Қазақстан Қытайға тұрақты рейстерді жаңартады

28 Маусым 2022, 09:15 943

Алматы – Чэнду бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейсі жаңартылады

Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы елшілігімен бірлесіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы тұрақты жолаушылар әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесін пысықтады, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Осылайша қазақстандық «Air Astana» әуе компаниясы 1 шілдеден бастап жұма күндері аптасына 1 рейс жиілігімен Алматы – Чэнду бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейсін жаңартады.

Сондай-ақ, 7 шілдеден бастап жұма күндері қосымша рейс қосылады. Рейстер Boeing-767 және А321 NEO типті әуе кемелерінде орындалады.

Өз кезегінде, ҚХР тарапынан «China Southern Airlines» қытайлық әуе компаниясы 1 шілдеден бастап жұма күндері аптасына 1 рейс жиілігімен Алматы – Үрімші бағыты бойынша тұрақты жолаушылар әуе рейстерін жаңартуды жоспарлап отыр.

Рейстер Boeing-737 және Boeing-787 әуе кемелерінде орындалады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру екі достас ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ ҚХР азаматтары үшін енгізуге жоспарланған 14 күндік визасыз режимді толық пайдалануға ықпал етеді.

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниялардың сайтында жарияланған кестемен орындау жоспарланғанын атап өткен жөн. Билеттер әуе компаниялардың ресми сайтында сатылып жатыр.

Бөлісу: