Қазақстан дипломатиясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

3 Шілде 2022, 09:04 2393

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді отандық дипломатиялық қызметінің 30 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласында өткен салтанатты жиналыста сөз сөйледі, деп хабарлайды EL.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ министр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болып, «Жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстан дипломатиясы» атты дөңгелек үстелге және ҚР Сыртқы саясат және дипломатия орталығының ашылуына қатысты.

М. Тілеуберді Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің ардагерлерімен және қызметкерлерімен өткен салтанатты кездесудің басында оларға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді.

Өз сөзінде Министр ардагерлердің қазақ дипломатия мектебінің қалыптасуына қосқан үлесін жоғары бағалады, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің алғашқы ғимараты орналасқан Алматыда Қазақстан сыртқы саясатының басты қағидаттары мен іргетасы «таза парақтан» қаланғанын атап өтті.

Сіздер шетелдік кәсіби шеберлікпен дипломатиялық корпуспен байланыс орнаттыңыз. Қосқан үлестеріңіздің арқасында бүгін қазақ дипломаттары кез келген халықаралық алаңдарда мемлекетіміздің мүдделерін сенімді қорғап, одан әрі ілгерілете алатын деңгейге жеттік, – деді М. Тілеуберді.

Министр ардагерлер мен қызметкерлерге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеп, кәсіби мерекеге орай мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыс етті.

Бұған дейін Министр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстан дипломатиясы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде сөз сөйледі. Оған ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, бұрынғы қазақстандық елшілер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, танымал ғалымдар мен университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты. Спикерлер отандық дипломатияның 30 жылдағы жетістіктерін талқылап, еліміздің сыртқы саясатының одан әрі даму перспективалары туралы пікір алмасты.

Тәуелсіз дипломатиялық қызметінің отыз жыл ішінде біз өңірлік және жаһандық процестерге белсенді қатысатын тұрақты және беделді мемлекетке айналдық. Дипломатиямыз егемендік алған күннен бастап мемлекеттік шекараның бүкіл периметрі бойынша халықаралық-құқықтық танылуын және барлық көршілерімізбен және әлемнің басқа мемлекеттерімен бейбіт және тең құқықты байланыстар орнатуды қамтамасыз етті, ­- деп атап өтті Министр өз сөзінде.

Оның айтуынша, Қазақстан Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестердің қозғалтқыш күшіне айналды және бірқатар ірі халықаралық ұйымдарға табысты төрағалық етті. Осы тұрғыда еліміздің сыртқы саяси ведомствосы үшін кәсіби дипломатиялық кадрларды даярлауға ҚазҰУ-дың елеулі үлесі атап өтілді.

Дөңгелек үстелде ҚазҰУ ректоры Ж. Түймебаев, ҚР дипломатиялық қызметінің ардагерлері Тілеухан Қабдрахманов пен Әділ Ахметов баяндама жасады. Сонымен қатар, Министр мен Ректор ҚазҰУ жанында ҚР Сыртқы саясат және дипломатия орталығын салтанатты түрде ашты.

Университетті аралау барысында сыртқы саяси ведомствоның басшысы жоғары оқу орнының қызметімен танысты, әл-Фараби кітапханасы мен мұражайын аралады.

EL.KZ
Бөлісу: