Қазақстан поляктарының Одағы

26 Сәуір 2016, 11:18

Ұлттық-мәдени орталық

Қазақстан поляктарының Одағы Павлодар қаласында орналасқан.

Қазақстандық поляктардың алғашқы бейресми бірлестіктері 1980 жылдардың соңында пайда болды. Мұндай ұйымдар Қарағандыда, Көкшетауда, Алматыда және т.б. жерлерде құрылды. 1992 жылы тіркелген, аталған жекелеген бірлестіктер негізінде Қазақстан поляктарының Одағы құрылды. 2007 жылы 1 желтоқсанда  Павлодар қаласындағы Поляктар Одағының төрағасы ретінде Свинцицкий Виталий Зифридович тағайындалды.

 

Құрылымы бойынша одақ 14 облыстық және қалалық бірлестіктерден құралған. Мемлекет деңгейіндегі ұйымның жұмысы Республикалық үйлестіру кеңесі арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан поляктары одағының жұмысы ұлттық салт-дәстүрлерін, ана тілін оқып-үйренуге бағытталған. Бүгінгі күні елімізде ондаған костелдер салынып, діни қызмет жүргізілуде.

Поляктар Одағының мақсаты ұлттық салт-дәстүрді қайта өрлетуге, ана тілі мен тарихын зерттеуге, мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізуге, тарихи отанмен қарым-қатынас орнатуға және дәстүрді сақтауға  бағытталған. Қазақстандағы поляктар одағы ұлттық-мәдени орталығының өкілдері Қазақстандағы  ассамблея ұйымдастыратын барлық облыс, қала ұлттық және мемлекеттік мейрамдарына қатысып, өз өнерлерін көрсетіп атсалысуда. Басқа ұлттық-мәдени орталықтармен тығыз араласып, достық қарым-қатынастарын арттыруда. 

Қазақстан мен Польшаның құзырлы министрліктері арасында жасалған келісімге сәйкес қалалар мен ауылдардағы 16 мектепте поляк тілінде сыныптар жұмыс жасаса, балалар мен үлкендерге арналған 22 жексенбілік мектептер жұмыс атқарып, сабақты Польшадан шақыртылған мұғалімдер жүргізуде.

Аталмыш одақ ұжымы Қазақстанда өтетін барлық мемлекеттік мерекелерге қатысады. Нақтырақ тоқталар болсақ, Шопен музыка кеші ұйымдастырылып, түрлі спектакльдер сахналанады. Поэзия кештері мен тағылымы мол кездесулер өтеді.  

Қазақстан поляктарының Одағында «Głos Polski» мен «Алматинский курьер» атты журналдар шығады.   

Одаққа қатысты барлық мекемелерде шығармашылық ұжымдар бар, олар польша мәдениеті мен тілін дәріптейді.

2015 жылы Қазақстан поляктары Одағында «Память» атты этнографиялық ақпарат жинастыратын жаңа жоба іске қосылды. Көкшетау қаласында дәстүрлі түрде «Поющая Полония» атты вокалдық фестиваль өтеді. Ал, он жыл қатарынан польша тілінде «Kresy» атты поэзия конкурсы өткізіліп келеді.  


Тұмар АСЫЛ

 

 

Бөлісу: