Қазақстан бокстан Азия чемпионатында бесінші рет командалық есепте көш бастады

7 Қыркүйек 2015, 10:55

Қазақстан командасы 5 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль иеленіп,, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді

Бангкокте бокстан Азия XXVIIІ чемпионаты аяқталды. Бахрейн, Бутан, Индонезия, Лаос, Ливан, Непал, Пәкістан, Солт.Корея, Катар, Шри-Ланка, Түркіменстан, Тайпей, Вьетнам елдері Азия чемпионатынан медальсіз қайтты.

 

1994 жылы Тегеранда, 1995 жылы Ташкентте, 2004 жылы Филиппинде, 2013 жылы Амманда, 2015 жылы Бангкокта жалпыкомандалық есепте бірінші болдық. 

Қазақстан командасы 5 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль иеленіп,, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді: Олжас Сәттібаев, Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит, Иван Дычко – алтын, Зәкір Сафиуллин – күміс, Қайрат Ералиев – қола жүлде олжалады.

Енді құрама 5 қазанда Дохада өтетін Әлем чемпионатына дайындыққа кіріседі, онда Олипиадалық лицензия ойнатылады. Сондықтан,

Финалға шыққан Қазақстан құрамасының 6 боксшысы арасында тек 60 келідегі Закир Сафиуллин ғана жеңіліп қалды. Моңғол боксшысы жартылай финалда өзбек боксшысын ұтып, финалда Зәкірден айласын асырды. Моңғолияға жалғыз алтынды Сафиуллинді жеңіп әперді.

52 келіде Олжас Сәттібаев топ жарды. Олжас соңғы рет 2009 жылы Азия чемпионатының қола жүлдесін ұтып, ұлттық құрамадағы орнын жоғалтып алған болатын. Араға алты жыл салып қайта олжа салып отыр.

69 келіде ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов топ жарды. Ол Азияның екі дүркін чемпионы атанып, жеке қолына тек Олимпиада алтыны ғана жетпей тұр.

81 келіде  Әділбек Ниязымбетов пен өзбек боксшысы Елшот Расулов жұдырықтасуы керек болатын. Алайда, өзбек боксшысы жарақатына байланысты кездесуден бас тартып, Әділбек Ниязымбетов спорттық ғұмырында тұңғыш рет Азия чемпионы атанды. 2013 жылы Амман қаласында өткен Азия чемпионатында финалда ұтылып, күміс жүлдемен оралған еді. Сондай-ақ, Әділбек Азия ойындарының жеңімпазы.

91 келіде Василий Левит аса тартысты өткен кездесуде  өзбекстандық Рустам Тулагановты жеңіп, чемпион атанды. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын дәл осы салмақта Пинчук Азияның үздігі атанған болатын. Енді Василий Левит тұғырдан көрініп отыр.

Аса ауыр салмақта Иван Дычко қытайлық боксшыны жеңіп, қатарынан екі дүркін Азия чемпионы атанды. Дәл қазір ұлттық құрама сапында Азия чемпионатын екі рет жеңген бокшылар Иван Дычко мен Данияр Елеусінов.

Осылайша, Қазақстан құрамасы жалпы есепте Өзбекстанды артқа тастап, бірінші орын иеленді. Осыдан екі жыл бұрын Азия біріншілігінің бас бәйгесін жеңіп алған Теміртас Жүсіпов (49 келі) пен Жәнібек Әлімханұлы (75 келі) жүлдесіз қайтты. 64 келі салмақтағы Самат Бәшенов те жолортада қалды. Үш боксшымыз да Өзбекстанның былғары қолғап шеберлеріне ұтылды. Бірақ, финалда жолыққан қазақ боксшылары үш өзбек боксшысын жеңді. Оған дейін Иван Дычко да өзбек боксшысын жарыстан шығарған болатын. Демек, Азия чемпионатында Қазақстан-Өзбекстан арасындағы есеп 4-3. 


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу: