Қазақстан Тұңғыш Президентінің есімін астанаға беру шешімі – көрегендіктің белгісі

26 Наурыз 2019, 06:38 3248

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері елорданы Нұр-Сұлтан деп атау туралы шешімге қолдау білдірді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары — ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өткен ҚХА активінің жиналысында қатысушылар бүгінде әлемдік аренада лайықты орын алатын мемлекет құрудағы көпжылдық еңбегі үшін Елбасына шынайы алғысын білдірді.

Әміржан Әлпейісов, Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық келісім кеңесі төрағасы: «Тарихқа, қоғамға жеке пікірімізді білдіргенде, тарихи тұлғаға үлкен мән береміз. Ата-бабамыздың «мың өліп, мың тірілген» тарихындағы тәуелсіздік үшін күресін көп айтамыз. 

Тәуелсіз еліміздің тұғырын көтерген тарихи тұлға – Нұрсұлтан Әбішұлы. Жиырма сегіз жылдың ішінде еліміздің жеткен жетістігі экономикада, саясатта, халықаралық қатынастарда біздің елдігімізді, біздің барлығымызды білдіреді. 

Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болсын деп сонау жылдары жазушы Ақселеу Сейдімбеков ұсыныс жасаған болатын. Одан бері қаншама жыл өтті. Міне, тарихи сәт туып отыр.

Нұр-Сұлтан қаласы тек Елорданың дамуына ғана емес, Қазақстанның әлем бойынша дамуына үлес қосуының кепілі сияқты. Бұл – жаңа асу, жаңа белгі, болашаққа деген көзқарас пен бағытымыз. Бұл шешім біздің болашағымыз үшін қажет. Кез келген дүниенің тұғыры мен негізі болады. Соған қарай үй салынады, бағыты анықталады.

Астанамыздың Нұр-Сұлтан деп аталуы тарихымызға көз жүгірттіреді. Басқамен салыстыруға келмейтін Қазақстан – Ұлы дала. Әлем бойынша жер көлемі жағынан тоғызыншы орында. Бұл – біздің ерекшелігіміз, ұлттық қасиетіміз, ұлттық болмысымыз. Осының барлығы астанамызда көрініс тауып отыр. Біздің елдігімізді, ел іші ұлт екенімізді байқатады».

Исламбек Сәлжанов, ҚХА Төрағасының орынбасары: «Тарихи кезеңде үлкен өзгерістің куәгері болып отырмыз. Осы сәтте бір халық болып бірліктің туын ұстап әрі қарай Елбасының сара жолымен елімізді дамытуға атсалысамыз. Астана – біздің мақтанышымыз, онда бәріміздің басымыз бірігіп, татулық пен келісімде өмір сүріп отырмыз. Сондықтан астананы Нұр-Сұлтан деп атау шешімі – көрегендіктің белгісі. Баршамыз, Ассамблея мүшелері толықтай қолдаймыз.

Жас астанамыздың жаңа тарихы бастау алуда, ол әрмен қарай дамитынына сенім білдіремін. Бұл ұтымды шешім болды».

Аскер Пириев, Нұр-Сұлтан қаласының «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» төрағасы: «Біздің тәуелсіз Қазақстан жас мемлекет болса да, осы уақыт ішінде сыртқы, ішкі саясатта үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Халқы бейбітшілікте өмір сүріп отырған тұрақты мемлекет ретінде танылып отыр. Ең бастысы – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Оның әлем бойынша қайталанатын нұсқасы жоқ. Қазіргі уақытта Елбасының сындарлы саясатын әлем танып, тамсанып отырған жайы бар. Оған бәріміз куәміз.   

Астананың атауы өзгергенін барлығымыз жақсылыққа балап отырмыз. Тіпті осы кезеңде оның маңызы зор. Жиырма жыл бойы Елордамыз әлемге танылып, брендке айналды. Біздің дамыған астанамыз Еуразияның жүрегі іспеттес. Сол себепті мен бұл өзгерісті заңды деп ойлаймын. Енді біздің жауапкершілігіміз артып отыр.

Елбасының есімі астанамыздың атауымен қашанда қатар айтылып келді. Шетелде Нұрсұлтан Назарбаев пен Астананы бірінші айтады. Енді міне, атауы жаңартылған қаламызда өмір сүретін боламыз».

Анатолий Башмаков, ҚХА Республикалық кафедралары қауымдастығының төрағасы, э.ғ.д., профессор: «Елордамыздың сәулет келбетін қалыптастыруға көп үлес қосқан біздің Тұңғыш Президентіміз – тарихи әділеттіліктің қисынды көрінісі. Астананың сәулеті – бұл тек тастағы музыка мен поэзия ғана емес. Бұған дейін атап өткендей, елордамыздың өзі 1995 жылы Тұңғыш Президент құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымының көрінісі. Қалада мемлекетіміздің полиэтникалық тең сәулеттік мәдениетінің алуан түрлілігі бар. Біз елордамызды ҚХА-ның жарқын көрінісі болуы үшін әлемде бірегей ету үшін қолымыздан келгенін жасадық».

Тауфик Каримов, «Татар және башкир конгресі» РҚБ төрағасы: «Біздің жас тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы мен жетістігінің барлық тарихы көрнекті мемлекет қайраткері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланысты. Біздің барлық жетістіктеріміздің негізі, өзегі бүкіл әлемде танылған қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі болып табылады. Бүгінгі күні Қазақстанда тұратын 225 мыңнан астам татар мен башқұрттар басқа этностармен тең Нұрсұлтан Әбішұлының нақты қалыптасқан саясатының арқасында барлық қызмет салаларында өздерін лайықты танытуға барлық мүмкіндіктері бар.

Біз Қазақстан елордасына Тұңғыш Президенттің есімін беру туралы шешімді тұрақтылық пен мемлекетіміздің үдемелі дамуының кепілі ретінде қолдаймыз. Қазақстан Республикасының гүлденуін сақтау және көбейту үшін барлық күш-жігерімізді, білім мен тәжірибемізді жұмсаймыз. Сонымен қатар, Қазақстан халқының достығын, бірлігін және елдігін сақтап, өзара сеніміміз бен құрметімізді арттырамыз».

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Оқи отырыңыз:

ҚХА: АСТАНАМЫЗ НҰР-СҰЛТАН БІРЛІКТІҢ, ТАТУЛЫҚ ПЕН ӨРКЕНДЕУДІҢ СИМВОЛЫНА АЙНАЛУЫ ҮШІН ҚОЛЫМЫЗДАН КЕЛГЕННІҢ БӘРІН ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: АСТАНАҒА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЕСІМІ БЕРІЛУІ – ЕЛБАСЫНЫҢ ОРАСАН ЗОР ЕҢБЕГІН МОЙЫНДАУ

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БОЛДЫ

Бөлісу: