Қазақстандағы қарашай халқының асханасы

28 Тамыз 2014, 02:22

Қазақстандағы қарашай халқының асханасы

«Бүгінде біздің бірлігіміз –  жаңа 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы. Ең дамыған мемлекеттердің 30-на ену – біздің мақсатымыз және барлық қазақстандықтардың ортақ тағдыры. Стратегияда біздің ұлы көпэтносты халқымыздың даналығы көрініс тапқан. Ол біздің бітімнің, рухани келісімнің айрықша мәдениетінің жоғары қағидаттарынан арқаулық табады» – дейді Елбасы өз сөзінде. Расында, бірлігі жарасқан қазақ жерінде 130-дан астам өзге ұлт өкілдері бар. «Қазақстандық мәдениет елдегі бүкіл этностардың мәдени қатпарларының тығыз қарым-қатынасы арқасында қалыптасады. Бізде қазақ өнері мен дәстүрлері дамуда, сонымен бірге, бүкіл этностардың мәдени мұраларының дамуы да қамтамасыз етілген. Біз өз еліміздің, кез келген этносқа жататын біздің отандастарымыздың әлемдік өнерге, әдебиет пен спортқа қосқан үлестерінің артып келе жатқанын мақтан тұтамыз». Сондай ұлттардың бірі – қарашайлар.

Түркі тілдес Кавказ халықтарының бірі қарашайлар да Қазақстан халқының бір бөлігін құрайды. Олардың жалпы саны 180 мың болса, соның үш мыңнан астамы қазақ жерін мекендейді. Бір тудың астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Қарашайларда мынадай мақал бар: «Хар элни къой союуу башхады», яғни әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа демекші, «Әр ауыл қойларын әртүрлі сояды» деген мағынаны білдіреді екен. Қарашай халқы да қазақтар сияқты мал союға ерекше көңіл бөлген. Қарашайлар мал сойғанда етті 16 құрметті қонаққа арнап төрт үстелге төрт бөлікке бөлген. Ол үшін алдымен етті жеті бөлікке бөледі: төрт жамбас, екі бүйір және бел омыртқа. Одан кейін бұл бөліктерді буын бойынша бөледі (сюек юлюш): алдыңғы жамбастардан екі жауырын (жауурунла), иық буындары (базук) мен білек сүйектерін (къысха илик), артқы жамбастан сегіз бөлік сыбаға дайындаған – екі асық жілік (ашыкъ илик), төртеуі – жамбас сүйек (тещикли жансюек къалакъ, жансюек), төстен үш қабырғасымен бірге екі бөлік (ногъана), екі қабырғадан төрт бөлік (баш иеги) және алты қабырға (быгъын иеги). Қалған сүйектер мен еттің бөліктері, оның ішінде бел омыртқа 15-16 бөлікке бөлінеді: төрт боюн омурау, бес шеше омурау, төрт кегей омурау, бір къулсюймез және къуйрукъ учусу – негізгі бөліктердің қосымшаларын құрайды.

Қарашайларда да қонақтарға табақ тартудың өз салттары бар. Мысалы, бас табақ -  тепси, төрт бөліктен тұрады: жауырын (жауурун), төс (ногъану), жамбас сүйек (жансюек), бас (баш жарты), сохту, жерме, екі қабырға (быгъын иеги) және омыртқаның бірнеше бөлігі (омураула).

Әйел қонақтарға «ногъана», «ашыкъ илик», тіл (жаякъ), «битеу сохта», «жерме», «эки омурау», «эки иеги» беріледі. Кішкентайларға ұсақ бөліктер мен аяқтар тиеді. Балаларға қал, мең өспес үшін бүйрек жеуге бермеген. Тілдің ұшын, тіпті, қасқыр да жемейді деп, оны да балалар да үлкендер де жемейді.

Сый бериу «құрмет көрсету» - қойдың жауырыны, сохта, жерме, екі қабырға, жамбас сүйек, омыртқа, құйымшақ, тіл астыңғы бөліктерімен күйеу жігіттің үйінен қалыңдықтың үйіне тойдан кейін берілетін сыбаға сый.

Сый юлюш иерге «сыбаға беру» - салттық мерекелерге қатыса алмай қалғандарға (ауру, кәріліктің салдарынан) қойдың жауырыны, сохта, жерме, құйымшақ, омыртқа бөліктері, төс, екі қабырға жіберіледі.

Къысха илик – иық сүйектері, етті болғанымен үлкендерге емес, жас кішілер мен әйелдерге беріледі.

Ногъана – жоғарғы үш қабырға сый ретінде әйелдерге беріледі.

Боюн – қайнатылған мойын үлкендердің алдында үстелге қойылмайды, ол тек үй иесіне ғана арналған сыбаға.

Шеши омураула – қойдың үш-төрт төс омыртқасының атауы, жасы кішілерге беріледі.

Къулсюймез омурау – соңғы омыртқа жас қыздарға беріледі.

Кегей омурау - көлденең бөлшегі бар омыртқа жастарға тартылады.

Бишген жюрек – қайнатылған жүректі тек ер адамдарға ғана береді.

Тигим – үлкендердің өз сыбағасынан кішілерге бөліп беретін бөлігі.

Тигим баш – малдың бас сүйектерімен дәм таттыру.

Ұсақ қара мал атаулары

Қарашайлар да қазақтар сияқты малдарды жасына қарай атаған. Мысалы, қой:

6 айға дейін қозыны - къозу
6 айдан 1 жылға дейін - токълу

1 жылдан 2 жасқа дейін - ишек
2 жастан 3 жасқа дейін - зада, енгеч
3 жастан 4 жасқа дейін - узада, экинчи енгеч

4 жастан 5 жасқа дейін - дузада, ючюнчю енгеч
6 жас - мангырамаз

Батай – құрбандыққа шалынатын мал.

Үй және жабайы аңдардың еттері

Аю эт – қақталған аю етін дәрі ретінде қолданады.

Аю жюрек – аюдың жүрегін салт бойынша, жігіттің ербүрек, батыр болып өсу үшін беріледі.

Къакъ ат эт – кептірілген жылқы еті. Негізі жылқы етін қысқы азық ретінде сақтаған.

Бишген къой эт – қойдың қайнатылған еті тұздықпен бірге беріледі.

Къакъ къой эт – қақталған қойдың еті қуырылып беріледі.

Къой эт либижа – қаймақ қосылған тұздықтағы қой еті.

Къой эт шорпа – дәмдеуіш пен айран қосылған қой етінен дайындалған ет сорпасы.

Къууурулгъан къуйрукъ – қуырылан құйрық.

Бишген къуйрукъ – қайнатылған құйрық.

Къакъ къуйрукъ – кептірілген құйрық.

Къууурулгъан къакъ эт – қуырылған кепкен ет.

Борсукъ эт – қайнатылған және қуырылған борсық еті жазылмайтын жараларға арналған дәрі ретінде.

Борсукъ шорпа – борсық етінен дайындалған сорпа, сондай-ақ жазылмайтын жараларға да арналған.

Сапран къойну эти – қой еті, қайнатылған немесе қуырылған күйінде сары ауруға ем ретінде пайдаланылады.

Тау кийикни (эчкини, жугъутурну эти) – жабайы тау ешкісінің еті ұйқысыздық ауруына жейді.

Кийик шорпа – тураның немесе жабайы ешкісінің еті ұйқысыздық ауруына қолданады.

Къой эт къатыкъ – қайнатылған қой етін қысқы азық ретінде қарында сақтаған.

Бишген бузоу эт – қайнатылған бұзау еті тұздықпен бірге қойылады.

Бишген тууар эт – ірі қара малдың етін сүйектерімен бірге қайнатады.

Къууурулгъан къара эт – сүбені табақта қуырады.

Эт шорпа – қой, сиыр, етінен дайындалып, картоп, күріш, түрлі тұздықтар қосылған.

Къакъ эт – қайнатылған қой, сиыр, лақ, жабайы аңдардың еті қысқа азық ретінде сақталады.

От башында чалманда, отха мурса атылып, тютюнде къатхан эт – қалақайдың түтініне қақталып піскен ет.

Басты тағам тишлик (шашлык), яғни кәуап болып саналады. Кәуаптың түр-түрі бар: сандан етильген тишлик, бютеу малдан тишлик (қойдың тушасы түгелімен), таба тишлик (табада қуырылған ет), чоюн тишлик (қазанда пісірілген ет) және т.б. Малдың арық, семіз деуі де сол қалпында қалады, қой – къюй, қозы – къозу. Жалпы кавказдар, соның ішінде қарашайлар малды жақсы баптаған және жақсы айыра біледі. Бұрынғы кездері Ресейде үлкен қонақтарға арнайы қарашай қойын алдыртқан екен. Содан болар жалпы кавказ кәуабы бүкіл әлемде үлкен сұранысқа ие тағамдардың бірі.

Қарап отырсақ, қарашайлар бардық жағынан қазақтарға ұқсайды. Бұл жөнінде қарашай-балкар этномәдени бірлестігінің құрметті төрайымы Людмила ХОЧИЕВА былай дейді: «Тіл – кез келген ұлттың мәйегі. Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің қай-қайсысы да тілдеріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын сеніммен айта алады. Бізге, балқар-қарашайларға бұл орайда алаңдаушылық жоқ. Себебі тіліміз қазақ тілімен 80 пайыз ұқсас. Қазақтармен салт-дәстүріміз, тарихымыз етене жақын. Мәселен, жеті атаға дейін қыз алыспау, келін түсіргенде шымылдық құру, құда түсу, түскен жерінде келіннің үлкендердің атын атамай жанама ат қойып алу дәстүрі бізде де бар. Бүгінде елімізде 3 мыңдай қарашай-балқар ұлтының өкілдері өзгелермен тең дәрежеде тіршілік кешіп, түтін түтетіп, бала-шағасын өсіріп берекелі ғұмыр кешуде».

Бөлісу: