Қазақстанда қыз алып қашқандар қалай жазаланады

16 Маусым 2022, 09:45 4980

ҚР Бас прокуратурасы қыз алып қашқан жағдайда қандай жаза қарастырылғанын түсіндірді, деп хабарлайды El.kz

«Қыз алып қашу - салт-дәстүр ме, қылмыс па, мұны ажыратудың бір жолы бар, ол - қалыңдықтың келісім беруі және алып қашқан адамдардың осындай келісімнің барын түсінуі. Басқаша айтқанда, келісім бермеген қызды еркінен тыс алып қашса, күштеп ұстап, басқа жерге апарса, алып қашқандар осы мән-жайды білсе - бұл ауыр қылмыс саналады. Қылмыстық кодекстің 125-бабы - адам ұрлау бойынша 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер кәмелетке толмаған қызды ұрласа, бұл жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін және мүлкі тәркіленеді», - деді Бас прокуратурадан.

Ведомствоның мәліметінше, алыр қашқандар үшін ең қатал жаза - 15 жылға соттау. Оның ішінде топ болып алып қашса, жәбірленушіні абайсызда өлтіріп алу және басқа ауыр жағдайларға әкеп соқса, ұрланған адамды қанау мақсатында жасалса, осындай ауыр жаза қолданылуы мүмкін. 

«Егер сізді алып қашса немесе көз алдыңызда осындай жағдай болса, дереу 102 қызметіне қоңырау шалыңыз. Полицияға мүмкіндігінше көліктің маркасы, түсі, нөмірі, алып қашқандардың түр-әлпеті, киімі секілді ерекше белгілерді хабарлаңыз. Бұл жағдайда жай ғана куәгер болсаңыз да, арыз жазылмаса да қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталады. Егер ұрлаған адам жәбірленушіні босатса және оның әрекетінде қылмыстық құрам болмаса, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады» делінген хабарламада.

Бөлісу: