Қазақстан мен Латвия құрамаларының кездесуінен фоторепортаж

10 Қыркүйек 2014, 12:00

Қазақстан Еуро-2016 біріншілігінің алғашқы ойынын Латвия құрамасымен тең ойнап, 1 ұпайға ие болды. «El.kz» журналистері осы ойыннан арнайы фоторепортаж әзірлеп қайтты.

Қазақстан Еуро-2016 біріншілігінің алғашқы ойынын Латвия құрамасымен тең ойнап, 1 ұпайға ие болды. «El.kz» журналистері осы ойыннан арнайы фоторепортаж әзірлеп қайтты.

1. Ойын басталмас бұрын Латвия телеарнасының журналисі Андрис Аузиньштың матчқа қатысты болжамын сұрап үлгердік. Есепті дәл таппаса да, ойын барысын дұрыс сипаттап берді.

El.kz: Бүгінгі ойын қандай есеппен аяқталады деп ойлайсыз?

Андрис: Менің ойымша, ірі есеп болмайды, есеп 1-0 немесе 0-1 болуы мүмкін.

El.kz: Неліктен мұндай болжамға келдіңіз?

Андрис: Латвияның қорғаушылары мықты, өкінішке орай, қазір бізде шабуыл жағы әлсіздеу. Қазақстан да қорғаныс шебіне жақсы көңіл бөледі. 

Латвиялық журналист Қазақстанға алғаш рет келген екен, сол себепті елімізге қатысты оның пікірін сұрамай тұра алмадық. 

Андрис: сіздің бұл сұрақты қай мақсатпен сұрап тұрғаныңызды түсінем, мен «Борат» фильмін көрдім (күлді). Бірақ, Астанаға келіп, таңғалдым, мұндай қала көрем деп ойламаппын. Алайда, бұл жақта ауа райы суық екен және көлік кептелісі бар екен. 

2. Ойын басталмас бұрын екі құрама ойыншылары дәстүрлі жаттығуларын жасады. Латвия қызыл, Қазақстан ақ түсті формамен ойнады. 

3. Жаттығу аяқталған соң, ойыншылар шамалы үзіліс алып, төрешілер бастауымен ресми түрде алаңға қайта шықты. 

4. Ойынның бас төрешісі - Иван Кружляк (Словакия). Қапталдағы төрешілер - Роман Слышко және Ондржех Бренджа. Қосымша ассистенттер - Рихард Трутц және Владимир Внук. Резервтегі төреші - Томаш Сомолани.

5. Қазақстан Республикасының әнұраны ойналған тұс.

6. Ойын тартысты өтті. 

7. Ойын қарқыны жоғары болғаны сонша футболшылар жиі жарақат алып жатты.

8. Тіпті қапталдағы төреші де жарақат алып үлгерді. Қосымша құрамдағы ойыншылардың біреуі абайсызда қапталдағы төрешіге соқтығысып қалды. 

9. Жанкүйерлердің көңілі көтеріңкі, бір өкініштісі бос орындар көп болды.

10. Жанкүйерлер арасында еліміздің туын ұстаған жастар көп болды.

11. Ойынды тамашалауға журналистер мен блогер қауымның өкілдері де келді. Қуантқаны, олар ойынға ақпарат саласының маманы ретінде емес, еліміздің патриоты ретінде қатысты.

12. Ойын аяқталған соң, құрама бас бапкерлерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Алғашқы болып журналистер алдына Латвия құрамасының жаттықтырушысы Марьян Пахарь шықты. 

Журналистер біршама сұрақ қойып үлгерді, алайда басты сұрақ мынадай болды: «Латвия бүгінгі ойында 1 ұпай жинады ма, әлде 2 ұпай жоғалтты ма?»

Марьян Пахарь: Бірінші тайм бойынша біз 1 ұпай жинадық, екінші тайм бойынша 2 ұпай жоғалттық.

Латвия жаттықтырушысы «Астана Аренаға» қатысты да өз пікірін білдірді. Пахарь үлкен көлемді стадионымызға жақсы баға бере отырып, жаттықтырушыға арналған бөлменің жоқтығына таңғалғанын жеткізді. 

13. Латвиялық әріптесіне қарағанда Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Юрий Красножанға сұрақтар көбірек қойылды. 

Негізгі сұрақ: киім ауыстыру бөлмесіндегі ойыншылардың көңілі қалай?

Юрий Красножан: шынымды айтсам, футболшылардың көңіл күйі жоқ. Бірақ менің айтарым, осыдан бірнеше жыл бұрын біз тең ойынға қуанамыз, ал қазір көңіліміз толмайды, бұл - прогресс.

Қазақстан құрамасының келесі қонағы Чехия футболшылары. Ойын қазан айының 13 жұлдызында болады. 

Бөлісу: