашығының құрылысы басталды.

 

Әзірбайжандықтар

 

Әзірбайжандықтар – Әзірбайжандағы байырғы тұрғындарды құраушы халық. Сондай-ақ этностың, жекелеген өкілдері Швецияда, Түркияда, Ресей мен Қазақстанда тұрады. Халықтың жалпы саны – 30 миллионнан астам адам. Түркі тілдерінің оңтүстік-батыс бұтағының оғыз тобына жататын әзірбайжан тілінде сөйлейді. Жазуының негізі – латын алфавиті. Этнос өкілдерінің көбі ислам дінінде.

 

Алғашқы әзірбайжан этносының өкілдері Қазақстанға ХХ ғасырдың 20 – 40 жылдарында сталиндік репрессияның нәтижесінде, сондай-ақ тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарында келді. Әзірбайжан этносы өкілдерінің саны 130 мыңға жуық адамды құрайды. Әзірбайжан этносы өкілдерінің көпшілігі қазақ тілін жақсы меңгерген. Осы күндері Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жинақы орналасқан. Әзірбайжандықтардың негізгі айналысатыны XX ғасырдың ортасына дейін диқаншылық, малшылық пен қолданбалы өнер болды. Бүгінгі этностың өкілдері саудамен, мейрамханалық бизнеспен, фермерлікпен айналысады. Мұнан бөлек танымал дәрігерлер, кардиохирургтер, мұғалімдер, мемқызметкерлер, ғалымдар бар. Әзірбайжандықтардың этномәдени бірлестіктерінің қызметін Қазақстан әзірбайжандарының «Bэтэн» конгресі қадағалайды. Әзірбайжан этносының өкілдері елдің қоғамдық- саяси өміріне белсенді түрде қатысушы болып табылады. Барлық облыстарда этномәдени орталықтар жұмыс істейді, әзірбайжан тілінде журналдар мен газеттер шығарады. Конгресс өкілдері – Қазақстан халқы Ассамблеясына белсенді қатысушы. Конгресс күшімен елордада - Әзірбайжан үйін, Алматыда мешіт салды. Қазақстан мен Әзірбайжан елшіліктерінің көмегімен Әзірбайжан қоғамдық телевизиясы және «Қазақстан» телеарнасы ұйымдастырған алғашқы «Баку - Астана» телекөпірі ұйымдастырылды. 2011 жылы Қазақстанда Әзірбайжан мәдениетінің күндері өткізілді. Бұл шара Қазақстан мен Әзірбайжан арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылғанының 20 жылдығына орайластырылған еді. Бакуде қазақстандық дипломатиялық өкілдік ашылған сәттен бастап Әзірбайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің есімін иеленген Достық қоғамы белсенді жұмыс істеп келеді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Қазақстан және Әзірбайжан арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылуының 20 жылдығы шеңберінде Бакуде Абай Құнанбаев атындағы көшенің ашылуы мен ескерткіш тақтаның орнатылуы, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің қатысуымен Баку мемлекеттік университетінде Абай атындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығының ашылуы, ішкі ұлттық жиһаздарымен 10 қанатты қазақ киіз үйінің тұсаукесері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әзірбайжан тілінде шыққан «Қазақстандық жол» кітабының тұсаукесері, «Астана» деген атпен ұйымдастырылған Қазақстан мен оның елордасы туралы фотокөрменің ашылуы, Қазақстан киносының апталығы сияқты салтанатты шаралар өткізілді. Әзірбайжандықтар түрлі фестивальдарға, музыкалық және вокалды байқауларға белсенді түрде қатысып келеді.

 

(Жалғасы бар...)

 

 

 

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: