Қазақстанда мұнайгаз-химия, атом және энергетика бағыты бойынша мамандар тапшы

7 Қазан 2022, 18:45 3382

«Мектеп бітірушілер Ұлттық бірыңғай тестілеуде физика және химия пәндерінен емтихан тапсырмау үшін гуманитарлық мамандық иелері болуға талпынады және 30 жыл бойына экспортқа шикізат шығарушы ел болғандығымыздан техникалық мамандық иелері өте аз», дейді Жетісу өңірінен сайланған Парламент Сенатының депутаты Амангелді Толамисов El.kz порталының Jana KZ подкастында.

Елімізде техникалық мамандардың жетіспей жатқаны мәлім және осы олқылықтың орынын толтыру мақсатында техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі қажет екенін Мемлекет басшысы 1-ші қыркүйектегі Жолдауында көтеріп, нақты тапсырма берді.

Бүгінгі күні техникалық маман иесі боламын деген үміткерлерге грант саны артып, «Болашақ» бағдарламасы арқылы да шетелде білім алуға жеңілдіктер жасалған. Ендігі кезекте техникалық мамандарды дамыту мақсатында әлемдік озық техникалық жоғарғы оқу орындарының филиалдарын елімізде ашу жоспарланып отыр. 2025 жылға дейін батыс және оңтүстік өңірлерде осындай 5 филиал ашылмақ.

Ал, өз кезегінде подкасттың екінші қонағы, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов Қор тобына кіретін компанияларда техникалық мамандар жетіспегендіктен дуалды оқыту жүйесін енгізіп, қызметкерлерді қайта даярлау курстарынан өткізу арқылы мәселені шешіп отырғанын жеткізді, алайда мұнайгаз-химия, атом және энергетика бағыты бойынша мамандар өте аз дейді.


Бөлісу: