23 Қаңтар 2015, 06:24
El.kz жобасы университет қабырғасында білім алумен қатар, еліміздің робототехника саласының дамуына үлес қосып жүрген екпінді жастармен сұхбаттасты. Күні кеше қолға алынған сала индустрияландырудың басты нысанына айналуы әбден мүмкін.
Нұрсұлтан Иманбердиев, Робототехника және мехатроника департаментінің 4-курс студенті, Назарбаев Университет.
- Қазақстандағы индустрияландыру инновациялық болу керек екенін білеміз. Робототехника болса еліміздегі ең инновациялық сала. Қашан роботтарды индустриялды түрде жасап шығара бастаймыз?
- Қазақстан үшін робототехника өте жас сала. Мысалы, Жапония, АҚШ, Германия сияқты робототехника саласындағы жетік елдер сондай биік дәрежедегі өндіріске ондаған жылдар бойы тынымсыз еңбектеніп жетті. Қазірге кезде жоғарыда айтылып кеткен елдерде, робототехника саласы қарқынды дамып келеді және де сол елдердегі робототехника саласы Қазақстандағы робототехниканы 10-20 жылға озып отыр. Германияның Kuka AG, Жапонияның Kawasaki Robotics индустриялды роботтарды шығаратын компаниялары соған мысал. Егерде, біз сондай елдерді жетіп алғымыз келсе не болмаса олармен пара пар болғымыз келсе, Қазақстандағы робототехника саласындағы әр адам сол елдердегі ғалымдармен салыстырғанда бірнеше есе көбірек жұмыс істеп, тынымсыз еңбектену керек. Сонда ғана Қазақстандағы робототехника саласы белгілі бір жетістіктерге жетіп, өзіміздің индустриялды роботтарды шығара алатын зауыттарды құра аламыз. Әрине, бұл мақсатқа жету өте қиын, бірақ жүзеге асырылмайтын іс деп ойламаймын. Ең бастысы шын ниетпен еңбектенсек, алдымызға қойған мақсатымызға жетеміз.
- Осы салада қандай жетістіктеріңіз бар? Робот құрастырдыңыз ба?
- Робототехника саласындағы жетістігім көп емес. Назарбаев Университетінің Робототехника кафедрасының ARMS Laboratory-нда ассистент зерттеуші болып жұмыс істеймін. Осы лабораторияда жұмыс істеу арқасында робототехника саласындағы практикалық білімімді тереңдетіп, нағыз ғылыми жұмысқа қатысуға мүмкін болды. Осы ғылыми жұмыстың нәтижесінде біздің ғылыми топ 2 мақала жазып, сол мақалаларды Германиядағы өткен конференцияда (9th ACM/IEEE International Conference on Human-Robot Interaction (HRI 2014) in Bielefeld (Germany)) таныстырып қатысып келуге мүмкіндік алдым. Бірінші мақала тақырыбы, Real-time gesture recognition for the high-level teleoperation interface of a mobile manipulator.
Германияда өткен конференция барысындағы қазақстандық стенд
Жас зерттеушіміз қызығушылық танытқан қонақтарға робот жұмысын түсіндіруде
Төрт дөңгелекті робот үстінде қол орналасырылған...
Соған арнап адам киетін сенсормен жабдықталған арнайы костюм ойлап шығардық. Сенсорды қозғау арқылы гибридті роботты басқарамыз.
Адамның оң қолында орналасқан сенсорлар арқылы роботта орналасқан қолды басқардық. Германияда біздің жетістігімізге жоғары баға берді. Презентация кезінде бізге жобамызды сатып алуға ниет білдіргендер де болды.
Ал бұл бейнеде жобаның (роботтың) жетілдірілген нұсқасының жұмысы көрсетіледі.
- Қазақстан қандай жобалармен мақтана алады?
Қазақстандағы робототехника өте жас сала болғандықтан, айтарлықтай жетістіктерге әлі жетпедік. Мысалы, Қазақстандағы робототехника саласын балабақшаға барып жүрген жас баламен салыстыруға болады. Ол енді аяққа тұрып, есейіп келе жатыр, сол сияқты робототехника Қазақстанда енді ғана қарқынды дами бастады. Мектептерде робототехника үйірмелері ашылып, оқушылар робототехника саласымен танысып келе жатыр. Робототехникамен мектеп кезінен танысқан оқушыларда бұл салаға қызығушылығы пайда болып, соның арқасында болашақта робототехника саласында көптеген жас ғалымдар істейтін болады. Сол себепті, меңім ойымша, жетістіктер бізде әлі де болады, тек қана сәл ғана күте тұру керек.
Арайлым Жұмаділова, Робототехника және мехатроника департаментінің 3-курс студенті, Назарбаев Университет.
- Неге осы мамандықты таңдадыңыз?
- Бәрімізге белгілі, біздің еліміздің қазіргі таңдағы маңызды стратегиялық бағыттарының бірі - білікті мамандарды қажет ететін индустрияны дамыту. Және бұл стратегияны жүзеге асырудың бастамасы ретінде мен оқып жүрген Назарбаев Университеті атты білім ордасын ашып отыр. Өз басым, осында оқып жүріп, мойнымдағы үлкен жауапкершілікті сеземін. Сондықтан осы жерде білім ала отырып, еліміздің индустриялдық дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Ал енді робототехника мамандығын таңдауыма бірден-бір себеп, ол бұл саланың халыққа берер мүмкіндіктерінің көптігінде. Робототехниканың медицинада, зауыт-фабрикаларда, космонавтикада, қорғаныс қызметінде, және тағы басқа қолданыс табуы мен үшін өте тартымды болды. Осылай, халыққа және жалпы адамзатқа әр түрлі салаларда қолданылатын робототехниканың жемісінің пайдасын көрсін деп осы мамандықты игеру үстіндемін.
-Біліміңізді іс жүзінде қолданып көрдіңіз бе? Бірінші тәжірибеңіз қандай болды?
- Бірінші курста болғанда бізге берілген жоба еді. Сол жобаның тапсырмасы бойынша, біз ЛЕГО құрастырмалы бөлшектерінен көлік робот жасауымыз керек болған. Сол көлікті біз программалау коды арқылы белгілі бір траеториямен жүріп өтуін қамтамасыз еттік.
- Сіздің ойыңызша 20 жылдан кейін робототехника Қазақстанда қандай деңгейде болады?
Қазіргі таңда роботтар көбінесе өндіріс саласында көп қолданылса, болашақта роботтар адамдармен тығыз қарым-қатынаста болады деп ойлаймын. Біздің елде де басқа елдегідей роботтардың тұрмыста үлкен рөл атқаратынына сенемін. Мысалы, үй жинауда робот-көмекші шет елде шығарылған. Сол автоматты үй жинағышты үйде қалдырып, кейін келгенде үй тап-таза болып тұрады. Сонымен қатар, роботтар үйде жалғыз қалған балаға үй жұмысымен көмектесе алады және оған дос бола алады. Келешекте роботтардың кең қолданысы медицина саласында болады деп ойлаймын. Қазір дамыған мемлекеттерде реабилитация мақсатында қолданылып жүрген физиотерапияны роботтар жасайды. Бізде де роботтардың әкелер мол пайдасын көре отырып, робот технологиясын халық денсаулығын жақсартуда, олар медицина саласына белсенді түрде енгізіледі деген сенімдемін.
- Алда өзіңізге қандай мақсаттар қойып отырсыз?
- Болашақта мен медициналық робототехника саласында зерттеулер жүргізгім келеді. Соның ішінде мүгедектерге роботтық аяқ, қол жасап, олардың қайтадан біздің ортаға қоғамның белсенді мүшесі болуына көмектескім келеді. Ия, ондай құралдар қазір дүние жүзінде ақырындап қолданысын тауып жатқанымен, бағасы өте жоғары. Менің мақсатым Қазақстанда жасалынған роботтық протездерді шығару. Осы университетте оқып жүріп, профессорлардың сабақ бере отырып, қалаған салаларында жобамен айналысып, зерттеу жүргізуі қатты ұнады. Мен де осындай профессорлардың бірі болғым келеді. Осы мақсаттарға жету үшін мен болашақта магистратура мен докторантура оқуға деген талпынысым бар.
Дәйексөз: Өсіп келе жатқан жас буынмен бірге еліміздің робототехника саласы да бой көтеруде. Адам өмірін жеңілдетуге арналған роботтарды күнделікті өмірде қолданатын уақыт та алыс емес. Инновациялық-индустриалды Қазақстанның болашағы жарқын болмақ!
Әзірлеген: Айгүл Шерниязова