ҚАЗАҚСТАН – БУРКИНА-ФАСО: тәжірибе бәрінен маңызды

13 Мамыр 2015, 11:12

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы африкалық Буркина-Фасо командасымен жолдастық матч өткізіп, есеп тең нәтижемен аяқталды.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы африкалық Буркина-Фасо командасымен жолдастық матч өткізіп, есеп тең нәтижемен аяқталды. 

Қазақстан Футбол федерациясына жаңа басшы келгелі үлкен өзгерістер байқалып жатыр. ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов еліміздің түкпір-түкпірін аралап, жасөспірімдер футболы мен футбол инфрақұрылымына назар аудара бастады. Біле білсеңіз, футболдағы ең бірінші мәселе де осы.

Футбол инфрақұрылымын қолға алмай Федерацияның ісі бітпейді. Биыл шетелдік мамандарды шақырып, Премьер-лига клубтарының барлық алаңдары толықтай тексерістен өтпек. 2017 жылдан бастап барлық алаң сертификаттаудан өтеді. Нашар алаңда футбол матчтары өткізілмейді. Елімізде УЕФА-ның барлық талаптарына сай жалғыз стадион бар.

ҚФФ президентінің тағы бір қолға алған мәселесі – ұлттық құраманың жолдастық кездесулерін Африка командаларымен өткізу. Африка ойыншылары қазақ футболына таңсық емес. «Қайраттың» сапында 11 ойында 10 гол соққан Кот-д'Ивуар шабуылшысы Жерар Гоу жүр, өткен жылы тұңғыш рет ел чемпионы болған «Астана» командасының қатарында ганалық Патрик Твумаси мен ОАР ойыншысы Фокси Кетевоама бар. «Ақтөбенің» сапында нигериялық тас қамал қорғаушы Айоделе Аделейе бар. Осы ойыншыларды осал деп айтып көріңізші! Физикасы мен техникасы қатар қабысқан, премьер-лиганың көркін қыздырып, деңгейін асырып тұрған африкалық әмбебап ойыншылар. Ал, осы аты аталған ойыншылар өз елінің ұлттық құрамасында ойнайды деп тағы айта алмайсыз. Өйткені, бәсеке жоғары, негізгі құрамды Англия, Франция, Испания чемпионаттарында ойнайтын кіл үздіктер иемденген. Буркина-Фасо құрамасы туралы да дәл солай айтуға болады. Негізгі құрамындағы ойыншылар Франция чемпионатында доп теуіп жүр. Қазір маусым соңы болғандықтан, ұпай үшін таластың қызған шағы. Сол себепті Қазақстан мен Буркино-Фасо арасындағы жолдастық кездесуге ішкі біріншілігінде ойнайтын ойыншылары келді. Егер, бұл матчтың өту мерзімі кейінге қалдырылғанда сіз күткен Джонатан Питройпа, Бертран Траоре сынды жұлдыздар келуі әбден тиіс еді.

Біз Азияның командаларымен талай кездестік, Еуропа командаларымен де жыл сайын доп теуіп жүрміз. Ал, Африка – жаңа тәжірибе, өзгеше қойылым. 2009 жылы әйгілі бапкер Гус Хиддинк «Челси» командасын жаттықтырған шағында «Африкалық ойыншылардың техникалық әлеуетін арттырып, дұрыс тактикаға бейімдесе, олардан берік команда жасауға болады» деп тамсанған еді. Кешегі Буркино-Фасо құрамасының негізін 23 жастағы ойыншылар құрады. Физикасы мығым, жылдамдықтары да жоғары. Қысқасы, Қазақстан ұлттық құрамасы қарсыластармен күш таластырды, жаңа тәжірибе жинады.

2015 жылғы футбол маусымы өзгеше реңкпен басталды, Федерация футболды кешенді дамытуды қолға алғанын сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде байқауға болады. ФИФА рейтингісінде бізден әлдеқайда жоғары тұрған командалармен жолдастық кездесулер өтіп жатыр. Ресеймен тең түстік (бұл нәтиже жеңіспен пара-пар болды), Буркина-Фасомен де тең ойнадық (бұл нәтижені көпшілік жанкүйерлер жеңіліспен тең көріп отыр). Ендігі кезек, ФИФА рейтингісінде 37 орында тұрған Кабо-Верде құрамасымен өтетін жолдастық матч. Қазақ футболына жеңістен бұрын тәжірибе керек десек, сол жоспарды табандап өткеріп жатырмыз.

16 маусымда Кабо-Вердемен өтетін жолдастық матч та Алматы қаласында өтеді. ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов болашақта ұлттық құрама ойындарының бірін Ақтөбеде өткізу туралы да бастаманы көтерді. Футболды кешенді түрде дамыту осы болса керек...


Ең бастысы, құрама өзінің олқы тұстарын көріп-білді

– Негізі, өз басым құраманың қай кезде, қандай құрамамен болса да жолдастық кездесу өткізгенін жақтаймын. Буркина-Фасо құрамасының халықаралық күнтізбеде "тесік" жоқ кезде Алматыға келуге келіскенін қуана қабылдаған жанкүйердің бірімін. Әрине, Шарль Каборе, Джонатан Питройпа, Бертран Траоре сияқты жұлдыздары да тақиямызға тар келмес еді, дегенмен олардың ізбасарлары да жаман өнер көрсеткен жоқ. Африкалықтардың дене күші артық екені және техникалық дайындығы мықты екені көзге ұрып тұрды. Тактикалық өзгерістерді де матч барысында еркін жасап тұрды. 9-нөмірмен өнер көрсеткен Омар Каборе мен Бану Дивараның (20) жиі-жиі орын алмастыруы біздің қорғаушыларды қатты састырды. Красножанның әуелі 3 орталық қорғаушымен ойынды бастап, матч барысында 4 қорғаушыны артта қалдыруға мәжбүр болғаны да – қонақтардың қарқынынан. Буркина-Фасо құрамасы біздің жігіттерге жұмбақ болған-ды, өкінішімізге қарай, отандастарымыз сол жұмбақты шеше алмаған күйі 1,5 сағатты тәмамдады. Марк Гурман мен Самат Сымақов орталық алаңда жүргенде, Георгий Жуковтың шабуылға қайта-қайта араласып, артқа қайтпай қалуы командамызға едәуір қиындық тудырды. Сондай-ақ, бірінші таймда Ұлан Қонысбаев та оң қапталды үнемі ашық қалдырып, Абзал Бейсебековты үнемі өрт құшағында қалдырумен болды. Дивараның бір емес, бірнеше рет еркін өтіп, айып алаңына пас тастауы да осындай олқылықтан болып жатты. Өкінішке қарай, Таңат Нөсербаев алаңнан кеткесін, оның орнына шыққан Щеткин де, кейін араласқан Хижниченко да шабуылды күшейте алған жоқ. Құраманың бас ауруы шабуыл екенін соңғы 3 матч барынша дәлелдеді. Сондықтан алдағы уақытта Тоқтар Жаңғылышбай, Роман Мұртазаев, тіпті жарақатынан жаңа жазылған Қуаныш Бегалин сияқты футболшыларды да сынап көрген дұрыс шығар. Ең бастысы, құрама өзінің олқы тұстарын көріп-білді дей аламыз. Қорытынды шығару – бас бапкерге байланысты.



Уақыт керек, шыдам керек, сенім керек!

Буркина-Фасо түгелдей легионерлерден құралған негізгі құрамын емес, ішкі чемпионат ойыншыларынан жинақталған қосалқы құрамын әкелді. Мұндай әлі ойындары, түсіністіктері қалыптаспаған қарсыласты өз алаңымызда оңай жеңуіміз қажет еді. Жолдастық ойындарда жалпы тактикалық эксперименттер, жаңа ойыншылар сыналады. Бірақ біздің құрамаға жолдастық кездесулердегі жеңіс ауадай қажет еді. Психологиялық тұрғыдан өте қажет нәрсе. Футболшылардың өздеріне сенімділігін оятар еді, жанкүйерлерге де үміт пен сенім сыйлар еді. Кешегі ойынды жеңіліске теңер едім. Шабуыл шебіміз өте нашар екенін тағы да көрдік. Ортада Исламханнан басқа ойын құра алатын, ойынды өз қолына ала алатын ешкім жоқ. Африкалықтар пәлендей ойын көрсеткен жоқ, бірақ техникаларының арқасында орта алаңда доп ұстай алды. Біздің ойыншылар сол жылдамдыққа ере алмады, қорғаныстан доп өткізе алмады. Жалғыз қуаныш – қазақстандық қақпашы Покатиловтың бұл матчта да гол жібермеуі. Ұлттық құраманың негізгі қақпашысы болуға дайын деп ойлаймын. Ресми матчтарда да мүмкіндік берілуі керек. Жалпы Буркина-Фасо біздің осал тұстарымызды тағы да көрсетіп берді. Жақын арада түзелетін нәрселер емес. Уақыт керек, шыдам керек, сенім керек.

Ал қарсыласымыз Буркина-Фасо жастары өздеріне берілген мүмкіндікті жақсы пайдалана алды. Жазғы трансфер кезінде кейбіреулері біздің чемпионатқа қосылса таң қалмаймын. Физика және техникалары мықты ойыншылары бар екен. Қазірден шетелдік скауттардың назарында болар деген ойдамын.


Африка командаларымен тәжірибе алмасу – ауадай қажет!

– Буркино-Фасо – Африкадағы ортаңқол құрамалардың бірі. Осыдан екі жыл бұрын Африка кубогының финалына шыққан. Футболшылары Еуропада доп теуіп жүр. ФИФА рейтингісіндегі көрсеткіші де жоғары. Сондықтан осындай құрамалармен жолдастық кездесу өткізуіміз өзімізге пайдалы. Бізге әртүрлі стильде өнер көрсететін командалармен тәжірибе алмасу ауадай қажет. Бұл жағынан Федерацияның бағыты дұрыс. Себебі, Италия, Германия, Франция, Англия дәл қазір жолдастық кездесуге келіспейтіні белгілі. Америка командаларын да шақыру қиын. Географиялық алшақтығымыз бар. Сондықтан әзірге Африка мен Шығыс Еуропа командаларынан үйренеріміз көп.

Ойынның Алматыда өткеніне қуандым. Себебі, ұлттық құраманың матчтарын тек Астанада өткізе берген дұрыс емес. Бұл мәселені жақында Федерация басшысы Ерлан Қожағапанов та қозғады. Алдағы уақытта өзге қалаларда да жалғасады. Соның бірі Тамыз айындағы Ақтөбедегі ойын. Бірақ стадионға жиналған жанкүйердің саны көңілден шықпады. «Қайратқа» жиналып көрерменді бұл жолы көре алмадық. Оған ұйымдастырушылардың да кінәсі бар деп ойлаймын. Себебі, 4 күн демалыстан кейінгі Қазақстан алғашқы жұмыс күнінде халықтың стадионға толып баруы екі талай болатын. Сондықтан осы жағын ойластыру керек. Меніңше, жұма немесе сенбі күндерге жылжыту керек.

Буркино-Фасо бұл жолы мықты ойыншыларын әкелген жоқ. Оған себеп те жоқ емес. Мысалы, құрама үздіктерінің Шарль Каборе Ресей чемпионатында өнер көрсетеді. Олардың біріншіліктерінің аяқталуында үш тур қалды. Сондықтан «Кубань» командасына ұпай қажет. Франция чемпионатындағы Бакари Коне, Стив Яго, Ален Траорелерді де командалары осындай уақытта жібере қоймайтыны белгілі ғой.

Бізді қуантқан тағы бір жаңалық Қазақстан құрамасының екінші матч қатарынан қақпасына гол жібермеуі. Мұндай сөзді естімегенімізге де біраз болған еді. Әсіресе, қақпашы Стас Покатиловтың сериясы жалғасуда. Әріқарай да осылай бола беруіне тілектеспіз.

Сондай-ақ осы матчта жаңадан тағы екі футболшының дебюті болды. «Тараз» сапында өнер көрсетіп жүрген Санат Жұмақанов пен Тимур Досмағамбетов ұлттық құрама жейдесін алғаш киді.

Жалпы, құраманың деңгейі өсіп келеді. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ әлі де көшбасшы футболшы жоқ. Гол соғатын шабуылшы қажет. Кешегі Олег Литвиненко, Виктор Зубарев, тіпті Мұрат Тілешев пен Әлібек Бөлешевтің деңгейіндегі де шабуылшы болмай тұрғаны қынжылтады. Алдағы уақытта осы мәселелер бойынша жұмыс істеуіміз керек.


Әзірлеген – Жандос БАЙДІЛДА.

Бөлісу: