Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен кеңес өтті

3 Сәуір 2019, 07:48 2449

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен кеңес өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысы М.Қасымбеков, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Көмекшісі – Қазақстан Республикасының Президенті Іс Басқарушысының Бірінші орынбасары А.Бисембаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің, сондай-ақ Тұңғыш Президент Қоры мен кітапханасының құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері қатысты.

Жиын барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің қызметіне байланысты ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелердің аяқталғаны жөнінде баяндалды, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесіне кадрларды іріктеу жұмыстарының нәтижелері туралы ақпарат ұсынылды.

Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент Кеңсесінің алдына қойылған міндеттердің уақтылы және тиімді орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

– Мен Тұңғыш Президент – Елбасының тиісті конституциялық заңмен реттелетін міндеттерін атқаруға кірістім. Сонымен қатар, мен Қауіпсіздік Кеңесінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасымын, «Nur Otan» партиясына басшылық етуді жалғастыра беремін. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Осы қызметті қамтамасыз ету үшін Тұңғыш Президенттің Кеңсесі құрылды. Ұйымдастыру мәселелерінің барлығы шешілді. Енді бәріміз жүктелген міндеттерді орындауға кірісуіміз керек, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті одан әрі дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерді сапалы шешу мақсатымен ведомствоаралық өзара тиімді ықпалдастық орнатудың қажеттілігін айтты.

– Бүгінде Президент те, Үкімет те мен бекіткен бағдарламалық құжаттарда, Жолдауда қамтылған, сондай-ақ партия съезінде айтылған міндеттерді орындау бағытында жұмыс істеуде. Бәріміз Қазақстанның игілігі үшін, еліміздің тұрақтылығын, бірлігі мен дамуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуге тиіспіз. Бұл – бәрімізге ортақ міндет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті қоғамдық маңызы бар бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығына баса мән берді. Бұл ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент қорының талантты жастарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған жобаларын іске асырудың өзектілігін атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі

Оқи отырыңыз:

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ СЫНЫПТАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІНЕ БАРДЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бөлісу: