Қазақстан 2015 жылы мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтеді

17 Қараша 2014, 07:33

Қазақстан 2015 жылы мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтеді

Мемлекет басшысы Астана қаласы активімен кездесу барысында біздің халқымыз келесі жылы қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтетіндігін жариялады. Осы елеулі оқиғаға El.kz арнайы «Қазақ Елі» айдарын ашты. 

Президент өз сөзінде Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрғандығын, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алатындығын атап өтті.

– Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, президент дамуды қажет ететін жаңа бағыттарын көрсетті.

– Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы бүгінде азаматтарымызды тамсандыратын және дүние жүзінен келетін қонақтарды таңдандыратын үлкен жетістіктерге жетті. Қазақстанды барлық өзге мемлекеттер құрметтейтін болды, бұл әсіресе менің Брюссель мен Миланға сапарларымда айрықша сезілді. Біздің ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жобасы бойынша, сондай-ақ Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі аясында ЕО-мен екіжақты келіссөздерді аяқтау туралы құжатқа қол қою дерегі бүкіл Еуропалық одақ тарапынан біздің елімізге деген зор сенімді білдіреді, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды инфрақұрылымдық даму бағдарламасы жарияланатынын мәлімдеді.

– Бізге елордасынан елдің барлық өңіріне қарай сапалы автомобиль жолдарын көптеп салу қажет. Құрылыс жұмыс орындары мен кәсіпорындар тапсырысын қамтамасыз етеді, ел экономикасының көлемін кемітпеуге мүмкіндік береді. Үкімет осы мәселемен айналысып жатыр, оны жүзеге асыруға Астана да атсалысуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы әлеуметтік тұрақтылық пен барлық азаматтардың теңдігі еліміздің мызғымас ұстанымдары болып қала беретініне тоқталып өтті.  

– Кейбір қайраткерлер бәрінің атын ауыстыруға, көшелер мен мекемелердің атауын бір тілде жазуға бейім. Мұны тоқтатқан жөн. Тағы да қайталағым келеді: патриоттығыңды оның қажет емес кездерінде көрсетуге ұмтылудың керегі жоқ. Конституцияда тілдер мен этностарға қатысты барлық нормалар нақты көрсетілген. Бұл – біздің артықшылығымыз, біздің көпұлтты тұрақты мемлекет ретіндегі брендіміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ешкім ешқандай жағдайда кемсітушілік сезінбеуі тиіс екендігін айтты.

 – Егер бір адам жәбір көрсе, онда бүкіл Қазақстан жапа шегеді. Бір философтан «бақытты адам кім?» деп сұрағанда, ол: «Бақытты адамдардың арасында өмір сүретін адам бақытты» деп жауап беріпті. Егер айналамыздағылардың бәрі бақытты болса, біз де бақытты боламыз. Егер бір немесе бір топ адамдар бақытсыз болса, онда осы бақытсыздық басқаларға да тарайды.ү Баршаның есінде болуын қалаймын: тұрақтылығымыз бен бір-бірімізге деген құрметті сақтау – біздің дамуымыздың негізгі қағидаты, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздігі тұрақты ұғым болып саналатынына, ал оны сақтау әрбір азаматтың қасиетті борышы екендігіне назар аударды.

– Кезінде америкалық үндістердің көпшілігі түрлі басқыншылар  арқылы өз жерлерінен қуылды немесе жойылды. Тегі үндіс бір кинорежиссерге «байлық  бақыт болып санала ма?» деп сұрақ қойылады. Бұған ол: «Өзімде және өзгелерде бар бар бүкіл байлықты мен халқымның бір күндік тәуелсіздігіне берер едім» деп жауап қатыпты. Сондықтан біздің баршамызға тәуелсіздігімізді бағалаған жөн, – деді Қазақстан Президенті.

akorda.kz материалдары бойынша дайындалған

Бөлісу: