Қазақстандағы оқулық шығару ерекшеліктері

31 Мамыр 2020, 23:37 8302

Мектеп оқулықтарына қойылатын талап қандай?

Жаз мезгілінде мектеп оқушылары алаңсыз демалысқа шықса, білім саласының мамандары жаңа оқу жылына қызу дайындық жұмыстарын жүргізеді. Жыл өткен сайын жаңарып отыратын білім беру ісіндегі реформалардың артынан біршама мәселелер қаралады. Солардың өзектісі – мектеп бағдарламасына сай оқулық дайындау. Біз бүгін еліміздегі оқулық шығару ерекшеліктері мен даярлау әдістеріне тоқталамыз.


Қазақ тіліндегі ең алғашқы оқулық он тоғызыншы ғасырда кирилл әріптерімен жарияланған ұлт ұстазы, көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің еңбегі екені бәрімізге мәлім. Кейін ұлттық идеяны ту еткен арыстарымыз халық ашаршылықтан енді есін жиып, көп күттірмей қуғын-сүргінге ұшыраған тарихи жылдарда оқу құралдарын дайындау жұмысына кірісіп, бүгінгі күнге дейін әлі қолданыстан түспей, «бағдаршам» іспеттес болып тұрған оқулықтарды шығарып кетті. Атап айтсақ, Әлихан Бөкейханұлының ауыл шаруашылығына, аспан әлеміне, жер шары құрылысына арналған кітаптары, Ахмет Байтұрсынұлының әдебиеттануға, қазақ тіл біліміне, Міржақып Дулатұлының «Есеп құралы», Жүсіпбек Аймауытұлының «Психологиясы», Мағжан Жұмабайұлының «Педагогикасы», Әлімхан Ермекұлының «Математикасы», Халел Досмұхамедұлының биологияға, жануарлар мен табиғаттануға арналған, Мұхтар Әуезовтің жер жаратылысына, әдебиетке, Жұмағали Тілеулиннің медицинаға, Смағұл Сәдуақасұлының тарих пен әдебиетке, Хайретдин Болғанбайұлының тарихқа арналған, тағы да өзге Алаш зиялыларының жазған кітаптары деп білеміз.

Еліміздің тәуелсіздігі жарияланғаннан соң де, бүкіл тарихымыз жаңа тұрғыдан жазылып, бүгінгі талаптарға сай оқулықтар дайындала бастады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда үш жүзден көп ірілі-ұсақты баспалар бар екен. Бірақ олардың барлығы дерлік «оқулық» шығару ісімен айналыспайды. Біреуінің техникалық қауқары жетпесе, біреуінің жауапкершілік жүгін арқалауға шамасы келмей жатады. Мектептегі оқулықпен қамтамасыз етуге тікелей ҚР Білім және ғылым минстрлігі жауап береді. Дей тұрғанмен, оқу жылы басталар уақытта мектептерге оқулық жетпей, бар болса оқу бағдарламасы өзгеріп мұғалім мен оқушының мазасы қашып жатады.

Осы орайда оқулық басып шығару ісін жүзеге асыратын бірнеше сатыны айта кеткен жөн. Бірінші, оқулықтың әдістемелік жағын Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұсынады. Екінші, мемлекеттік тапсырысты жеңіп алған баспалар оқулық жазатын авторларды ұйымдастырады. Үшінші кезекте, министрлік ұсынылған авторларға келісіп беріп мақұлдаса, авторлар бірнеше ай көлемінде өз саласы бойынша оқулық жазуға кіріседі. Төртінші сатыда дайын болған оқулықты баспаның арнайы сарапшылары мен қоғамдық сарапшылар қарап, қателерді түзету жұмысын қолға алады. Келесі кезең, республикалық «Оқулық» орталығында. Тікелей министрліктің қарамағындағы практикалық орталық мамандары автордың қолжазбасын әр пән бойынша талқылайды. Ең соңғы тексеру сатысында, қолжазба министрлік жанынан құрылған республикалық комиссияға келіп түседі. Комиссия шұқшиып отырып тағы тексереді. Жеті сатыдан тұратын оқулық дайындау процесіне көз жүгіртсек, қатенің кетуі мүмкін еместей көрінер. Дегенмен, жыл сайын оқулықтағы қателер жасырынып жатқандай қайталанып шығып отыратыны рас.


Бүгінгі оқулық шығару ерекшеліктері қандай? Ең әуелі, қатесін емес дұрысын айтайық. Біздің елде оқулық тегін беріледі. Бұл өзге елдермен салыстырғанда білім саласына көңіл бөлінеді деген сөз. Экономикасы дамыған батыс елдері мен алпауыт Америка, күн шығыста орналасқан көршіміз Қытай мен Корея елдерінің оқушылары жаңа оқу жылы басталар алдында оқулыққа мемлекет тарапынан белгіленген мөлшерде салық төлеп қол жеткізеді. Тіпті, Америка Құрама Штаттарында оқулық сату ісін кәсіпке айналдырған агенттіктер пайда болған. Үкіметтен қолдау күтпейтін, баласының болашағына инвестиция құйып үйренген америкалық бай отбасылар 500-1000 долларға дейінгі бағаға сатып алатын көрінеді. Сонымен қатар, АҚШ-та оқулықтармен бірге оның электронды нұсқалары, бейнесабақтары қоса сатылады. Бұл жағдай өркениеті дамыған батыс қоғамының түсінігіне сіңіп кеткен.

Ал бұрынғы посткеңестік, қазіргі ТМД елдерінде оқулық тікелей мемлекеттің тарапынан тегін беріледі. Тегін беріледі дегеніміз қате болар, әр оқушыға бір жылға пайдалануға үлестіріледі. Оқушы жыл басында алған оқулығын келесі сыныпқа көшер кезде мектеп кітапханасына өткізіп отырады. Бұл мектеп өмірінің айнымас қағидасына айналып кеткен дәстүр десек те болады. Кітапханадан оқулықтарды жеке басына аманаттап алу, оларды бір жыл ұқыптылықпен ұстап, келесі буынға тапсыру оқушыларға үлкен жауапкершілікті сезіндіреді. Жас бала кішкентайынан таза, ұқыпты, өз затына қамқорлықпен қарап, ерекше сезімтал болып өседі.

Отандық оқулықтарымыздың келесі ерекшелігі – тапсырмаларының қызықты әрі өмірден алынғандығында. Мысалы, математика оқулығындағы кейіпкерлердің есімдері қазақша қойылған. Оқып отырған оқушы өзінің досын немесе танысын көз алдына еркін елестетіп ойлай алады. Әсіресе, өзін-өзі тану, көркем әдебиет сынды бастауыш сынып оқулықтарында үлкенге құрмет, ұлттық сана мен ата-әженің аялы алақаны, ізгілік пен мейірім сынды адамгершілік қасиеттер көп насихатталады. Кітаптың бұл қасиетіне байланысты, кеңестік кезеңдегі танымал педагог В.А.Сухомлинский: «Менің педагогикалық ұстанымымның бір ақиқаты, кітаптың тәрбиелік күшіне деген шексіз сенім саналады. Мектеп дегеніміз, ең алдымен, кітап. Тәрбие – ең алдымен, сөз, кітап, жанды адамдық қарым-қатынастар. Кітап – құдіретті қару. Дұрыс жазылған кітап көп ретте адам тағдырын шешеді», - депті. Ендеше, бала тағдырының баспалдағы болатын мектеп қабырғасында алған білім, оқыған оқулық жас сәбидің болашағына тікелей әсер етеді деп айта аламыз. Қазіргі қоғамда көп ата-ана баласына қосымша кітаптар оқыта бермейді. Оқушылардың басым бөлігі мектеп оқулықтары мен хрестоматиядан аспайды. Сондықтан да, сапалы әрі түсінікті оқулық баланың тікелей білім алатын ошағы.


Осы орайда еліміздегі қазіргі оқулық шығарудың бұрынғымен салыстырғанда әлде қайда сапасының жақсарып келе жатқанын айтқанымыз жөн болар. Мысалы, оқулықтың безендірілуі ерекше көзге түседі. Бала назарын аудартатын ашық түстер мен қызықты иллюстрациялар, мұқабасындағы қазақы нақышта киінген ұл-қыздардың бейнесі тап бір қазақы дәстүрді паш етіп тұрғандай.

2018 жылдан бастап мектеп оқулықтарының электронды нұсқасы да шығарыла бастады. Бұл жаңа технологияға жақын бүгінгі күннің балалары үшін қуанышты жаңалық еді. Айталық, кез келген кітаптың соңғы бетінде аудио-видео диск жүреді. Ал оны компьютерге салып, ашып қалсаңыз сол кітаптағы сабақтардың тапсырмалары, жаттығулары мен жауаптары қоса берілген. Бұл баланың қызығушылығын арттырып, сабақ қарауға деген ынтасын оятары сөзсіз. Елімізде ағылшын тілін меңгерудің жаңа методикасы енгізілгелі де бірнеше жылдың жүзі болды. Америкалық Оксфорт университетінің тіл мамандары ұсынған ағылшын тілін оқыту жүйесі бойынша пән бағдарламасы толығымен өзгертілді. Яғни, бұрынғы ескі бағдарламамен басылған оқулықтардың орнын жаңа үлгідегі заманауи оқулық толықтырды. Бұған ағылшын тілінің 1-сыныптардан бастап енгізілуі де әсер етсе керек.

Жаңа форматтарда шығып жатқан электронды оқулықтар оқушылар үшін ауыр сөмкеден көтеруден құтылуға жағдай жасады. Сонымен қатар, бір кітапты ғана емес, электронды бірнеше кітапты қатар оқуға болады. Материалдарды бірнеше рет қайталап қарауға да, жаттығулардың дұрыс жауабын бірден білуге де болады. Электронды оқулықтарды оқулық шығаратын баспа дайындап шығарады.

Электронды оқулық – сабақтар, суреттер мен бейне-аудио жазбалар, әртүрлі графикалар, анимациялық тапсырмалар электронды түрде берілетін оқу құралы екенін айта кетейік. Озық интернет жүйесі арқылы элетронды оқу құралдарындағы бөлімнен-бөлімге өту жолы оңай етіп жасалған. Тапсырма орындағаннан кейін, оқушының тақырыпты түсіну дәрежесін бірден анықтауға болады. Электронды оқулық онлайн және оффлайн түрде оқытылады. Онлайн электронды оқулық дәлме-дәл уақытта интернет желісіне кіру арқылы оқылады. Ал оффлайн түрі алдын ала дайын электронды материалдарды жүктеп алу арқылы оқытылады. Оларға CD-диск, материалдың PDF нұсқалары, сайттардағы қол жетімді ресурстар жатады. Электронды форматтағы алғашқы шығарылған оқулықтар баспадан шыққан оқулықтардың айқын көшірмесі еді. Қазір интернетті ашып қалсаңыз пәндердің PDF, DOC, EPUB, FB2 форматтары толып тұр. Бұларды электронды оқулық емес, оқулықтардың электронды нұсқасы деп қана айта аламыз. Ондай оқулық дайындау үшін кітапты электронды түрде ұсына салу аздық етеді. Оқулыққа түрлі иллюстрациялар, онлайн тапсырмалар енгізілуі шарт. Технология күн сайын қарыштап дамып келе жатқандықтан, электронды оқулықтар да заман талабына сай жаңарып отырады.

Дегенмен, дүниежүзінің бірде-бір елі дәстүрлі оқулықтар мен кітаптардан бас тартқан жоқ. Бірақ, кейбір мемлекеттер оқу бағдарламасына электронды оқулықтарды сәтті кіргізе алды. Олар, Венгрия, Бразилия, Испания, Сингапур, Финляндия мен Эстония сияқты елдер. Жалпылама мектеп оқулықтарын электронды нұсқаға ауыстыру тәжірибесі Оңтүстік Корея, Ресей және тағы басқа мемлекеттерде бірнеше жыл қатарынан сынақтан өткізілген. Мысалы, 2011 жылы Ресейдің «Роснано» АҚ мектептері толығымен электронды оқулықтарға көшкен еді. Республикалық ғылыми-практикалық «Оқулық» орталығының мәлімдемесі бойынша электронды оқулық шығарумен елімізде бірнеше баспалар мен серіктестіктер айналысады. Олар, «Келешек-2030», «Алматыкітап баспасы», «Bilim Media Group» білім беру порталы, «Бөбек» Ұлттық ғылыми-тәжірибелік білім беру орталығы, «Ұлттық ақпараттандыру орталығы» АҚ, «Жаңа білім беру технологиялары» ЖШС.

Электронды оқулықтар да баспа оқулықтары сияқты министрлік тарапынан бекітілген сегіз сатылы сараптамалық талдаудан өткізіледі. Баспалар мен серіктестіктердің ұсынған оқулықтары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына келіп түседі. Бекітілген сарапшылар екі ай, яғни алпыс күннің ішінде білім беру мекемелерінде қолдануға жарайтыны не жарамайтыны туралы, сонымен қатар белгіленген қателерге түзету енгізу керек екені жөнінде қорытындыларды бекітеді. Ал қатемен жұмыс істеп, толықтай дайындап өткізу үшін бұдан кейін авторларға отыз күн уақыт беріледі. Екінші рет тапсырылған материалдардан қате кетсе автоматты түрде жарамсыз деп танылады. Көпшіліктің көңілінен шығатын, сапалы оқулық дайындау күрделі процесс. Мысалы, электронды оқулықтарды бірнеше мамандар дайындайды. Құрамында редакторлар, дизайнерлер, беттеушілер және программистер бар. Оқулық дайындаушылар сапалы және талапқа сай болуын қатаң қадағалауы міндеттеледі. Электронды оқулық мәтіндері гипермәтінді мазмұнда, иллюстрациялардың қолдану, әрбір тақырыпқа бақылау тапсырмаларын беру, жаттығуларды күрделілігіне сәйкес әртүрлі деңгейге бөлу, мазмұны толық типтік бағдарламаға сай келу сынды бірнеше талаптарға сай дайындалады.


Алдағы бес жыл ішінде электронды оқулықтар білім беру саласының ажырамас бөлігіне айналып үлгерері анық. Өткен оқу жылында Қазақстанда «Алматыкітап» баспасының электронды оқулықтары қолданылды. Компанияның баспа ісі жөніндегі орынбасары Рано Әнуардың айтуынша жобаға 350 мұғалім, мыңдаған оқушы қамтылған екен. Қазақстанда қазіргі таңда электронды оқулықтар тегін үлестірілгенімен, алдағы уақытта сатылымға шығып қалуы да мүмкін. Бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Мысалы, Эстония мемлекетінде бір электронды оқулықтың құны 40-50 еуро тұрады. Оқушылардың смартфондармен қамтамасыз етілуін, электронды оқулық шығындарын түгелімен мемлекет көтерген. «Bilim Media Group» ЖШС электронды оқулықтарын bilimland.kz, itest.kz, twig-bilim.kz және imektep.kz сайттарына тіркелу арқылы пайдалана алады. Ал «Келешек-2030» баспасы электронды оқулықтарын министрліктің талаптарына сәйкес диск түрінде шығарған. «Алматыкiтап» баспасы электронды оқулықтарын opiq.kz платформасында жасаған. Оқушы қолындағы ноутбук, планшет, смартфон құрылғылары арқылы кіре алады. «Алматыкітап» баспасының басшысы Рано Әнуардың айтуынша, мектеп қабырғасында оқушылар электронды оқулықты тек 20 минут қана қолдана алады екен. Электронды оқулықтарда қаріп стилі мен түстердің үйлесімділігі ерекше көзге түседі. Бірақ, электронды оқулықтарды ұзақ уақыт қолдану бала денсаулығына зиян тигізуі мүмкін.

Оқулықтың басты сапалық көрсеткіші мектеп қабырғасындағы нақты бір кезеңіндегі оқу бағдарламасына сай келуі. Осы тұрғыда оқулықтың сапасын анықтау мақсатында бірнеше талаптар қойылады. Атап айтсақ, оқулықта сол пәнді үйренуге қажетті бағдарламаның негізгі мақсаты қамтылуы, пәннің оқу жоспарында тәрбиелік құралдардың игерілуі, ғылыми практиканың нақты дәлелденген мысалдары кездесуі, оқу жоспарында бекітілген материалдардың барлығының қамтылуы, оқулық талаптарына сай біркелкілігі сақталуы, тәртіп бойынша тағайындалған көлемінің тұрақты болуы, оқулықтың мазмұны мен мақсаты оқу бағдарламасына сәйкес келуі, оқулықта ұлттық ерекшелік, аймақтық, ғылыми ерекшеліктер ескерілуі керек.

Сайып келгенде оқулықтың елімізге ғана тиесілі төл туындымыз екенін анықтайтын көрсеткіштер де осылар. Оқулықты мазмұны жағынан бағалау кезінде автордың деңгейі, пайдаланған әдебиеттердің ғылыми дәрежесі, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай болуы, баяндау стилі түсінікті және тұшымды болуы, әр тақырыпқа сай материалдар ерекше сүзгіден өтуі, ақпараттардың дәлдігі, сан жағынан толық болуы, сол оқулықтың сол сыныптағы пәндермен және өзі аттас жоғары сынып пәндерімен байланысының болуы, әдістемелік тәсілі мен әдеби деңгейі, синтактикалық және лексикалық қателердің болмауы басты назарда ұсталады.

(Суреттер pixabay.com және inbusiness.kz сайттарынан алынды)

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: