ҚАЗАҚСТАНДА ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ АТАЛЫП ӨТУДЕ

7 Шілде 2019, 17:14 5493

Бүгін елімізде екінші рет Ұлттық домбыра күні мерекесі аталып өтуде. Осыған орай Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен былтыр ұйымдастырылған «Бабалардың көзіндей қасиетті Домбыра» акциясы бүгін де дәстүрге айналып отыр.


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан еліміздегі бұл акция төл мәдениет пен салт-дәстүрлерімізді одан әрі дамытуға өз септігін тигізе бермек, әрі «Қазақтану» жобасын танытуға әсері мол.


Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері, Аналар кеңесі және этномәдени бірлестіктер қаладағы №2 және №3 перинатальды орталықта болып, дәл осы айтулы күннің алғашқы дүниеге келген нәрестелеріне ҚХА және елорданың логотипі бейнеленген қасиетті домбыраны сыйға тарту етті.


Іс-шара барысында ана мен баланы құттықтап, ақ тілектерін арнап, сәбилерге қазақтың атын әлемге танытатын талант иесі болсын деп тілек айтты.

Қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова: «Жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен перзентханаларға барып, бұл күні алғашқы туған перзенттерге домбыраны сыйға тарту етеміз. Болашақта осы балалар еліміздің нағыз азаматтары болып өссін», — деген тілегін білдірді.

Бүгін босанған батыр аналар Әйгерім Тілеуова және Қымбат Нұрахметова Қазақстан халқы Ассамблеясына алғыстарын білдіре отырып, сәбилері келешекте домбыраның құлағында ойнайтын талант иелері болады деген үміттерін білдірді.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 12 маусымындағы Жарлығына сәйкес шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілді.

Бөлісу: