Қазақстан өз тауарын Иран арқылы транзиттеуге келісті

20 Маусым 2022, 12:33 1054

Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға ресми сапарында екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, – деп хабарлайды El.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары туралы айта келе, биыл бірінші тоқсанда екіжақты тауар айналымы қарқынды дами түскеніне, елдеріміз арасындағы өзара сауда-саттық көрсеткішін арттыру маңызды екеніне тоқталды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы көлік және логистика саласының, атап айтқанда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолының үлкен әлеуеті бар екеніне назар аударды. Сондай-ақ Президент Каспийдегі  теңіз айлақтарының транзиттік-экспорттық мүмкіндігін толық пайдалану керек екенін атап өтті. Ақтау және Құрық, Амирабад және Анзали айлақтарының әлеуеті зор.

Ауыл шаруашылығы – екі ел арасындағы экономикалық ықпалдастықтың негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның бірқатар компаниясы ірі қара мал өсіру, ет өңдеу, сүт өнімдерін шығару және күріш өсіру бағыты бойынша Қазақстанда жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қазақстан тарапының Иранға тасымалданатын отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

Қазақ-иран қатынастарын нығайтуда мәдениет саласындағы ықпалдастық ерекше рөл атқарады. Осы ретте Ирандағы қазақ диаспорасы екі ел арасын байланыстырушы алтын көпір болады. Қасым-Жомарт Тоқаев тарихты зерттеу және тарихи деректер алмасу бағытындағы ынтымақтастықты нығайту перспективасына да тоқталды.

Өз кезегінде Ибрахим Раиси Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақстандық делегацияға ілтипат білдіре отырып, Мемлекет басшысының бұл ресми сапары екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша қазақ-иран қатынастарын дамытуда жаңа бетбұрыс болатынын жеткізді.

Бөлісу: